


Тұран университетінің Халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебі жанындағы Аймақтық зерттеулер орталығы мен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Сақ меридианы: тарих, ғылым және жаңа көзқарас» тақырыбында халықаралық дөңгеле үстел өтті.
Алматыдағы «Тұран» университетінде өткен жиынға қазақстандық тарихшы, археолог, музейтану мамандарымен қатар Әзербайжан, Өзбекстан ғалымдары қатысты. Мамандар тәжірибе алмасып, Сақ дәуіріне қатысты зерттеу мәселелерін талқылады.
Ғылыми басқосуды ұйымдастыру алқасының төрағасы, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, «Тұран» университетінің ректоры, Алшанов Рахман Алшанұлы ашып, ежелгі тарихи деректерді терең талдап, бүгінгі заман көзқарасымен зерттеу қажет екенін айтты.
Өз сөзінде «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мұхтарова Гүлмира Райылқызы төл тарихымызды зерттеуде нақты ғылымға сүйеніп, қазіргі заманың сын-қатерлерін ескерудің маңыздылығын атап өтті.
Гүлмира Райылқызы «Есік» музей-қорығының атқарған жұмыстарына тоқтала келе, «Біздің негізі зерттеу нысанымыз Алтын адам және Есік қорымы, сақ мәдениеті тарихы. Кезінде, Алтын адамды алғаш тапқан археолог ғалымның бірі Бекен Нұрмұханбетов «Алтын адамның Ақ ордасы болуы мүмкін» — деп – Рахат кешенін жан-жақты зерттеуді ұсынған болатын. Бүгінгі күнге дейін шетелдік мамандармен бірлесіп аталмыш кешен аумағында әр кезеңгі және әр типтегі ескерткіштерге кешенді түрде зерттеулер жалғасуда. Сонымен қатар, музей-қорығының мамандары сақ мәдениеті мен тарихын зерттеуде тек мифологиялық деректерге сүйенбей, заман талабына сай генетикалық, остеологиялық, геоморфологиялық, палинологиялық, радиокарбон сынды сараптамалық зерттеулердің нәтижелерін негізгі ала отырып тұжырым жасайды және осындай зерттеулердің нәтижесінде бастапқыда қарастырылған кезеңдердің мерзімі өзгеріп жатыр. Мысалы қазір сақ кезеңі деп қарастырылып жүрген нысандардың, үйсін кезеңіне жататындығы анықталып отыр» – деді.
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғалым хатшысы Айтқұл Хамит Амантайұлы «Сарытоғай – сақтар алқабы» тақырыбында баяндама жасап, 2024 жылы музей-қорықтың ғылыми-қолданбалы жобасы аясында зерттелген Сарытоғай қорымының материалдары бойынша қорытындыларын айтты.
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аға ғылыми қызметкері, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың I-курс докторанты Амарғазиева Әсел Жақсылықбайқызы «Кетпен тауындағы сақ кезеңінің жартас суреттері» тақырыбында баяндама жасап, соңғы жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен таныстырды және сақ-үйсін кезеңіне тиесілі бейнелердің ерекшеліктері мен көркемдік мәнеріне тоқталып өтті.
Іс-шараның мақсаты – сақ мәдениетін зерттеудегі заманауи бағыттар мен жаңа әдіснамалық көзқарастарды анықтау. Сақ мұрасының қазіргі Еуразия халықтарының этникалық болмысының қалыптасуына ықпалын зерттеу. Сонымен қатар Сақ мәдениетін жан-жақты зерттеу үшін әртүрлі сала мамандарын (археология, тіл білімі, тарих, антропология) тарту.
Сақ мәдениетінің туристік және ағартушылық маңыздылығын ескеру, жаңа ғылыми болжамдар мен археологиялық олжаларды ұсыну; оның көне картографиялық және астрономиялық идеяларға ықтимал әсерін талқылау; Сақ өркениетін және оның жетістіктерін зерттеуге назар аудару; өлкенің мәдени-тарихи мұрасын танымал ету.