VI Есік оқулары археология саласындағы халықаралық зерттеулерге арналды

VI Есік оқулары археология саласындағы халықаралық зерттеулерге арналды

2025 жылдың 23 қазан күні «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Археология саласындағы халықаралық зерттеулер: тәжірибе, нәтижелері мен басым бағыттары» атты «VI Есік оқулары» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
          ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Дакенов Ерлан Ерғазыұлы конференция қатысушыларын құттықтай келе «елімізде тарихи мұраларымызды сақтау, насихаттау және оларды таныту мақсатында көптеген маңызды істер атқарылды. Сондай елеулі істердің бірі — 2010 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ашылуы деп есептеймін. Музей-қорықтың ашылуына себеп болған 1970 жылы Қазақстан ғана емес, әлемдік археологияның елеулі жаңалығы — Алтын адам екені анық. Қазақ археологиясының әйгілі олжасының табылғанына да биыл 55 жыл болып отыр. Біз тарихи-мәдени мұрамызды, мәдени орындарымызды қашан да қолдай отырып, сол арқылы еліміздің тарихи-мәдени мұрасын, руханиятын, ғасырлардан желі тартатын тамырын жаңғыртамыз, насихаттаймыз, болашақ ұрпаққа аманаттаймыз» – деді.

          Конференция модераторы – «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Райылқызы Мухтарова құттықтау сөз сөйлеп, іс-шараның маңызына тоқталды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтіп отырған бұл ауқымды іс-шара Қытай Халық Республикасының Шәнши провинциясы, Сиань қаласындағы Шәнши археологиялық институтымен бірлесіп ұйымдастырылды.

          Конференция Алтын адамның табылғанына 55 жыл, «Есік» музей-қорығының құрылғанына 15 жыл және археолог-ғалым Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың 90 жылдығына арналуда.

          «Есік» музей-қорығы алғаш ашылған сәттен бастап тек музей ғана емес, ғылыми-зерттеу мекемесі ретінде де дамуды алдына мақсат етіп қойған болатын. Сол мақсат аясында көптеген шетелдік әріптестермен байланыс орнатып, тығыз жұмыс істеп келеді.

          2017 жылдан бастап ҚХР Шәнши провинциясы Сиань археологиялық институтымен қоян-қолтық әріптестік байланыс орнатқан. Сол байланыс аясында Сиань археологиялық институты ғана емес, Сиань тарихы музейімен де байланыс орнатып, Қазақстанда алғаш болып Солтүстік-Батыс университетінің «Жібек жолы археологиясын зерттеу орталығының филиалын» ашып отыр. 2020 жылдан бастап «Есік оқулары» атты тұрақты Халықаралық конференция ұйымдастырыла бастады қолға алдық. Ал бүгінгі 6-шы рет ұйымдастырылып отырған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ерекшелігі, біріншіден, айтулы даталарға орайлас келуі, екіншіден, ҚХР-ғы әріптестерімізбен біріге отырып ұйымдастырғанымызда болып отыр», – деп атап өтті Гүлмира Райылқызы.

Конференция аясында «Рахат археологиялық кешені» атты монографияның және Қытай тілінде әзірленген «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының жолнұсқаулығының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген ортағасырлық Талғар (Талхиз) қалашығында «Талхиз қазыналары» атты көрме келушілер назарына ұсынылды.

          Басқосу барысында Қазақстанның археологиялық ескерткіштерін сақтау және тиімді пайдалану жолдары, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау әдістемелері, пәнаралық зерттеулер мен музей ісінің өзекті мәселелері. Б. Нұрмұханбетовтың ғылыми еңбек жолы талқыланды. Халықаралық конференцияға қазақстандық ғалымдармен қатар, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Ұлыбритания елдерінің мамандары қатысты. Конференция офлайн және онлайн форматтарда қазақ, қытай, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде өтті.

          Пленарлық отырыста Солтүстік-Батыс университетінің профессоры, PhD — Шау Хүй Чю (ҚХР); PhD, Кембридж университетінің Макдональд археологиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Ребекка Робертс (Ұлыбритания); PhD, Британ музейінің ғылыми зерттеулер бөлімінің металл зерттеушісі Салтанат Амир (Ұлыбритания); «Аркаим» Челябинск мемлекеттік тарихи-археологиялық музей-қорығының бас директоры Елена Викторовна Кондрашина (Ресей); «Остров Крым» ғылыми-реставрациялық зертханасының директоры Алтынбеков Қырым Қасенханұлы; PhD, Өнер академиясының корреспондент-мүшесі  Алтынбекова Элина (Қазақстан); Шәнши провинциясы археологиялық институтының қызметкері Дин Ян (ҚХР); Қырғыз Республикасының Ұлттық тарих музейінің ғылыми қызметкері, аспирант Малике Камалидиновна Пиридинова (Қырғызстан), сондай-ақ Қазақстан музей-қорықтарының ғалымдары баяндама жасады.

          Секциялық отырыстарда ҚХР Жібек жолы зерттеу орталығының, Хаджеттепе университетінің Әлеуметтік ғылымдар институтының, Гянджа мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының, Өзбекстан ұлттық университетінің, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының, «Әзірет Сұлтан», «Бозоқ», «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорықтардың және Астана халықаралық университетінің ғалымдары мен зерттеушілері баяндама жасап, өз пікірлерін ортаға салды.

Конференция қорытындысында арнайы Қарар қабылданды. Қарарда тарихи-мәдени мұраны сақтау мен қорғаудың өзектілігі, археологиялық зерттеулердің теориялық және тәжірибелік мәселелері, сондай-ақ тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, пайдалану және насихаттау бағыттарын жетілдіру қажеттілігі атап өтілді.

          Сонымен қатар, «Есік оқуларын» жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу, оның тақырыптық аясын кеңейту, конференция материалдарын жинақ түрінде жариялау және қабылданған Қарарды «Есік» музей-қорығының ресми интернет-ресурстарында орналастыру туралы ұсыныстар қолдау тапты.

issykrm

Related Posts