Талғар қалашығы

Ортағасырлық қалашық (VIII-XIV ғғ.) Алматының шығыс жағында 25 шақырым қашықтықта, қазіргі Талғар қаласының оңтүстік жағында орналасқан. Қалашық 2014 жылы Ұлы Жібек жол  бойында жатқан 33 қаладан тұратын сериялық ескерткіштер тізбегінің қатарында ЮНЕСКО-ң Бүкіләлемдік мұралар тізіміне кірді.

Ұлы Жібек жолының бір бағыты Іле алқабын кесіп өтіп Қытай, Жапония, Орта Азия, Иран мен Византияға бағыт түзейтін болған. «Ху-дуд ал-Алем» («Әлемдер шекарасы», 982 ж.) атты парсы географының географиялық жазбасында солтүстік шығыс Жетісудің елді мекендерінің қатарында Талхиз (басқа бір атауы – Талхир) қонысы да аталып өтеді. Тау етегінде орналасқан ортағасырлық Талғар (Талхиз) қалашығы қаланың экономикалық және шаруашылық, сонымен қатар қолөнер дамауының қозғаушы күші бола отырып Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды сауда нүктелерінің біріне айналды

Қазіргі уақытта көлемі 298х302 м (9 га) болып келетін, айналасы қамал қабырғалары мен мұнаралардың  үйіндісімен қоршалған қаланың орталық бөлігі ғана сақталып қалған. Дерекөздердің мәліметі бойынша 980 жылдары қалашық көлемі 28 гектар болған екен.  Қалашыққа алғашқы археологиялық қазба жұмыстарын 1921 және 1924 жылдары В. Городецский жүргізсе, 1939 жылы А.Н. Бернштам басқарған Жетісу археологиялық экспедициясы қалашыққа екі бірдей шурф салды. Одан кейін 1950 жылдары И.И. Копыловтың жетекшілігімен жүргізіле бастады. Ал, ескерткішті кең көлемдегі зерттеу жұмыстары К.Ақышевтың басқаруындағы Жетісу археологиялық экспедициясы құрамында К.М. Байпақовтың жетекшілігімен отырықшы және қалалық мәдениетті зерттеу жөніндегі арнайы топ құрылып, ол топ 1968 және 1970 жж. қалашықта қазба жұмыстарын жүргізді. Арадағы біраз өзгерістен кейін 1978 жылы қазба жұмыстары әуелі Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (ОҚКАЭ) құрамында жалғасса, кейінірек Алматы, одан кейін тағы да Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (ОҚКАЭ) құрамында Т.В. Савельева жетекшілік еткен Талғар тобы жұмыс істеді. 1978-1983 жж. қамал қабырғалары қоршап жатқан орталық бөлігі мен оңтүстік бөлігінде қазба жұмыстары жүргізіліп, 3890 м² болатын қазба алаңында 12 үй мен 65 метрге созылған негізгі көше орны аршылып, қаланың орталық алаңында батыс және солтүстік қабырғалар кесіндісі ашылды. 1986, 1990-1993 жж. жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде ұстахананың, қалашықтың орталық үйіндісінің орны қазылып, қала құрылысы мен қала қолөнершілері, сауда, ауыл шаруашылығы туралы материалдар мен мәліметтер жинақталды. 

1994 жылы біріккен қазақ-американ кешенді археологиялық тобының зерттеуі барысында фитологиялық, палеоботаникалық, палеозоологиялық материалдарға сараптама жасалды.1998 және 2000 жылдары қалашық орнына тағы да зерттеулер жүргізілді. 2018 жылдан бастап К.М. Байпақовтың жетекшілігімен «Іле алқабының орта ғасырлық қалаларының палеоэкономикасы» жобасы аясында ескерткіште қазба жұмыстары жүргізілді. Бұл жолғы археологиялық зерттеу жұмыстары қала орталығының шығыс бөлігіне жасалды. Зерттеу барысында бірнеше ғимараттан тұратын үйлер тазартылды. Олардың көбінде суфалар (демалуға арналған балшық сәкілер), астынан жылу жүйесі өтетін мұржалы пештер, көптеген қыш сынықтары табылды. Сонымен қатар, көлемі мен тұрғызу әдісін анықтау үшін шығыс қамал қабырғасына кесінді жасалды.