Есік қорымы (б.з.д. V-IV ғғ.) Алматы қаласының шығысында, 50-55 шақырым жердегі Есік өзенінің қос жағалауында, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталығы – Есік қаласына жақын орналасқан. Қорымның археологиялық ландшафты Құлжа күре жолынан (солтүстік-батыста) басталып Есік қаласының аумағына (оңтүстік-шығыс) дейін созылып жатыр.
Сақ ақсүйектерінің жерлеу орнына айналған осынау ірі қорымда, қайталанбас ланшафтты аумақта 80-н астам қорғандар бар. Ежелгі заманда бұл қорымның көлемі – 1,5 мың га. созылса, ондағы түрлі көлемдегі қорғандар саны – 600-н асқан екен.
Есік қорымы туралы ең алғашқы дерек мажар ғалымы, саяхатшы – Алмаши Дьердтің жол сапар жазбаларында кездессе, археологиялық ескерткіш ретінде орыс ғалымы А. Н. Бернштамның еңбектерінде 1936 жылы арнайы тоқталады. 1939 жылы экспедиция жұмыстары жалғасып, жоспары түсіріліп, анағұрлым көлемді қорғандардың суреті жасалды. Бернштам қорғандардың тығыздығын, яғни, қорымдағы жерлеу орындарының көптігін атап өте отырып, Есік қорымындағы қорғандар көлемінің таң қалғанын жазады. Алайда ғалым ол қорғандар түгелдей дерлік тоналғандықтан бұл жерден айта қаларлықтай «нақты нәтижелер» күтпейді. Зерттеу нәтиежелері соғыстан кейін ғана, 1948 жылы жарық көреді.
Ескерткішке археолгиялық қазба жұмыстары 1968 жылы үздік-создық түрде жүргізілді. Қорым тек 1970 жылдың сәуір айында ғана, яғни, болашақ автобаза орнындағы қорғанға қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде тоналмаған сақ ханзадасының моласынан «Алтын адам» табылған сәттен бастап дүниежүзіне белгілі болды.
1999 жылы археолог Бекен Нұрмұханбетовтың жетекшілігімен қорымның үш бірдей қорғанына қазба жұмыстары жүргізілді. Олардың біреуі қазір музейлендірілген қорған ретінде қайта жасақталып қорық-музейдің экспозициялық объектісі болуда. Келуші қонақтар мұндай «дала пирамидасының» қимасын жиі көре бермейді.
2011 жылдан бастап қорымның түрлі бөліктерінде, соның ішінде қорық-музейдің қорғау аумағында да «Есік» қорық-музейінің археологтары зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.