Таңбалар: петроглифтен ою-өрнекке дейін

Өнер – өзінен бұрынғы өнер көмегімен

өмір туындысына айналады

Андре Малро

Таңба дегеніміз кез-келген өркениеттің бастауында пайда болған дүние. Барша жазба мен бейнелеу өнері содан бастау алады, ежелгі адамдардың алғашқы коммуникациялық құралдары да таңбалар болды. Таңбалар ежелгі адам өмірінің шамшырағына айналған,  олар арқылы өсиеттер қалдырып,  құдіретті күшке арман-тілектерін жазды, әрбір таңбада қауымдық дүниетанымдық құндылықтар көрініс тапқан.  Бүгінгі таңда таңба дегеніміз біздерге ежелгі дүние құрылымы туралы мәлімет беретін құнды дереккөзі болып отыр.

Жазба мәдениетінің пайда болуы және өркениеттің дамуы да таңбалардың мәнін жоя алмады. Олар мүлде жоғалып кеткен жоқ, тек басқа түрге, мысалы ою-өрнекке ауысты. Осы ою-өрнек таңбалардың мұрагеріне айналып, қазіргі уақытқа дейін алғашқы қауымдық өнердің ескерткіштерінен көре алатын символика тілі ретінде қолданылып келеді.

Мыңдаған жылдар бойы өзгермеген таңбалар мен бейнелер — «әлем ағашы» немесе «әлемдік тау» идеясы, көптеген солярлық таңбаларындағы күн бейнесі, аспан әлеміне жақын өмір сүретін тау еркелері – арқарлар, тауешкілер мен құстар және тағы басқа да таңбалар осы күні біз халықтық ою-өрнектерден көрініс тапқан. Жетісу өңірінің ежелгі тұрғындарының көзқарастары сол дәуірден сақталып келген ескерткіштері ­- сақ қорғандарының семантикасы мен «Есік» қорық-музейінің Кетпен тау жоталарында жүргізілген археологиялық экспедициясы нәтижесінде табылған петроглифтерінен анық көрінеді.

 Көрмеде ежелгі жартас суреттері мен дәстүрлі қазақ ою-өрнегінің нақты мазмұндық паралелдері берілген. Сонымен қатар экспозициядағы  ескертулерді қолдана отырып ежелгі және қазіргі заманғы шеберлердің таңбаларда жасырынған «өсиеттерін» оқу, «Есік» қорық-музейінің археологиялық экспедициясы кезінде түсірілген шынайы жартастардың, петроглифтердің суреттері мен эстампаждары, Дәркембай Шоқпаровтың қолданбалы өнер музейінің коллекциясындағы қазақтың дәстүрлі өнерінің артефактілері ұсынылды.

Тұжырымдаманың авторы — ғылыми зерттеу жұмыстары бөлімінің меңгерушісі Лариса Плетникова.