





«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы «VI Есік оқулары» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында ортағасырлық Талғар қалажұртының бас қақпасында «Талхиз қазыналары» атты көрме ұйымдастырды. Көрмеге қалажұрттан табылған заттардың фотоларымен қатар металл, шыны, қыштан жасалған түпнұсқа бұйымдар қойылды.
Сондай-ақ, Талхиз қалажұртына шамамен 40 жыл бойы (арасында үзілістермен) археологиялық қазба жұмысын жүргізген археолог И.И. Копыловтың жеке іс-құжаттарынан да ақпараттар ұсынылды. Көрмеде қойылған заттар мен берілген ақпараттар Талхиз қалажұрты VIІІ-ХVI ғғ Ұлы Жібек жолының бойындағы халықаралық сауда-саттық жақсы дамыған, маңызды торап болғанын көрсетіп қана қоймай, ежелгі өркениеттердің өзара байланысын, сауда мен мәдени алмасудың, сонымен қатар қазақ даласындағы қалалық мәдениеттің даму деңгейін де паш етті.
Конференцияда археология, тарих және музей ісі салаларының мамандары Жетісу өңіріндегі зерттеулердің жаңа бағыттарын, цифрлық технологияларды пайдалану және мәдени мұраны сақтау мәселелерін талқылады. Іс-шараға Қазақстанның жас ғалымдары, ҚХР, Шәнши провинциясының (Сиань қаласы) археолог-ғалымдары, Ұлыбританияның Макдональд археологиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері және музей-қорық директорлары қатысты.
