


18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай, Қонаев қаласының орталық алаңында Алматы облысы әкімінің қолдауымен «Бабалар тілі – музейлер үні» фестивалі өтті.
Мәдени-танымдық іс-шараға облыстағы музейлермен қатар «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымы да қатысып, «Алтын адам – ғасыр жаңалығы» көрме-экспозициясын ұсынды.
«Есік» музей-қорығының директоры Мұхтарова Гүлмира Райылқызы: «Биылғы Халықаралық музейлер күні ерекше ауқымды көлемде атап өтілді. Шараға жиналған қауым әртүрлі музейлер ұсынған тарихи жәдігерлермен жақын танысып, музей мамандарымен пікір алмасып, төл тарихымызға қатысты мол мағлұмат алды.
Алтын адам мен сақ-үйсін дәуірінің құндылықтарына, батыр бабаларымыздың рухына және ұлы тұлғалар мұрасына, еліміздің көне тарихы мен мәдениетін насихаттауға арналған көрме фестивальға қатысушылар мен қонақтардың жоғары бағасына ие болды» – деп атап өтті.
«Есік» музей-қорығы ұсынған көрме экспозициясы хронологиялық және тақырыптық реттілікпен «Табылу тарихы», «Алтын адамның сипаттамасы», «Тарихи контекст және сақ мәдениеті», «Ұлттық мұра және символ» атты 4 негізгі бөлімге бөлінді.
Көрменің басты мақсаты – Алтын адам жәдігері арқылы көпшілікке тарихи білім беру, ұлттық мәдениетке қызығушылықты арттыру және туристік тартымдылықты күшейту.
Фестиваль аясында көрмемен қатар концерттік бағдарлама ұсынылып, бабаларымыздың жүріп өткен тарихи жолын көрсетіп, ұлт руханиятын паш еткен қойылым қойылды.