«Талғар және Қойлық қалашықтары Жібек жолының Чанъань-Тянь-Шань дәлізінің құрамдас бөлігі ретінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті

«Талғар және Қойлық қалашықтары Жібек жолының Чанъань-Тянь-Шань дәлізінің құрамдас бөлігі ретінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті

2023 жылдың 8 қыркүйек күні Алматыдағы Біріккен ұлттар ұйымының ғимаратында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған бағдарламасы аясында «Талғар және Қойлық қалашықтары Жібек жолының Чанъань-Тянь-Шань дәлізінің құрамдас бөлігі ретінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.

Семинар жұмысына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ICOMOS ескерткіштер мен тарихи орындарды сақтау жөніндегі халықаралық кеңестің Қытайдан келген мамандары қолдау көрсетті.

         Археология, музейтану мамандарының басын қосқан жиынға қазақстандық ғалымдармен қатар АҚШ, Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің ғалымдары қатысып, ғылыми баяндамалар жасады.

         Семинардың мақсаты – «Жібек жолы: Чанъань-Тянь-Шань дәлізінің маршруттар желісі» сериялық трансшекаралық бағытына енген аса маңызды тарихи мұра нысандарын сақтауға ықпал ету.

         Ғылыми басқосудың модераторы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Райылқызы Мұхтарова: «Семинарға қатысушы шетелдік ғалымдар – Талғар, Рахат кешендерін алдын ала зерттеуге тікелей қатысқан білікті мамандар. Зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша біз өте құнды мәліметтер алып отырмыз.

         Қазақстандық ғалымдар шетелдік мамандармен бірлесіп осы ескеркіштерді зерттеумен қатар қалпына келтіру, сақтау мәселелеріне қатысты ұсыныс-пікірлерді талқылауда.

         Алдымыздағы мақсат – көне Талғар қалашығын ары қарай музейлендіру, консервациялау, қалпына келтіру шараларын іске асыру. Ұлттық құндылықтарымызды, тарихи-мәдени мұрамызды сақтап, кеңінен насихаттау біздің міндетіміз.» – деп, халықаралық семинардың басты мақсатына тоқталды.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті Тарихи-мәдени басқармасының басшысы Сейдәлиева Жанат Сейдәліқызы аталған жобаның Қазақстанда ғана емес және әлемдік мәдени-тарихи құндылықтарды сақтауда ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының бас хатшысы Байсабаева Әлия Ғазизқызы ғылыми конференцияның маңыздылығына тоқталып, Талғар қалашығы мен оның аумағындағы тарихи орындар бүгінде әлем ғалымдарының назарына ілініп, қызығушылықтарын арттырып отырғанын айтты.

Семинар барысында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген ескерткіштердің қазіргі жағдайы, сақталуы, нысандар бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысы баяндалды.

Сондай-ақ, «Есік» музей-қорығында аталған жоба аясында музей ісі бойынша қалалық және облыстық музей қызметкерлеріне семинар-тренинг ұйымдастырылды. Онда музей саласының білікті мамандары музей экспозициясындағы археологиялық бұйымдарды түсіндіру, әңгімелеу, музейлік бұйымға тартымды аннотация жасау бойынша авторлық шеберлік сабақтармен қатар қонақжай музейдің әлеуметтік дизайн тұжырымдамасы туралы тәжірибелік дәрістер өткізді.

Семинар барысында ғалымдар мен сарапшылар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау жөніндегі Конвенцияны жүзеге асыру жөнінде тәжірибе бөлісіп, пікір алмасып, алдағы ортақ мақсаттарды пысықтады.

         Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау, зерттеу және сақтау мәселелерін қарастыратын арнайы Қарар қабылдады.

issykrm

Related Posts

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *