«Жартас суреттері – көне дәуір дерегі» фотокөрмесі

«Жартас суреттері – көне дәуір дерегі» фотокөрмесі

Алматы қаласындағы «Aport Mall West» сауда-ойын-сауық орталығында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы «Жартас суреттері – көне дәуір дерегі» атты фотокөрмесін көпшілік назарына ұсынды.

Көрменің басты мақсаты – жартас суреттері арқылы ежелгі заман адамдарының өмір салтын, тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімін көрсету және оларды тарихи дереккөз ретінде таныстыру. Жартастарға қашалған бейнелер адамзат өркениетінің ең көне кезеңдерінен жеткен мәдени әрі археологиялық мұра болып табылады. Олар ежелгі адамдардың дүниетанымы, когнитивтік қабілеттері мен эстетикалық көзқарасын паш етіп, жазу пайда болмай тұрған шақтағы немесе жазумен қатар қолданылған коммуникациялық құрал ретінде маңызды рөл атқарды.

Көрмеге Жетісу өңіріндегі Кетпен жотасы, Қурайлы, Қыземшек және басқа да таулы аймақтардан табылған жаңа жартас суреттерінің фотолары мен эстампаждары қойылды. Экспозиция хронологиялық ретпен ұсынылып, қола дәуірінен орта ғасырға дейінгі уақытты қамтиды. Онда аңшылық көріністері, салттық билер, тұрмыстық құралдар, жануарлар бейнелері, түрлі таңбалар мен символдар, ту ұстаған салт аттылар, түйекештер мен керуеншілердің көріністері ұсынылған.

Көрменің тартымдылығын арттыру үшін заманауи мультимедиялық шешімдер қолданылды. Әр фотосуретке QR-код жапсырмалары қойылып, келушілер смартфондары арқылы көрме ақпаратына қол жеткізе алады. Бұл жүйе қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылып, жартас суреттерінің тарихи мәнін барынша қолжетімді, әрі түсінікті етеді.

Фотокөрме 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында Алматы қаласы, Ташкент тракті, 17к мекенжайында орналасқан «Aport Mall West» сауда-ойын-сауық орталығында өтеді.

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ұжымы тарихи мұрамызды ұлықтап, мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттауға қолдау көрсеткені үшін «Aport Mall West» басшылығы мен ұжымына шынайы алғысын білдіреді!

Көрме жайлы толық ақпаратты қосымша сілтеме арқылы оқи аласыздар:

https://aqshamnews.kz/kz/article/jartas-suretteri-kone-dauir-deregi.html

issykrm

Related Posts