Қазақстандағы дүниежүзілік мұраны басқару жөнінде кеңес өтті

Қазақстандағы дүниежүзілік мұраны басқару жөнінде кеңес өтті

2023 жылғы 30 маусымда Алматы қаласында ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік Бюросы мен Қазақстан Республикасындағы Дүниежүзілік мұраны басқару жөніндегі уәкілетті және жауапты мекемелер арасында үйлестіру-консультативтік кеңес өтті.
Кеңес аясындағы сессия жұмысының ашылуында Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының мәдениет мәселелері жөніндегі маманы Айгүл Халафова, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Әлия Байсабаева, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры, Дүниежүзілік мұра жөніндегі ҚР Ұлттық комитетінің төрағасы Гүлмира Мұхтарова, жобалық ассистент, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік бюро өкілі Маджер Масанов және т. б. Сөз сөйлеп, өз ұысыныс-пікірлерімен бөлісті.
Кеңес жұмысында дүниежүзілік мұраларды басқару, олардың әлеуетін арттыру, төтенше жағдайларға дайындық және мәдени мұралардың насихатын күшейту, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның мәдениет және Дүниежүзілік мұраны сақтау саласындағы конвенциялары арасындағы өзара байланысты дамыту мәселелері талқыланды.
Үйлестіру-консультативтік кеңесте «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры, ҚР Дүниежүзілік мұра жөніндегі Ұлттық комитетінің төрағасы Гүлмира Мұхтарова іс-шараның ерекше маңыздылығын атап өтті.
– Біздің тарихи мұраларымыздың нысандары мүмкіндігінше ұқыпты қарауды, оларды сақтап, қорғау бойынша халықаралық және қазақстандық құқық шеңберінде нақты іс-шаралар әзірлеуді талап етеді.
Әлемдік тәжірибеде мәдени мұра ескерткіштері қоғам тәрбиесіне үлкен әсер ететін ұлттық мәдениеттің бөлігі ретінде қабылданады.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Түркістан қаласында өткен құрылтайдың екінші отырысында сөз сөйлеп, мәдени мұрамызды жан-жақты насихаттау мәселелерін өскелең ұрпақты тәрбиелеумен байланыстырғаны кездейсоқ емес.
Тарихи мұраны сақтау – қазіргі қоғамның басты міндеттерінің бірі. Сондықтан, бүгінгі кеңес бізге тарихи мұраларға қатысты жағымсыз факторларды жоюға, және олардың салдарынан көрі себебімен күресудің нақты жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, көптеген ежелгі ескерткіштер, соның ішінде Дүниежүзілік мұра тізіміне енген ескерткіштер адам әрекеті мен табиғи фактордың әсерінен зардап шегетіні ешкімге құпия емес.
Осыған байланысты, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның Дүниежүзілік мұраны сақтау мәселелерін шешудегі рөлін ерекше атап өткім келеді. Осы беделді ұйымдардың әс-әрекеті арқылы дүниежүзілік мұраларды кеңінен насихаттау және оларды терең зерттеу бойынша ғылыми-білім беру жобалары нәтижелі іске асырылып келеді», – деп атап өтті Гүлмира Райылқызы.
Кеңес жұмысы мәдени мұраны сақтау және басқару саласындағы сарапшылардың жаңа іс-қимылдарын үйлестіруге мүмкіндік берді.
Мұндай кездесулер Алматыдағы ЮНЕСКО-ның Кластерлік Бюросы мен Қазақстан Республикасындағы Дүниежүзілік мұраны басқару жөніндегі уәкілетті, жауапты мекемелер арасындағы жемісті өзара іс-қимылдың тиімді құралы болып, тәжірибе алмасуға жол ашатыны сөзсіз.

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

issykrm

Related Posts