2023 жылдың 21 сәуірінде «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне арналған дәстүрлі мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты шарада «Есік» музей-қорығының директоры Гүлмира Райылқызы Мұхтарова құттықтау сөз сөйлеп, бүгінгі таңда музей саласының жаңа заманға сай дамып келе жатқандығын атап өтті.
Іс-шара аясында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тарихы терең Тараз» атты көрмесінің салтанатты ашылуы болды.
Көрмеде Жамбыл облысындағы Берікқара шатқалы, Жетітөбе обалары сынды ескерткіштері туралы мәлімет беретін археологиялық қазаба жұмыстарының нәтижесінде табылған қола және ерте темір кезеңдеріне тиесілі алтын әшекейлері мен жауынгердің қоладан жасалған дулығасы, ақинак семсері, найза мен жебе ұштары, қола қазандықтар, жануарлардың қола мүсіндері қойылды.
Сонымен қатар түркі дәуіріне жататын Талас жазулары , ортағасырлық Тараз қаласының тарихын баяндайтын: түркі, қараханид, моңғол, саманид теңгелерінің айналымда болған ең құнды топтамалары, ортағасырлық тұрмыста түрлі мақсатта қолданылған қыш ыдыстар: үлкенді-кішілі шырағдандар, хош иісті әтірлерді, дәрілік заттарды, сынаптарды сақтайтын жұмыр тастар, Айша бибі кесенесінің түпнұсқа кірпіштері, майшамдар және т.б. бірегей экспонтаттары келушілер назарына ұсынылды. Экспозициямен Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің» қызметкері Жансая Үшкемпірқызы Сембекова таныстырды.
Сонымен қатар мерекелің іс-шара аясында 2022 жылы «Есік» музей-қорығымен белсенді әріптестік орнатқан БАҚ, турфирма, мәдениет саласының өкілдері мен ұстаздар және демеушілермен кездесу ұйымдастырылып, оларға музей ісіне қосқан үлесі үшін арнайы марапаттар табысталды.
Іс-шара барысында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мұхтарова Гүлмира Райылқызы мен Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ілияс Сейітжан Рысбекұлы екі мекеме арасында ғылыми, мәдени шығармашылықты нығайтуға байланысты тікелей және өзара тиімді ынтымақтастықты орнату, ұлттың мәдени және жазба мұрасын сақтау саласында ынтымақтастық орнату мақсатында меморандумға қол қойды.
Жылдағы дәстүр бойынша музей ауласын абаттандыру шарасы жалғасын тауып, биылғы жылы Көкеновтер әулетінің демеушілігімен 5 түп шырша, 20 түп раушан гүлі музей ауласына отырғызылды.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, келген қонақтарға Наурыз дастарханы жайылды.