




«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы «Еуразия далалық өркениеті: тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеу, сақтау және пайдаланудың өзекті мәселелері» тақырыбында V Есік оқулары Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.
Іс-шара қазақ археологиясы мектебінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның ежелгі және ортағасыр тарихын зерттеуші, көрнекті археолог-ғалым Кемел Ақышевтың туғанына 100 толуына орай ұйымдастырылды.
Конференцияда Қазақстанның археологиялық ескерткіштері: тарихи-мәдени мұраны сақтау және пайдалану жолдары, далалық ізденістер нәтижелері бойынша тарихи-мәдени мұра нысандарын зерттеу және қорғаудың әдістемелері, пәнаралық зерттеулер мен музей ісінің мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ конференция жұмысына отандық ғалымдармен қатар шетелдік ғалымдар қатысты. Атап айтатын болсақ, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытай Халық Республикасынан әріптестеріміз оффлайн және онлайн форматта қатысты.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция қазақ, орыс, түрік, қытай және ағылшын тілдерінде өтті.
Конференцияны «Есік» музей-қорығының директоры Гүлмира Райылқызы ашып, ары қарай ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Мәдениет комитетінің төрағасы Сейтова Күміс Қарсақбайқызының құттықтау сөзімен жалғасын тапты.
Пленарлық отырысқа «Остров Крым» ғылыми-реставрациялық лаборатория директоры Қырым Алтынбеков, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне шақырылған профессор, түркітанушы, доктор PhD, Саваш Шахин, Астана музей дирекцияларының директор орынбасары, т. ғ. д., профессор Әбсеметов Марат Оралбайұлы қатысты.
Биылғы жылғы V Есік оқулары Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына жиырмадан астам ғылыми мақалалар түсті.
Конференция аясында көрнекті ғалым К. Ақышевқа арналған мемориалды зал мен «Археология сардары» атты көрме ашылды. Көрмеде ғалымның жеке заттары қойылып, өмірбаяны мен ғылыми жолынан мәліметтер берілді.
Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігінің қаржыландыруымен жүзеге асып жатқан «Іле өзенінің сол жақ саласы, Шарын өзенінің орта ағысы, Сарытоғай аңғарындағы ерте көшпелілерінің мәдени кешені» жобасы бойынша 2024 жылы жүргізілген археологиялық жұмыстар материалдары негізінде жасақталған «Сарытоғай аңғарындағы ерте көшпелілердің мәдени кешені» атты көрме де келушілер назарына ұсынылды.