



Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетіне қарасты «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК-ы 2016 жылдан бастап ҚХР-ң Шәнши провинциясы археологиялық институтымен «Бір белдеу, бір жол» Халықаралық стратегиялық бағдарламасы аясында келісім шартқа отырып Рахат археологиялық кешеніне бірлескен археологиялық экспедицияларды жүзеге асырып келеді.
2024 жылы «Shaanxi TV News» телеарнасы жеті жылдам астам уақыт аралығындағы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстар нәтижесі бойынша 2 бөлімнен тұратын «Қазақстан-Қытай бірлескен археологиялық жұмыстар нәтижесінде 2000 жылдық сақ-үйсін патша обасындағы зерттеу жұмыстары» атты деректі фильмнің түсіріліміне кіріскен еді.
2024 жылдық 31 желтоқсан күні деректі фильмнің бірінші бөлімінің тұсау кесері өтіп, телеарнадан көрсетілді.
Деректі фильмде екі елдің ғалымдарының бірлескен археологиялық зерттеу жұмыстарының барысы тартымды көрсетілген. Көрермен Жетісу жеріндегі сақ-үйсін мәдениеті, сақ-үйсін обаларының құрылымы, Жетісудың тұмса табиғаты мен археологиялық ескерткіштері, тарихи-мәдени мұрасы мен олардың зерттеу жағдайынан хабардар бола алады.
Аталмыш деректі фильмнің жарық көруі және бүкіл Қытай еліне таралуы шығыс көршіміздің азаматтарының еліміздің тарихи-мәдени мұрасына деген қызығушылығын оятып, тарихи мұраларымызды шетелде насихаттай отырып, туристерді тартуға зор септігін тигізеді деген үміттеміз.