2023 жылдың 4 сәуір күні Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының отырысын өткізді.
Ұлттық комиссияның 30 жылдығына арналған ауқымды шарада Комиссияның тұрақты мүшелері, тиісті мемлекеттік органдардың вице-министрлері, мәдениет, білім және ғылым салаларының белгілі қайраткерлері бас қосты.
Аталған жиынға тарих ғылымдарының кандидаты, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша «Дүниежүзілік мұра» ұлттық комитетінің төрағасы, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Райылқызы Мұхтарова арнайы қатысты.
Жиында Қазақстан аумағындағы ЮНЕСКО тізіміне енген нысандарды сақтау, ғылым, мәдениет және білім салаларында халықаралық ынтымақтастықты жан-жақты дамыту бойынша Комиссия қызметінің өзекті мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар Комиссияның тақырыптық комитеттерінің, клубтарының және ЮНЕСКО-ның қауымдастырылған мектептерінің жұмыс нәтижелері баяндалып, алдағы жоспарлары қаралды.