Қорық-музей туралы

РМҚК «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі 1970 жылы әйгілі сақ ханзадасының қабірі табылған Есік қорымы аумағында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылдың 30 қаңтарындағы №43 Қаулысына сәйкес, ел президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен іске асқан «Мәдени мұра» Стратегиялық ұлттық жобасы аясында құрылды. Іле Алатауының бөктеріндегі осынау аумақта екі мы жылдан астам уақыт бұрын парсылар «сақ», ал гректер «скиф» деп атаған халық өмір сүрді. Өзінің байлығы мен мазмұндық мәні тұрғысынан таң қалдыратын сақ ханзадасының жерлеу орнының маңыздылығы оның біздің заманымызға дейін тоналмай, аман-сау жетуінде болып тұр. Ол жерден табылған олжалар Қазақстанның ежелгі көшпенділері туралы аса құнды деректер берді. Алтын адамның салтанат киімін безендірген, ежелгі тайпалар мифологиясының киелі түсінігінен хабар беретін ескерткіш артефактілері мен сюжеттері Қазастан Республикасының мемлекеттік рәміздерінен де орын алды. «Есік» қорық-музейінің негізгі тақырыбы мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының бір бағыты сақ мәдениеті мен Алтын адам болып табылады. 

2013 жылдың 9 тамызында Алматы облыстық мәслихатының №21-133 шешімі бойынша «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 422,7 га қорғау аймағы белгіленді. Бүгінгі таңда аталмыш қорғау аймағына «Есік І»  қорымдарына жататын 80-н астам қорғандар, «Рахат» және «Өрікті»   сынды ежелгі сақ қала-жұрттары кіреді. Ал  2018 жылдың 26 маусымындағы  №06-330 Қаулысы бойынша «Ұлы Жібек жолы: Чанъань-Тянь-Шан дәлізі» сериялық трансшекаралық номинациясы құрамында ЮНЕСКО-ң Бүкіләлемдік мұралар Тізіміне кіретін ортағасырлық Талғар қалашығы «Есік» қорық-музейінің басқаруына берілді.  Жер пайдалану Актісіне сәйкес ескерткіш аумағы 20,8 га. болып белгіленді. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі – еліміздің мәдени туризмін дамытуда стратегиялық маңызды обьектілердің бірі. Музейдің негізгі қызметі – тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және сақтау мақсатында ғылыми-зерттеу, мәдени-біліми және туристік қызметтерді ұйымдастыру, Қазақстанның тарихи және рухани ескерткіштерін зерттеп, сақтау, оны жалпы халыққа насихаттау. Қорық-музей қызметкерлері бірнеше ғылыми-қолданбалы және әлеуметтік-мәдени жобалдарды іске асырып келеді. Жыл сайын тақырыптық дәрістер, семинарлар, экспедициялар мен басқа да музейлік жаңалықтар өткізіліп тұрады. «Есік» қорық-музейі 2012 жылдан бастап ғылыми субъекті ретінде аккредиттеліп, 2011 жылдан бастап арнайы лицензия (№15008747) негізінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Қорық-музей  отандық және шетелдік көптеген ғылыми-мәдени ұйымдармен байланыс орнатқан.

 

Қазіргі уақытта қорық-музейдің экспозиция залдарында көп бөлігі сақ дәуірінің тарихына қатысты палеолит кезеңінен кейінгі орта ғасырға дейінгі аралықтағы 500-н астам жәдігерлер қойылған. Түпнұсқа жәдігерлерден басқа келуші қонақтар түрлі кезеңдерден жеткен қыш сынықтарын қолмен ұстап көретін, Алтын адамның тәжінің суретін жинайтын пазл, жартас суреттерінің көшірмелерін салып алып кететін және т.б.  интерактивті алаңқайлар да бар. 

 

 

«Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Сақтардың тарихы мен мәдениеті», «Алтын адам», «Қазақстан археологиясы» және «Уақытша көрмелер залы» атты 4 экспозициялық зал мен «Алтын адамды» алғаш ашушылардың бірі – археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың мемориалдық бөлмесі бар.

Қорық-музейдің тағы бір қызықты экспозициялары қатарында келуші қонақтарды музейдің кіре берісінде «қарсы алатын», түрік кезеңіне жататын түпнұсқа тас мүсіндерді, музейлендірілген қорған мен тастан жасалған шытырманды  айта кетуге болады.