Қазақстан археологиясы

«Есік» қорық-музейінің экспозициясында сақ кезеңіне қатысты жәдігерлер ғана көрсетілмейді. Мұндағы ежелгі тас дәуірінен бастап кейінгі орта ғасырға дейінгі кезеңдердерді қамтитын материалдар өзінің сан алуандығымен көз тартады. Бұл дәуірлерді республиканың түрлі аймақтарынан әртүрлі уақыттарда табылған артефакттілер паш етеді. Бұл залдағы бұйымдардың біразы археолог Б.Н. Нұрмұханбетовтың қорынан, екінші бір бөлігі тұрғындардан сатып алынды. Сонымен қатар «Есік» қорық-музейінің кешенді археологиялық зерттеулері кезінде табылған –Алмалы ауылындағы қазіргі заманғы мазар аумағынан шыққан күміс тостаған мен қола бұйым, Жаңатұрмыс ауылындағы түрік кезеңіне жатады деп болжанып отырған бейіттен табылған қысқа семсер мен белбеудің қола әшекейлері сынды бұйымдар да экспозиция қатарын толықтырып отыр. 

Табылған олжалардың географиялық алаңы қатарында Отырар, Тараз, Қойлық, Талғар (Талхиз), Көкмардан, Қостөбе қалалары, Бөріжар, Қаратұма, Қараспан қорымдарынан, Есік бейіттері сынды Қазақстанның белгілі ескерткіштері маңынан табылған бұйымдарды атауға болады.

Ұлы Жібек жолындағы қызметтер мен тауарлардың өлшемі қазіргі уақыттағыдай ол кезде де ақша болатын.  Араб тілінде алтын шақалар «динар», күмістер «дирхем», мыстары «фелс» деп аталды. Экспозициядан Талғар (Талхиз) қаласынан табылған  Қарахандықтар (XI–XII ғғ.) жататын күміс шақаларды көруге болады. Орта Азияда соғылған шақалардың бұл жерден де табылуы сол кездің өзінде-ақ сауда қатынастарының қандай кең ауқымда таралғанын көрсетеді. Дайындалған қорларға қарағанда Талғардың өзінің шақа соғатын сарайы болған сияқты. 

Экспозицияда қолөнер, сауда мен жер өңдеу орталығы болған оңтүстік Қазақстан мен Жетісу ескерткіштерінен алынған орта ғасырлық құймалы (түсті жылтырақтармен әдіптелген) ыдыстар жинағы ерекше орын алады. Түсті жылтырақтар ыдысты ғана емес, кесене ғимараттарын да әшекейлеуге пайдаланылған. Оның куәсі ретінде Батыс Қазақстаннан әкелінген қаптама кірпішті көруге болады. Бір қызығы ғалымдар осы күнге дейін орта ғасырлық жылтыр қаптамалардың құпиясын аша алмай келеді.  

Арасында ақық, яшма, тау хрусталі сынды дөңгелек, дөңестеу, жалпақ жартылай асыл тастармен түрлі үлгідегі моншақтар тәрізді түрлі уақыттарда жасалған сан түрлі әйелдер әшекейі де орын алған.  Сонымен қатар, ақ түсті әйнек тектес (паста яғни, жарық өткізбейтін, ерекше қайнату әдісімен алынатын) материалдан жасалған моншақтар да кездеседі. Олардың арасында тіпті теңіз ұлуының элементтері кезедсетін, Қазақстан аумағына теңіз жағалуы елдерінен Ұлы Жібек жолы арқылы жеткен моншақтар да бар.