«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Тянь-Шань тау бөктерінің Жетісу аймағындағы «Есік» қорғанынан 1970 жылы қазақстандық археологтар тоналмаған ханзада қабірін тапты. Есік қорымы б.з.д. VІ-ІV ғасырларға  жататын сақ патшалығының 40-тан астам обаларынан  тұрады

 Есік қорымдары аймағында ашық аспан астындағы мұражай құру жолындағы  «Алтын адамды» тапқан экспедицияның мүшесі, еліміздің  белгілі археологы Б.Нурмуханбетовтың  тапжылмас еңбегінің нәтижесінде 1999 жылы ескерткіштерді музейлендіру  және сақтауға бағытталған Есік қорымдарында маусымдық мобилді экспозиция орналасқан алғашқы дала лагері, «Алтын адам» ассоциациясы құрылды. «Мәдени мұра» ұлттық бағдарламасы аясында 2010 жылы құрылған «Есік» тарихи-мәдени қорық-мұражайының  негізгі мақсаты да – осы тарихи-мәдени мұраларын зерттеу, сақтау, насихаттау.

 Қорық-мұражайына экскурсиялық саяхат әкімшілік ғимаратындағы 135 археологиялық жәдігерлері бар фойе мен екі залға орналасқан экспозициядан басталады. Фойе қабырғасында Қазақстан территориясындағы сақ тайпаларының 155 археологиялық ескерткіштерінің тізімі жазылған электронды карта орналасқан.

 «Сақтардың тарихы мен мәдениеті» залында Шұбарат және Молалы обалары (б.д.д.V-IV ғғ.), Шілікті қорғаны (б.д.д.VII ғ.), Берел (б.д.д.V-IV ғ.), Бесшатыр (б.д.д.V-IV ғғ.) қорымдарынан табылған сақ дәуіріне тән әскери және ат әбзелдері, тұрмыстық бұйымдар мен әшекей заттардың түпнұсқалары мен көшірмелері қойылған. Екінші залда Есік қорғанынан табылған сақ тайпасының ханзадасы «Алтын адам» жайында қызықты мәліметтер, алтын адамның қабірінен табылған ыдыстар, Есік қорғанының макеті, Президент штандарты, Б.Нурмуханбетов және К.Ақышевтің өмірбаяны, Есік жазуы жайлы мәліметтер бар. Экспозиция зал тақырыптарынан толық мәліметтер беретін сенсорлық киоскілермен жабдықталған.

 Қазіргі уақытта қорық-мұражайының аумағын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Қорық-мұражай аумағындағы археологиялық тарихи ескерткіштерді зерттеу және музейлендіру мақсатында ғылыми-қолданбалы жобалар, мәдени біліми жұмыстар жүргізілуде. Рахат және Өрікті қала жұрттарына жаңа туристік жолдар салу мүмкіндіктері қарастырылуда.

 Ұлы Жібек жолы магистралінде орналасқан «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы – еліміздің мәдени туризмін дамытуда стратегиялық маңызды обьектілердің бірі.