Баспасөз хабарламалары




БАҚ-на арналған ақпараттық хабарлама
Алматы облысы, Есік қаласы
29 қарашада сағат 11.00-де «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында, ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Жетісу сақтарының идеологиясы мен мифологиясы» ғылыми-қолданбалы жобасының шеңберінде «Есік» қорық-музейінің археологиялық жұмыстарының қорытындысына арналған «Таңбалар. Петроглифтен ою-өрнекке дейін» көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Жобаның мақсаты – Жетісу аймағының ерте темір дәуіріндегі тайпаларының мифологиялық және идеологиялық көзқарастарын қайта қалпына келтіру үшін жартас суреттерін дерекөз ретінде зерттеу, талдау, олардың мәнін талдау және түсіндіру арқылы ашу, аталған аймақтағы ежелгі тұрғындардың рухани-дүнетанымдық құндылықтар жүйесінің жалпы даму заңдылықтарын анықтау.  
Көрмеде ежелгі жартас суреттері мен дәстүрлі қазақ ою-өрнектерінің мәндік паралелдері мен ежелгі жартас суреттері мен дәстүрлі қазақ ою-өрнегінің нақты мазмұндық паралелдері берілген. Сонымен қатар бабаларымыз мен қазіргі заманғы шеберлердің таңбаларда жасырынған «өсиеттерін» оқу да ұсынылады. Көрмеге қойылған бұйымдар қатарында «Есік» қорық-музейінің экспедициясы кезінде жасалған эстампаждар мен петроглиф суреттері, «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейі» МКҚК-ның дәстүрлі ұлттық қазақ өнерінің бұйымдары қойылған. 
Таңба дегеніміздің өзі кез-келген өркениеттің бастауында пайда болған дүние. Барша жазба мен бейнелеу өнері содан бастау алады, ежелгі адамдардың алғашқы коммуникациялық жабдықтары да таңбалар болды. Солар арқылы өсиеттер қалдырылды, сол адам өмірінің шамшырағы болды, ежелгі адамдар таңбаларда құдіретті күшке өз арман-тілектерін жазды, соларда қауымдық дүниетанымдық құндылық орын алды. Таңба дегеніміз бүгінгі біздің қоғамға ежелгі дүние құрылымы туралы мәлімет беретін құнды деректер.
Жазба мәдениетінің пайда болуы және өркениеттің дамуы да таңбалардың мәнін жоя алмады. Олар мүлде жоғалып кеткен жоқ, тек басқа түрге, мысалы ою-өрнекке ауысты. Осы ою-өрнек таңбалардың мұрагеріне айналып қазіргі уақытқа дейін алғашқы қауымдық өнердің ескерткіштерінен көре алатын символика тілі ретінде қолданылып келеді. Түрлі кезеңдердегі түрлі жағдайда жазылғанына қарамастан бір тілде сөйлейтін паралелдерді тауып, ондағы өсиеттерді оқу қызықты болып келеді. Бізден бірнеше сан буын ғана ертеректе, Іле Алатауының етегінде үш мың жыл бұрын өмір сүрген біздің арғы бабаларымыздың – ежелгі адамдардың әлемдік құрылым жөніндегі  пайымдарын жәй ғана тамашалаудың өзі де қызықты. Мыңдаған жылдар бойы өзгермей келе жатқан таңбалар мен көзқарастар –  «әлем ағашы» немесе «әлемдік тау», көптеген күн таңбаларындағы күн бейнесі, аспан әлеміне жақын өмір сүретін тау еркелері – арқарлар, тауешкілер мен құстар, басқа да таңбаларды осы күні біз халықтық ою-өрнектерден көре аламыз. Жетісу өңірінің ежелгі тұрғындарының көзқарасы бүгінгі күнге дейін жеткен сақ қорғандарының семантикасында, «Есік» қорық-музейінің «Жетісу сақтарының идеологиясы мен мифологиясы» атты ғылыми-қолданбалы жобасы аясында Кетпен тау жоталарында жүргізілген археологиялық экспедициясы нәтижесінде табылған петроглифтерде анық көрінеді.
«Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі РМҚК «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі 1970 жылы Қазақстанның ең атақты археологиялық олжасы «Алтын адам» табылған «Есік қорғандарының» аумағында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылдың 30 қаңтарындағы №43 Қаулысына сәйкес, ел президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен іске асқан «Мәдени мұра» Стратегиялық ұлттық жобасы аясында құрылды.  Есік қорымы – Қазақстанның ең әйгілі археологиялық олжасы Алтын адам ашылған орын. Сақ мәдениеті мен Алтын адам қорық-музейдің таныстырылымы мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты.
«Есік» қорық-музейі Қазақстан қорық-музейлері арасында алғашқылардың бірі болып ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттелген. Археологиялық жұмыстар жүргізу туралы республикалық және халықаралық бірнеше ұйымдармен келісім-шарт жасалған. Қазіргі уақытта Корея Республикасы және ҚХР-ң ғылыми ұйымдарымен брлескен жұмыстар белсенді жүргізілуде. 
 «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейі» МКҚК  Алматы облысы әкімінің 2006 жылдың 29 желтоқсанындағы №322 Қаулысына сәйкес Дәркембай Шоқпарұлының тірнектеп жинаған қазақ қолөнері коллекциясының негізінде құрылған. Дарқан ұстаның қырық жыл бойы жинаған коллекциясында ұрпақтан ұрпаққа қалып келе жатқан халық қолөнерінің жарқын үлгілері көптеп кездеседі. Соның дәлелі ретінде Шоқпарұлдарының атадан немереге қалған күміс белбеуін, яғни, Дәулет Діркембайұлының атасы жасаған жәдігер де көрме экспозициясынан орын алады. Қазіргі таңда музей қорындағы 2437 жәдігер бар. Музейдің тағы бір ерекшелігі  оның қазақтар арасында ежелден келе жатқан ұлттық қолөнердің дәстүрлі технологиясын танытып қана қоймай, халық қолөнерінің ескі жәдігерлерін қайта қалпына келтіріп және жаңасын жасап шығаруында болса керек. 
Көрме туралы қосымша ақпараттарды «Есік» қорық-музейінен алуға болады:
Тел/факс: 8 (727) 306 91 30, тел.: 8 701 4845279, 8 707 1664439
е-mail: issyk@inbox.ru
Веб-сайт: www.issykrm.kz
https://www.facebook.com/issykzapovednikmuzey/
https://www.instagram.com/issykzapovednikmuzey/
«Есік» қорық-музейінің мекен-жайы: Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Рахат а/о, Өрiктi ауылы, Есік–Александровка күре жолы, 6,6 шақырым. Құрылыс 2.