Алтын адам

Алтын адам тақырыбы екінші зал материалдарында толықтай ашылады. Оның ашылған күнінен бастап сақ ханзадасы киімінің үш бірдей нұсқасын жасап шықты. Есік қорғанындағы қазба жұмыстарын басқарған ғалым-археолог К. Ақышевтың ғылыми жобасы бойынша қалпына келтіруші В.Садомсков 1970–1973 жж. киімді, бас киім мен «алтын жауынгердің» етігі мен қару-жарағын қалпына келтіріп шықты. Дәл осы нұсқа әлемнің бірнеше елдеріне көрмеге шығып, бүкіләлемдік даңққа ие болды. Суретші-қалпына келтіруші А.Танабаев 1995 жж. ҚР Мәдениет министрлігінің тапсырмасы бойынша Алтын адам киімінің тағы бір қайта қалпына келтірілген нұсқасын жасап шықса, 1997 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қалпына келтіруші Қ. Алтынбеков оның үшінші нұсқасын жасап шықты. Дәл осы нұсқа бүгінде қорық-музейде тұр. Осы залда Алтын адамның тәжінің сан түрлі қайта қалпына келтірілген нұсқаларының кескіндері орын алған. Жекелеген сөрелер қазақ мемлекеттігінің сақ бастауын ашқан, ежелгі дүниенің бай өркениетінің бірегей куәгерін жалпақ әлемге танытқан ғалым-археологтар К.Ақышев пен Б.Нұрмұханбетовке арналған. 


Музей қонақтары экспозицияның ең бағалы жәдігерлеріне айналған қорғаннан табылған 19 түпнұсқа бұйымдармен қатар көлемі 1,0 х 2,4 м (масштабы – 1:50) болатын Алтын ханзаданың алғаш табылған сәтін бейнелеген Есік қорғанының қимасын көре алады. 

Есік қорғанының диаметрі – 60 м, биіктігі 6 – м болған. Мұндай аса үлкен көлем марқұмның қоғамдағы жоғары орнын көрсетеді.  Қорған үйіндісі қиыршық тас-топырақ араластыра үйілген 3–4 қабатты өзеннің малта тастарынан қаланған. Қорғаннан біреуі – ортасында, екіншісі бүйірінде орналасқан екі бірдей жерлеу орны табылды. Орталық мазар көлденең (үйіндінің батыс жағынан қазып кірген) және қорған төбесінен тік қазып кіру арқылы екі рет тоналған. Қабір шұңқырында адамның шашылған сүйектері мен бірнеше алтын тоғалар табылды. Керісінше бүйірдегі қабір мүлде тоналмаған боп шықты.

Жерлеу камерасы өңделген Тянь-шань шыршаларынан жасалған бөренелерден қаланып, үстінен де бөренелермен жабылған екен. Жерлеу камерасының ішкі көлемі – 2,9 х 1,5 м., биіктігі – 1,5 м. Үстінен жабылған бөренелер үйіндінің салмағынан отырып қабір құрылысын аздап өзгерткен. Қабірдің едені ортасынан жарылған бөренелерден жасалған. Марқұм қабірдің солтүстік жартысында басын батысқа беріп шалқасынан жатқызылған екен. Марқұмның киімі мен тәжі алтын нақыштармен барынша безендірілген. Қабірдің оңтүстік және батыс бөлігінде ғұрыптық ыдыстар қойылған.   

Қабірден 4000-н астам алтын бұйымдар, темір қылыш пен қанжар, қола айна, балшық, метал мен ағаштан жасалған отыз бір бұйымдар, сонымен қатар сабында аққу мойны бейнеленген күміс қасық, үлкен және кіші күміс тостағандар, ағаш шөміш пен 26 ақық пен әйнек тастардан тізілген моншақ табылды. Бүйір жақтағы қабірдің байлығына қарағанда орталық қабірдің қандай қазынаға ие болғанын елестетудің өзі қиын.


Олардың арасындағы анағұрлым құнды артефакт – сыртқы бетінде орхон-енисей жазбаларын еске түсіретін 26 таңба қашалған күміс тостаған да (диаметрі 7,7 см) зал экспозициясы қатарынан орын алған. Тостаған Памир мен Тянь-Шаннан табылған, әлі құпиясы ашылмаған жазбалардың ортақ атауы болып табылатын «Есік жазуы» атын алған мұралардың ішіндегі ең белгілі ескерткіш болып саналады.

Алтын адамның салтанат киімін әшекейлеген, сақтардың мифологиясының киелі ойларын беретін ежелгі өнер сюжеттері Қазақстан Республикасының мемлекеттік символикасына да кірді. Ол ҚР бірінші пошта маркасында, ҚР Президентінің бірінші штандартында, «Алтын адам» алтын инвестициялық шақасында бейнеленген.