

2025 жылдың 3 маусым күні Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Жібек жолы самалы» тақырыбында фотокөрме мен мәдени-креативті жобалар таныстырылымы өтті.
«Қытай – Орталық Азия» саммиті аясында өткен көрме ҚХР Мәдениет министрлігі, Сиань қаласындағы ИКОМОС мәдени мұраны сақтау халықаралық орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Ауқымды мәдени шараға Қытай мамандарымен қатар, Қазақстандағы ЮНЕСКО өкілдері, Алматы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мамандары, қытай-қазақ бірлескен археологиялық тобының мүшелері, халықаралық ұйымдардың сарапшылары мен ғалымдары қатысты.
Іс-шараның ашылу салтанатында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мұхтарова Гүлмира Райылқызы мен Сиань мәдени мұраны сақтау халықаралық орталығының ескерткіштер бөлімінің директоры Ли Дан Дан құттықтау сөз сөйлеп, көрменің Жібек жолы мәдениетіне ерекше назар аудартып, Дүниежүзілік мұра нысандарының әртүрлі мәдени келбетін көрсететіні туралы баяндады.
Көрмеде Жібек жолы бойындағы тарихи байланыстардың даму жолдары, бай салт-дәстүрлер мен сан түрлі мәдени ғұрыптар паш етілді.
Көрме аясында екі тараптың өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды. Сонымен қатар іс-шара қонақтары Қазақстан-Қытай бірлескен археологиялық қазба орны – Есік қорымында орналасқан №8 обадағы қазба жұмыстары барысымен танысты.



