Экспозиция

Экспозиция

Аумақтағы тамашалау объектілерінің ішінде келуші қонақтарды кіре берісте қарсы алатын бағалы да қызықты, түрік кезеңіне жататын тас мүсіндер қарсы алады.

Қазіргі уақытта қорық-музейдің тұрақты экспозиция залдарында палеолит кезеңінен кейінгі орта ғасырға дейінгі аралыққа жататын, көп бөлігі сақ тайпаларының тарихын паш ететін 500-н астам түпнұсқа жәдігерлер бар. Экспозицияда түпнұсқа жәдігерлермен қатар келушілер түрлі дәуірдегі қыш сынықтарын қолмен ұстап көрумен қатар, Алтын адамның бас киімінің суретін жинайтын пазл, жартас суреттерінің көшірмесін салып алатын тастар сынды интерктивті бұрыштар да орналасқан.

 

Ақпараттық фойе

Экспозиция «Қазақстан аумағындағы сақ-скиф ескерткіштері» атты 155 археологиялық ескерткіштер тізімі мен типологиясына байланысты карта бетінде 130 түрлі белгілермен белгіленген электронды картадан басталады. Карта қорғандар, жекелеген ескерткіштер туралы иллюстратициялық материалдар мен суреттерді үлкейтіп көретін мүмкіндігі бар сенсорлы киоскпен бірге ұсынылады. Қорық-музей қызметкерлері тарих және археология бойынша деректі фильмдер мен сақ дәуіріне жататын анағұрлым қызықты археологиялық артефакттердің суреттерін жинақатаған болатын. Осылар және бұдан басқа да фото және видеоматериалдар күн сайын қорық-музей фойесіндегі экраннан көрсетіліп отырады.

Сақтардың тарихы мен мәдениеті

Аталмыш зал экспозициясы археологиялық карта тақырыбын одан әрі жалғастырады. Сөрелерде отандық тарихымыздың сақ дәуірінің үнсіз куәлері ­– жауынгер қаурлары мен ат әбзелдері, тұрмыстық, діни наным-сенім бұйымдары, Шұбарат және Молалы (б.з.д. V–IV ғғ.) қорымдарының, Шілікті (б.з.д. VII ғғ.), Берел (б.з.д. V–IV ғғ.), Бесшатыр (б.з.д. V–IV ғғ.) қорымдары жәдігерлерінің түпнұсқалары мен көшірмелері қойылған.

Келушілердің назарын әсіресе Қ.Қ. Алтынбеков жасаған ат бетпердесінің көшірмесі аударады. Берел сақ қорымынан 1998 жылы қазақ-француз археологиялық экспедициясы 13 жылқы тапқан болатын. Олардың арасында біреуі ерекше жарақтандырылып алтындалған әбзелдермен көмкеріліп көмілген екен. Мәңгілік тоңның арқасында сақталып қалған ат бетпердесіне тауешкінің мүйізі орнатылған екен.

«Археологиялық сараптама» ғылыми-зерттеу ұйымы Алматы облысы апатты қорғандарында, сонымен қатар Қаратұма үйсін қорымдарында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жинақталған олжаларды қорық-музей қорына табыстады. Олардың қатарындағы анағұрлым бағалы жәдігерлер қатарында Алатау қорымынан табылған түрлі үлгідегі алтын бұйымдар,  қыш ыдыс бөлігінде сақталып қалған алтын фольга, Қаратұма қорымынан табылған аңдық стилде нақышталған алтын жалатылған қола тоғаны атап өтуге болады.

Қаратұма қорымынан шыққан, сәл дөңестелген түрде жасалған тоғыз бұрышты жұлдызша сонау көне замандардағы зергерлердің асқан шеберлігіне еріксіз тәнті етеді.   Ортадағы шеңберден жұлдызша ұшына қарай жіңішке сызықтар созылып жатыр. Олардың әрқайсысы асқан ептілікпен алтын пластина бекітіліп қана қоймай, көзге әрең шалынатын аса шағын көлемдегі түйіршіктерден құралған. Ал ортаға дәнекерленген алтын сымға кезінде қосымша бір бұйым орнатылса керек (мүмкін сол орыннан табылған қола түйреуіш бекітілген шығар). Ежелгі зергер қандай технологияны мен жабдықтарды  пайдаланғаны әлі күнге дейін жұмбақ боп қалып отыр.

Музей жәдігерлерінің түпнұсқа бұйымдарының көп бөлігін Жетісуда өндіріліп, осындағы халықтың кең көлемде пайдаланған қыш ыдыстары құрайды.  Шамасы жартылай көшпенді өмір сүру ортасында әрі ыңғайлы, әрі темір ыдыстармен салыстырғанда жасау шығыны аз қыш ыдыстарға деген сұраныс көп болған сияқты.

Пайдалану ыңғайына қарай ыдыстар асүйлік (қазандар), асханалық (тостақтар, саптаяқтар) және шаруашылық (су таситын құмыралар мен сұйық азық-түліктерді сақтайтын ыдыстар) болып бөлінген. Ал, сыртқы қалыбына келсек Жетісуда шағын әрі жатағандау келетін дөңгелек пішінді ыдыстар кең таралған болатын.  Дегенмен мұнда Алатау қорымынан (б.з.д. VII–V ғғ.) табылған бүйірі шығыңқы, шәйнек пішіндес құмыра сынды ыдыстар да кездесіп отырған. Ыдыстың ұстахананың айналмалы шеңберінде жасалғанын сырт көзге көрініп тұр. Мұндай арнайы құрылғыда жасалатын ыдыстарды тек белгілі, бай адамдар ғана ала алатын. Ал, басқа ыдыстардың сырт пішінінің толықтай тегістелмеуі және ыдыстың түбегейлі формада жасалмауы оның қолдан жасалғанын көрсетеді.

Асханалық ыдыстар қатарында су мен сүт ішуге арналған дөңгелек тұтқасы бар саптаяқтардың көптеген түрін айтып өтуге болады. Онымен қатар, көлемі анағұрлым шағын осындай тұтқасы бар және тұтқасыз құмыраларды кездестіруге болады. Ғалымдардың айтуынша сапсыз ыдыстар ғұрыптық салтқа арналған ыдыстар сияқты.

Темірден, қоладан, тас пен қыштан жасалған залдағы жекелген жәдігерлер – «Есік» қорық-музейінің археологиялық зерттеу жұмыстары мен Корея Республикасы және ҚХР-ың ғылыми ұйымдарымен халықаралық байланыс аясында атқарылған жұмыстар нәтижесін көрсетеді.

Экспозицияның мазмұнды бөлігінің бірін Чертомлык, Толстая могила, Күлоба (Солоха, Украина) қорғандарындағы қазба жұмстары кезінде табылған түпнұсқа археологиялық бұйымдардағы мотивтер негізінде орындалған, сақ-скифтердің күнделікті шаруашылық-тұрмыстық өмірін бейнелейтін барелефті панно құрайды.

Жекелеген сөрелерде сармат кезеңінің құрбандық астаулары (көбіне көшірме түрінде), скиф-сақ бет-пішіндерінің мүсіндік антропологиялық қайта қалпына келтірілген нұсқалары (авторлар – Г.В. Лебединская, Е.В.Веселовская), Батыс Үстірттен табылған антропоморфты тас мүсіндердің графикалық образы орын алған.

Залдың ортасында Қ.Алтынбековтың бірінші қайта қалпына келтірілген нұсқа негізінде, Ә.Ақышевтің кеңесіне және өзінің зерттеулеріне сүйене отырып жасалған Алтын адамның қайта қалпына келтірілген нұсқасы тұр. Алтын адамның тәжі сақтардың ғарыш туралы символикалық танымының жарқын көрінісі болып табылады. Көсем Әлемнің кіндігі болып саналса, оның киім мен тәжіндегі символдар ежелгі әлемдегі үш бірдей әлемнің, яғни, төменгі әлем – жер асты, ортаңғы әлем – жер, жоғарғы әлем – көк аспанды білдіретін әлемнің өзіндік сипаты көрініс тапқан. Осыған байланысты барлық суреттер көлденең үш бөлікте орналасқан. Тәжді айнала алтын таулар мен ағаштар бейнесі орын алса, тау шыңдары сақтардың түсінігінше әлемді жан-жағынан қоршап жатқан әлемдік тау жоталарын білдіреді. Тау етегінде «жер бетінің жануарлары» — барыстар мен тауешкілер, ал шың басында – құстар, қанатты барыстар (барыс грифондар) бейнеленген.

Сонымен қатар, жарық бағыты бойынша бағдарлар да бейнеленген. Мысалы, алдыңғы бөлігі күншығысты көрсетеді. Осы себептен де осында төрт бірдей қанатты аттар мен төрт алтын жебелер бейнеленген. Бұл күн өз жолында түгелдей аймалап өтетін үш бірдей әлем мен  әлемнің төрт бұрышына билік жүргізудің өзіндік белгісі болып есептеледі.

 

Алтын адамның ашылу және зерттелу тарихы

Алтын адам тақырыбы екінші зал материалдарында толықтай ашылады. Оның ашылған күнінен бастап сақ ханзадасы киімінің үш бірдей нұсқасын жасап шықты. Есік қорғанындағы қазба жұмыстарын басқарған ғалым-археолог К. Ақышевтың ғылыми жобасы бойынша қалпына келтіруші В.Садомсков 1970–1973 жж. киімді, бас киім мен «алтын жауынгердің» етігі мен қару-жарағын қалпына келтіріп шықты. Дәл осы нұсқа әлемнің бірнеше елдеріне көрмеге шығып, бүкіләлемдік даңққа ие болды. Суретші-қалпына келтіруші А.Танабаев 1995 жж. ҚР Мәдениет министрлігінің тапсырмасы бойынша Алтын адам киімінің тағы бір қайта қалпына келтірілген нұсқасын жасап шықса, 1997 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қалпына келтіруші Қ. Алтынбеков оның үшінші нұсқасын жасап шықты. Дәл осы нұсқа бүгінде қорық-музейде тұр. Осы залда Алтын адамның тәжінің сан түрлі қайта қалпына келтірілген нұсқаларының кескіндері орын алған.

Жекелеген сөрелер қазақ мемлекеттігінің сақ бастауын ашқан, ежелгі дүниенің бай өркениетінің бірегей куәгерін жалпақ әлемге танытқан ғалым-археологтар К.Ақышев пен Б.Нұрмұханбетовке арналған.

Музей қонақтары экспозицияның ең бағалы жәдігерлеріне айналған қорғаннан табылған 19 түпнұсқа бұйымдармен қатар көлемі 1,0 х 2,4 м (масштабы – 1:50) болатын Алтын ханзаданың алғаш табылған сәтін бейнелеген Есік қорғанының қимасын көре алады.

Есік қорғанының диаметрі – 60 м, биіктігі 6 – м болған. Мұндай аса үлкен көлем марқұмның қоғамдағы жоғары орнын көрсетеді.  Қорған үйіндісі қиыршық тас-топырақ араластыра үйілген 3–4 қабатты өзеннің малта тастарынан қаланған. Қорғаннан біреуі – ортасында, екіншісі бүйірінде орналасқан екі бірдей жерлеу орны табылды. Орталық мазар көлденең (үйіндінің батыс жағынан қазып кірген) және қорған төбесінен тік қазып кіру арқылы екі рет тоналған. Қабір шұңқырында адамның шашылған сүйектері мен бірнеше алтын тоғалар табылды. Керісінше бүйірдегі қабір мүлде тоналмаған боп шықты.

Жерлеу камерасы өңделген Тянь-шань шыршаларынан жасалған бөренелерден қаланып, үстінен де бөренелермен жабылған екен. Жерлеу камерасының ішкі көлемі – 2,9 х 1,5 м., биіктігі – 1,5 м. Үстінен жабылған бөренелер үйіндінің салмағынан отырып қабір құрылысын аздап өзгерткен. Қабірдің едені ортасынан жарылған бөренелерден жасалған. Марқұм қабірдің солтүстік жартысында басын батысқа беріп шалқасынан жатқызылған екен. Марқұмның киімі мен тәжі алтын нақыштармен барынша безендірілген. Қабірдің оңтүстік және батыс бөлігінде ғұрыптық ыдыстар қойылған.

Қабірден 4000-н астам алтын бұйымдар, темір қылыш пен қанжар, қола айна, балшық, метал мен ағаштан жасалған отыз бір бұйымдар, сонымен қатар сабында аққу мойны бейнеленген күміс қасық, үлкен және кіші күміс тостағандар, ағаш шөміш пен 26 ақық пен әйнек тастардан тізілген моншақ табылды. Бүйір жақтағы қабірдің байлығына қарағанда орталық қабірдің қандай қазынаға ие болғанын елестетудің өзі қиын.

Олардың арасындағы анағұрлым құнды артефакт – сыртқы бетінде орхон-енисей жазбаларын еске түсіретін 26 таңба қашалған күміс тостаған да (диаметрі 7,7 см) зал экспозициясы қатарынан орын алған. Тостаған Памир мен Тянь-Шаннан табылған, әлі құпиясы ашылмаған жазбалардың ортақ атауы болып табылатын «Есік жазуы» атын алған мұралардың ішіндегі ең белгілі ескерткіш болып саналады.

Алтын адамның с алтанат киімін әшекейлеген, сақтардың мифологиясының киелі ойларын беретін ежелгі өнер сюжеттері Қазақстан Республикасының мемлекеттік символикасына да кірді. Ол ҚР бірінші пошта маркасында, ҚР Президентінің бірінші штандартында, «Алтын адам» алтын инвестициялық шақасында бейнеленген.

 

Қазақстан археологиясы

«Есік» қорық-музейінің экспозициясында сақ кезеңіне қатысты жәдігерлер ғана көрсетілмейді. Мұндағы ежелгі тас дәуірінен бастап кейінгі орта ғасырға дейінгі кезеңдердерді қамтитын матери алдар өзінің сан алуандығымен көз тартады. Бұл дәуірлерді республиканың түрлі аймақтарынан әртүрлі уақыттарда табылған артефакттілер паш етеді. Бұл залдағы бұйымдардың біразы археолог Б.Н. Нұрмұханбетовтың қорынан, екінші бір бөлігі тұрғындардан сатып алынды. Сонымен қатар «Есік» қорық-музейінің кешенді археологиялық зерттеулері кезінде табылған –Алмалы ауылындағы қазіргі заманғы мазар аумағынан шыққан күміс тостаған мен қола бұйым, Жаңатұрмыс ауылындағы түрік кезеңіне жатады деп болжанып отырған бейіттен табылған қысқа семсер мен белбеудің қола әшекейлері сынды бұйымдар да экспозиция қатарын толықтырып отыр.

Табылған олжалардың географиялық алаңы қатарында Отырар, Тараз, Қойлық, Талғар (Талхиз), Көкмардан, Қостөбе қалалары, Бөріжар, Қаратұма, Қараспан қорымдарынан, Есік бейіттері сынды Қазақстанның белгілі ескерткіштері маңынан табылған бұйымдарды атауға болады.

Ұлы Жібек жолындағы қызметтер мен тауарлардың өлшемі қазіргі уақыттағыдай ол кезде де ақша болатын.  Араб тілінде алтын шақалар «динар», күмістер «дирхем», мыстары «фелс» деп аталды. Экспозициядан Талғар (Талхиз) қаласынан табылған  Қарахандықтар (XI–XII ғғ.) жататын күміс шақаларды көруге болады. Орта Азияда соғылған шақалардың бұл жерден де табылуы сол кездің өзінде-ақ сауда қатынастарының қандай кең ауқымда таралғанын көрсетеді. Дайындалған қорларға қарағанда Талғардың өзінің шақа соғатын сарайы болған сияқты.

Экспозицияда қолөнер, сауда мен жер өңдеу орталығы болған оңтүстік Қазақстан мен Жетісу ескерткіштерінен алынған орта ғасырлық құймалы (түсті жылтырақтармен әдіптелген) ыдыстар жинағы ерекше орын алады. Түсті жылтырақтар ыдысты ғана емес, кесене ғимараттарын да әшекейлеуге пайдаланылған. Оның куәсі ретінде Батыс Қазақстаннан әкелінген қаптама кірпішті көруге болады. Бір қызығы ғалымдар осы күнге дейін орта ғасырлық жылтыр қаптамалардың құпиясын аша алмай келеді.

Арасында ақық, яшма, тау хрусталі сынды дөңгелек, дөңестеу, жалпақ жартылай асыл тастармен түрлі үлгідегі моншақтар тәрізді түрлі уақыттарда жасалған сан түрлі әйелдер әшекейі де орын алған.  Сонымен қатар, ақ түсті әйнек тектес (паста яғни, жарық өткізбейтін, ерекше қайнату әдісімен алынатын) материалдан жасалған моншақтар да кездеседі. Олардың арасында тіпті теңіз ұлуының элементтері кезедсетін, Қазақстан аумағына теңіз жағалуы елдерінен Ұлы Жібек долы арқылы жеткен моншақтар да бар.

 

Б. Нұрмұханбетовтың мемориалды бөлмесі

Бекмұханбет Нұрмұханбетов әйгілі қазақстандық археолог және Жетісу сақтарының тарихын жалықпай наисхаттаушы (1935-2016), академик Ә. Марғүлан мен профессор К.Ақышев басқарған көптеген экспедицияларға қатыспы, кейіннен өзі де Жетісу археологиялық экспедициясын басқарды. Елдің ерекше сүйіпеншілігі нәтижесінде «Бекен ата» атын алған жан тарих, археология және музейтану салалары бойынша 50 ғылыми және 100 ғылыми-танымдық мақалалардың авторы. Ол Есік қорымдарындағы қорғандардың бірінен табылған Алтын адамды алғаш ашушылардың бірі.

Ол қатысқан экспедициялардың ауқымы Оңтүстік Қазақстаннан Жетісуға едйінгі үлкен аумақты қамтиды. Ол еліміздің оңтүстігіндегі Көкмардан, Күйікмардан сынды ежелгі қалалар мен қорымдарды, Арыс өзенінің жағасындағы Бөріжар, Қараспан, Бөген сныды ерте орта ғасырлық қорымдарды зерттеген.

2010 жылдан бастап соңғы деміне дейін Бекен Нұрмұханбетов «Есік» қорық-музейінде қызмет етті. Оның еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, «Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы» атағымен, «Қазақстан Республикасы туризмінің құрметті қызметкері» төс белгісімен марапатталған. Ол өте талантты адам болып қана қоймай, ерекше археологиялық сезімталдыққа ие еді. Сонымен қатар, әңгімесі әсерлі, ұлағатты ұстаз болатын. Халық оны ерекше ескерткішті ашқаны үшін ғана емес, адамдық қасиеті үшін де «Алтын адам» деп атап кеткен еді. Аса талантты археолог «Алтын адамды» есте қалдыру мақсатында қорық-музейдегі өзінің жұмыс бөлмесі қазіргі таңда келушілер тамашалайтын мемориалды бөлмеге айналған.

 

Көрме залы

«Есік» қорық-музейі белсенді көрме және жобалық жұмыстарын жүргізіп келе жатқандықтан 2016 жылдан бастап арнайы уақытша көрме залы ашылды. Қорық-музей тақырыбына арналған көрмелердің көбі негізгі экспозицияны өте жақсы толықтыра отырып тақырыпқа анағұрлым тереңірнек үңілуге сеп болады. Дегенмен олардлың әрқайсысының көтерер жүгі бөлек, әрбір тақырыпқа жеке авторлық көзқарасы бар.

Бұл залдағы алғашқы көрме Есік қорғанынан табылған таңғажайып олжаның ашылуы мен оның кейінгі зерттелу жағдайын таныстыратын музей қорына келіп түскен соңғы жаңалықтарға арналған «Алтын адамның құпиясы» деп аталды. Алтын адамның ашылу және зерттелу тарихы өзіндік құпиялары мен сырларға аса маңызды тарихи жаңалық болып табылады. ҚазКСР ҒА Тарих, археология және этнология институтының Есік экспедиция тобының сонау 1970 жылдары жүргізілген археологиялық зерттеулері, ғажайып жаңалығы, ханзаданың қабірін алғаш ашқан кім екені туралы мәселелер төңірегінде бүгінге дейін таластар толастаған емес. Осы таластардың ішіндегіт ең бір жұмбақ мәселе Алтын адамның қаңқа сүйегіне антропологиялық зерттеулер жасалмағаны, оның ұзақ уақыт бойы «жоғалып кеткені» еді.

«Есік» қорық-музейі «Алтын адамның ашылу және зерттелу тарихы: аңыз бен ақиқат» атты ғылыми-қолданбалы жобаны іске асыру барысында Есік қорғанынан табылған ғажайып олжаның ашылуы мен зерттелуіне байланысты көптеген құпия жағдайлардың сырын ашатын дереккөздерді тауып, сол арқылы өзінің қорын толықтырды. Бұл деректердің бәрі осы аттас көрме кезінде тұсаукесері өткен «Алтын адамның құпиясы» атты жинақта беріледі. Осы арқылы оқырман тұтастай әйгілі олжаның ашылу тарихына, сақ тайпаларының рухани мәдениетіне де жаңаша көзқараспен үңіле алады.  Жинақта «Ғылым ордасы» (бұрынғы ҚазКСР Ғылым академиясы) ведомоствалық архив қорының, Есік қорғанын зерттеуші экспедиция қатысушыларының жеке архивтерінің  материалдары алғаш рет жарияланып отыр. Осы материалдардың ішінде ресей маманы А. Китовтың Алтын адамның қаңқа сүйегіне жасаған алдын-ала антропологиялық сараптамасы ерекше орын алады.

Жинақтағы сұхбаттар Алтын адамға байланысты археологиялық олжаның табылған кезінен бастап қайта қалпыну келтіру сәті, оның бүгінгі жағдайына дейінгі кең көлемді қамтиды. Аталмыш көрменің материалдары музейдің көшпелі көрмелері кезінде басқа да орындарды көрерменге ұсынылды.

Одан кейінгі көрме «Алматы облысының алтын картасы» деп аталды. Бұл көрмеде қазақ мемлекетінің жарқын символдарының  бірінің отаны Есік қаласына Алматы облысының 22 музейі ең құнды деген жәдігерлерін әкелді. «Алтын» деген сөзді  міндетті түрде қымбат металдың ғана емес, сонымен қатар, көрмедегі әрбір жәдігердің тарихи және мәдени мәнін де білдіретін сипаттама деп қабылдауға болады. Осы жәдігерлер арқылы келуші қонақтардың санасында құны алтыннан да қымбат жәдігерлер орналасқан аумақ туралы жарқын ойлар қалыптасты. Аймақтың ең құнды жәдігерлерін қысқа уақытқа бір араға топтаған бұл көрмеде облыстың тарихи-мәдени байлығын көруге үлкен мүмкіндік туды.

Ал одан кейінгі ашылған көрме «ІЗбасарлар» көрмесінде Бекен атаның жас ізбасарларынан бастап қорық-музейдің табиғатты қорғау міндетіне байланысты экологиялық түрлі аспектиілердегі ізбасарлық тақырыптары көтерілді.

2018 жылғы «Өлке мақтанышы» жобасы бойынша аудан тұрғындарына  туған өлкелерінің тарихында қатысты ойдан шығарылған ақша мен маркаларға қандай әйгілі жерлестерінің бейнесі имидждік рөл ойнауы мүмкін деген ой тасталды. Байқауға қатысушыларға дизайнын өздері жасауға тапсрыма берілді. Олардың арасындағы ең үздіктері қорытынды көрмеден орын алды.

Музщей көрмесі «Жад баспалдағы» атты тағы бір көрмемен толықты. Бұл баспалдақтың әрбірі жекелеген тарихи кезеңді көрсетсе, «Қансонардың ежелгі падишасы» археологиялық және тарихи материалдар арқылы қазақ даласында ежделден келе жатқан бекзат өнер ­­­–  қыран құсты аңға салудың қыр-сырынан хабар береді.

Қазіргі заманғы музейлік инновапцияға ашық, Есік қаласын «сақ алқабына» ашылған есік ретінде көрсететін, Facebook әлеуметтік желісінде жеке бетін ашып, интернет кеңістігіне көшіп алған «Музей ЕСІКті ашады» жобасы да осы жерден көрініс тапқан. Жобаны іске асырған соң музей қорына орналасқан көрменің жекелеген бөліктерін «көбейтілген» терезелер ретінде көрме залына апаратын баспалдақ бойынан көруге болады.

 

 

© 2018. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы
www.issykrm.kz