Тарихи-мәдени ескерткіштер

Тарихи-мәдени ескерткіштер немесе ашық аспан астындағы мұражай (жылжымайтын тарихи ескерткіштер)

 Есік қорымдары

«Есік» қорық-мұражайының аумағына сақ ақсүйектері мен қарапайым қауым мүшелерінің жерлеу жоралары мен мекендері орналасқан. Осы қорғандар тобына 4 мыңнан астам сақ дәуіріне жататын алтын бұйымдар табылған Есік қорғаны да кіреді. Ол Алматы қаласынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан, Еңбекшіқазақ ауданының әкімшілік орталығы Есік қаласының маңынан 1969-70 жылдары белгілі ғалым К.А. Ақышев жетекшілік жасаған экспедицияның Б. Нұрмұханбетов басқарған бөлім жұмысының нәтижесінде табылды.  

Аталған қорғанның биіктігі – 6 метр, диаметрі – 60 метр болған. Орталық бөлігіндегі қабір ежелгі кезде-ақ тоналған болып шықты. Ал, әлемге «Алтын адам» атымен танылған ханзада жатқан қабір оның оңтүстік бүйір жағындағы қабірде қалып қойған. Мәйіт теріден тігіліп, алтын жапсырмалармен әдіптелген кебене киіммен жерленген. Оның белдігінде де неше түрлі алтын әшекейлер жапсырылып, тәжісі мен етігі, қылышы мен қанжары аса  бай өрнектермен көмкеріліп, қылыш қынабында жылқы мен бұлан бейнесі берілген. Мойнында алтын сым алқа болса, сол құлағында ақық орнатылған салпыншақты сырға, саусағында мөрлі жүзігі бар. Одан басқа оң қолының жанында құйма алтын жүзік болған.

 Дәстүр бойынша мәйітпен бірге сабы алтындалған дойыр қамшы, 31 қыш ыдыс, біреуі күмістен істеліп, 26 таңбалы жазу жазылған тостаған және басқа да заттар қойылған. Ерекше назар аударатын бұйым — алтын арқардың мүсіні орнатылған, 4 алтын жебемен әдіптеліп, қанатты пырақтар бейнесі мен ағашқа қонақтаған құстар, барыс пен тауешкілер мүсіндері орнатылған, аса күрделі үлгіде жасалған сүйір пішінді тәжі.  

Тәжідегі зооморфты символдар ханзаданың киімінде де орын алған. Олар ежелгі Қазақстан аумағында V–IV ғ.ғ. басында өмір сүрген сақ тайпаларының діни нанымын көрсетіп қана қоймай, әлемдік кеңістікті сипаттаған өзіндік дүниетанымынын да хабар береді.

Жоғары көркемдік тұрғыда және терең мазмұндағы безендірілген, қайталанбас пішіндегі киім мен қару-жарақтар «аң стилінің» ең жоғары үлгісінде дайындалған. Басты назар аударатын ерекшелік – «бұрау» әдісімен,  яғни, жан-жануарлардың денесін ортан белінен бұрып, екі жаққа қарату әдісі арқылы жасалған бейнелер болып табылады.

Ежелгі Қазақстанды мекендеуші адамдардың жоғары мәдени деңгейін біз сол заманғы зергерлердің туындыларынан ғана емес, діни-ғұрыптық орындардың күрделі де қызықты сәулетінен, шикізат өңдеу технологиясынан, күміс тостағанға таңбаланған ежелгі сақ жазуынан да байқай аламыз.  

Рахат қала-жұрты

 Рахат қала-жұрты Есік қорымдарының оңтүстіктігінде, 3 шақырым қашықтықта, Рахат ауылының қасында (Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы), Есік қаласынан 5 шақырым маңда, Есік-Талғар жолының бойында орналасқан. Қала-жұрт тау бөктерінде шығыстан батысқа бойлай созылып жатқан үш бірдей қамал кешендерінен тұрады. Қамалдардың өлшемдері әртүрлі болғанмен, жасалу құрылымдары бірдей. Цитаделі ортасында орналасып, оны айнала қамал қабырғалары тұрғызылған.  Рахат қала-жұртының жалпы аумағы – 88,7 гектарды құрайды. 2004 жылы Ә. Марғұлан атындағы археология институтының қызметкерлері Рахат қала жұртына алғашқы қазба жұмыстарын жүргізіп, Есік қорғандарының жасалу уақытымен сәйкес келетін мәдени қабатты тапты.

Ірі қала маңынан қашықта тұрғанына қарамастан, алматылықтар мен оңтүстік астананың қонақтары, шетелдіктер үшін тамаша демалыс аймағы болып табылатын Есік пен Түрген шатқалына апарар жолдың бойында тұрған Есік қорымы мен Рахат қала-жұрты тау мен дала астасқан көркем аймақта орналасқан. Бұған қоса ежелгі қалаға жақын орналасқан Есік қорымдарынан «Алтын адамның» табылуы, сонымен қатар, қоғамда осынау қасиетті жерге деген құрметтің күннен-күнге белең алуы,  ежелгі өркениет ошағына деген қызығушылықты арттыра түсуде.

Есік қорымдары мен Рахат қала-жұртын біріктіретін Есік-Рахат археологиялық кешені отандық және шетелдік туристер мен тәу етушілер үшін жетуі  оңай, табиғи-тарихи парк құруға ыңғайлы бірегей мәдени-ландшафты аймақ болып табылады.  

Өрікті қала-жұрты

Өрікті қала-жұрты Еңбекшіқазақ ауданының Өрікті (бұрынғы «Красный Восток») ауылының оңтүстік-батысында орналасқан. Б. Нұрмұханбетовтің 2000 жылғы археологиялық экспедициясы кезінде табылды.  

Жалпы аумағы – 1,5 гектар. Қала-жұрт шығыс, солтүстік және батыс жағынан топырақ дуалдармен қоршалса, оңтүстік қабырғасы жағынан ор қазылған. Олар бөлек-бөлек үш ордан тұрады.

Бүгінде қала-жұрттың шығыс бөлігі толықтай, солтүстік бөлігі ішінара зират орнына айналған. Ал шығыс жағында жерлеу орындары кездеспейді. Бұл қала-жұрт әлі зерттелген жоқ. Зират қазғанда шыққан қыш сынықтары мен сүйектен және тастан жасалған бұйымдарға қарағанда бұл ескерткіш шамамен б.д.д. ІІІ-ІІ ғ.ғ. тиесілі.

© 2017. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы
www.issykrm.kz