Notice: Undefined index: HTTP_ACCEPT_LANGUAGE in /var/www/issykrm.kz/data/www/issykrm.kz/index.php on line 4
Ізбасарлар

Ізбасарлар

29.11.2017-29.10.2018 жж.

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының алты жылдық археологиялық қызметіндегі қазба жұмыстарының нәтижесіне арналған көрмеде сақ мәдениетінің «параллельдерін» салыстыру мен зерттеулері, сондай-ақ, әр жылғы экспедициялардан табылған анағұрлым қызықты артефактілер қойылған. Бүгінге жеткен іздерден ата-бабалар  өмірі туралы және «келер ұрпаққа біз қандай із қалдырамыз?» деген ой,  көрме өзегіне айналды. Жәдігерлер мүмкіндігінше «шешендігіне» яғни, қаншалықты мәлімет айта алатынына байланысты таңдалды. Одан әрі көрменің маңызды құрамдас бөлігі ретінде Есік археологиясының «патриархы» Бекмұханбет Нұрмұханбетовтің қалдырған ізі хақындағы музей-қорығының қызметкерлерінің естеліктері топтастырылды.

  Көрмеде Бекен-атаның жас археологтарға берген тәлімінен бастап, музей-қорығының табиғатты қорғау қызметімен байланысты экологиялық мәселелерге дейінгі әртүрлі аспектідегі дәстүрлі мұра тақырыбы қарастырылды. Экспозиция негізгі бес бағыттан тұрды:

«ІЗбе ІЗ»  шәкірттері ұстазының ІЗімен жүреді. «Есік» музей-қорығы үшін ондай ұстаз  «алтын адам» – Бекен Нұрмұханбетов болды. Ол Төрәлі Төлегенов, Алексей Чекин, Ермек Жасыбаев, Әсел Амарғазиева, Жазира Құрбанәлі және т.б. біздің археологтарымыздың кәсіби тұрғыда қалыптасуында өзінің ІЗін қалдырды. Ол – біздің жүрегімізден мәңгілік орын алды. Біздің қорғандардағы ізіміз, оның да ешқашан өшпейтін, шайылмайтын ізі десек жарасады.

«ІЗдер – олар қанша?» Олар сан түрлі! –  бабаларымыз қалдырған еліміздің түрлі аймақтарындағы жерлеу жоралары немесе  қыш өнеркәсібіндегі «іздің» ерекшеліктері.

       «ІЗдерді жинаушылар» – бөлшектерден бүтін «ізді»  құрастырушы адамдар.  Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған бұйымдардың сынықтары мен бөлшектерін консервациялау, қайта қалпына келтіру, музейлендіру, сонымен қатар ата-баба мұраларын сақтаудың музейлік әдістерінің бірі – бұйымдардың көшірмесін жасау, дәстүрлі әдістер мен техниканы сақтай отырып, жаңа бұйымдар жасау әдістері жөнінде айтылды. 

       «Мәдени қабат – мәдени ІЗ». Болашақ ұрпаққа бүгінгі буын қандай ІЗ қалдыратыны туралы ой. Экспозицияда әртүрлі материалдардың табиғатта шіру мезгілін көрсетуге арналған,  шынайы қоқыс үлгілері бекітілген арнайы көрнекілік тақта орнатылды.

«Мен – ІЗбасармын». Әрбір қонақ өз ІЗін қалдыру мүмкіндігіне ие болды. Ондай із  көрмеден немесе жекелеген жәдігерлерден алған әсері туралы жазба, сурет немесе тілек ретінде көрініс тапты.

Тұжырымдаманың авторы – «Есік» музей-қорығының ғылыми қызметкері Лариса Плетникова.