Шоқан Уәлихановтың ізімен Қашқарға саяхат

Құрбанәлі Жазира  «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ғылыми қызметкері

Шоқан Уәлихановтың ізімен Қашқарға саяхат

2015 жылы қазақтың ұлы ғалымы, этнограф, саяхатшы Қашқарияны алғаш зерттеушілердің бірі Шоқан (Мұхаммедқанапия) Уәлихановтың туғанына 180 жыл толады.

Осы айтулы мереке қарсаңында Алматы облыстық әкімі Г.Батталовтың қолдауымен 2014 жылдың 20-қазаннан 5-қараша аралығында “Шоқан Уәлихановтың ізімен ”  атты халықаралық экспедиция ұйымдастырылды. Бұл іс-шара «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының жоспарларымен сәйкес келуіне байланысты қорық-мұражай директоры Г.Р. Мұхтарова осы экспедицияға менің қатысуыма қарсы болмады. Қашқар экспедициясының құрамы  Алматы облыстық альпинизм федерациясының президенті М.Қ. Есимханов — ғылыми жетекші, Алматы облыстық туризм басқармасы халықаралық байланыстар бөлімінің бастығы Б.Оразбаев,  «Аргументы и факты» журналының журналистері мен “Жетісу” арнасының түсіруші тобынан тұрды.

1857-1858 жж. Ресей империясы бұрын-соңды  зерттелмеген өлке Қашқарияға Шоқан Уәлихановты саудагер ретінде  құпия түрде жіберген еді. Өз басын қатерге тіге отырып Ш.Уәлиханов  Қытай елінің шығысындағы 6 қалада зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бұл өлкенің тарихы, этнографиясы, мәдениеті мен жағрафиялық жағдайы  туралы тың құнды деректер жинап қайтты. Бұл баға жетпес өз заманындағы  ғылыми жоғары  деңгейде жазылған  тұңғыш зерттеулердің бірі еді. Тіпті бұл экспедициядан кейін 155 жыл өтсе де Шоқан Уәлихановтың  Қашқария туралы еңбектері өзектілігін жоғалтпаған бірігей  деректік маңызы зор еңбектер болып қала береді.

Экспедиция барысында біз Ш.Уәлихановтың ізімен жүре отырып көне қалаларды аралап, сәулет ескерткіштері және басқа тарихи орындарды  тамашалап, Қашқар қаласын бүгінгі тұрғыдан зерделеп қайттық.

Саралап қарасақ, біз Шоқан Уәлихановтың ізін бір жарым ғасырдан соң қайталай отырып, сол кездегі сапардың сыры мен мәнін түсінуге, ауыртпашылығын сезінуге тырыстық.

Келесі сапар ғалымның ізімен Ресейдің Петербор қаласына бағыт алмақ.

© 2017. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы
www.issykrm.kz