Қансонардың қызығы қыран бүркіт

Д.Зікірия. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ғалым-хатшысы

Қансонардың қызығы қыран бүркіт

  Қорық-мұражай мен қыран бүркіт… Шын мәнінде екеуінің арасында ешқандай да байланыс жоқ. Байланыстырар ілік те таппайсыз. Бірі өткен тарихтан сыр шертер мәдени мекеме, екіншісі – ежелден-ақ сайын дала, асқар тау төсінде, көк аспан аясында еркінше ұшып,  қалауынша патшалық құрған, Тәңірінен басқаға бас иіп көрмеген қайсар да, тәккапар түз тағысы.

Дегенмен, ен даланың ерке ұландары – көшпенділер есте жоқ ескі заманда-ақ осынау ерекше қайсар түз тағысын қолға үйретіп, өз қалауларынша аң алдырып, құсқа шүйген. Және құсбегілік өнер тек көшпенділерде ғана болды десек, артық айтқандық болар еді.

Адамзат тарихындағы аңшылық өнердің орны өте маңызды. Адамзат қоғамы сонау ежелгі заманнан бастап-ақ аңшылықты күнкөріс көзінің біріне айналдырып қана қоймай, оны кәсіп деңгейіне көтере білді. Ежелгі адамдар қауымында аңды көбіне түрлі құрал-жабдықтар арқылы ауласа, кейін келе құс салу немесе аушы құстар көмегі арқылы аулау әдісі де дами бастады.

Құсбегілік адамзат қауымында тек күнкөріс көзі ғана емес, сонымен қатар жоғары деңгейдегі өнер ретінде бағаланды. Түз құстарын қолға үйрету, оны аңға түсуге немесе құс ілуге машықтандыру шынында да адамнан көптеген нәрселерді талап етті. Ол үшін құсбегі кәнігі үйретуші болумен қатар, құс мінезін, анатомиясын білетіндей білікті маман болуы да тиіс еді.

Адамзат тарихында аушы құстарға қатысты заттай айғақтар б.д.д 2500 жылдар шамасынан табылып отыр.

Дегенмен, қыран құстарды қолға үйрету көшпенділер мекен еткен сайын даладан бастау алады деседі. Ал, қазақ жерінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері бұл аймақта ежелден-ақ жыртқыш құстардың адам қолына үйретілгенін және адамдар арасында ерекше мәнге ие болғанын көрсетіп отыр.

Мысалы,  Өскемен қаласынан қырық шақырым қашықтықта жатқан Құрық қорғанынан (б.д.д. IV-II ғ.ғ.) табылған төрт бірдей бүркіт қаңқасы, Есік қорғандарынан табылған «Алтын адамның» тәжісіндегі құстар бейнесі, Аралтөбе қорымдарынан (Атырау облысы) шыққан, аңдық стилдегі, бүркіт бейнесі нақышталған алтын бұйымдар, Шығыс Қазақстан облысы, Шілікті жазығындағы, Маңырақ және Тарбағатай сынды ерте темір ғасыры обаларынан кездескен бүркіт тектес 36 жыртқыш құс бейнеленген алтын бұйымдар, Таңбалы шатқалындағы тас бетіне салынған бүркітші, Әмудария қазынасының арасынан шыққан таутеке ілген қыран, түркі дәуіріне жататын тас мүсіндерде кездесетін құсбегі бейнесі осының айқын дәлелі.

Жалпы, сақ-үйсін, ғұн, түркі кезеңдерінде қыран құстар көк патшасы, аспан киесі және Жаратушының елшісі ретінде жоғары бағаланған.

Сонымен қатар, Әбілғазы Баһадүрдің «Шежіре-и-түрки», Махмут Қашқаридің «Түрік тілдерінің жинағы», «Қабуснаме», Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнама» сынды еңбектерінен немесе ежелгі қытай жазба деректерінен жалпы түркі-мұңғыл халықтарының көне замандардан-ақ құс салуды жоғары өнер деңгейіне жеткізгенін байқай аламыз.

Қыран құстарды құсқа, аңға салу патша ордаларында мейлінше мол салтанатпен аталып өтетін болған. Бізге жеткен деректер бойынша ғұн, түркі, селжүктер мен кейінгі Алтын орда, Ақ орда мен Көк орда мемлекеттерінде билеушілер өз ордаларында қыран құстардың сан алуан түрлерін ұстап қана қоймай, олармен салтанатты саятқа немесе салбурынға да шығып отырған.  Ал, саятшылық тек көңіл көтеру ғана емес, бір жағынан әскери жаттығу да саналған.

Сонау ежелгі заманнан жеткен осынау киелі өнер қазақ пен қырғыз халықтарында сақталса, қазақ халқы оны жоғары деңгейде дамытты. Еліміздің талай біртуар ұлдары осы өнерді сүйіп қана қоймай ол туралы талай-талай сүбелі шығармалар қалдырды.

Ұлы Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға», Кете Жүсіптің «Бүркіт сыны» сынды өлеңдер жазуы, Ақан сері Қорамсаұлының, Сегіз серінің осы тақырыптағы шығармалары, заңғар жазушы М.О.Әуезовтің және т.б. саңлақтардың осы салаға қалам тартуы тектен-тек болмаса керек.

 Осынау бабадан жеткен киелі өнердің түпкі тарихын зерделеу, оны өскелең ұрпаққа таныту, насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетіне қарасты «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында «Қансонардың ежелгі падишасы» атты тарихи-этнографиялық көрме ашылды.

Көрменің ашылу салтанатына Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Рахат ауылында, «Нұротан» партиясының 15 жылдығына орай өткізілген «Сонар – 2014» құсбегілер фестиваліне қатысушы бүркітшілер, құсбегіліктің қыр-сырын зерттеп, сол тақырыпқа талай жылдан бері қалам тартып жүрген жазушы – Д.Әлбозым сынды қонақтар қатысты. Көрмені «Есік» қорық-мұражайының директоры – Г.Р. Мухтарова ашып, Д.Әлбозым, М. Исабеков, А.Шалипов сынды азаматтар да өз ойларымен бөлісті.

Бұл көрменің мақсаты халқымыздың ежелгі дәуірден бастау алатын құсбегілік өнерін түрлі археологиялық-тарихи деректер негізінде насихаттау, таңғажайып өнердің бүгінгі ұрпақтарына жеткен тарихи сабақтастығын көрсету. Көрмеге келушілер бүркітшіліктің тарихымен ғана танысып қоймай, ҚР Мәдениет қайраткері – Балтабай Ыбыраевтың қолынан шыққан, бүгінгі ұрпаққа өте таңсық дүниелерді, яғни, бүркіт және бүркітші жабдықтарын, аңшылыққа қатысты құралдарды тамашалай алады. Ежелден-ақ салбурынға шыққан аңшылар арнайы қос тігіп, бірнеше күн саят жасайды екен. Сол ежелгі аңшылар қосы осынау көрмеден де өз орнын алды. Көрермендер жоғарыда айтылып өткен бүркіт пен бүркітші құрал-жабдықтарынан бөлек аңшы қосын, оның бар керек-жарақтарын да осы көрмеден көре алады.

Қорыта айтқанда аңшылық, оның ішінде құсбегілік өнер халқымыздың ежелден аса қастерлеп, ұрпақтан-ұрпаққа көздің қарашығындай сақтап жеткізген баға жетпес асыл мұрасы. Әрине, заман өзгерді, соған орай уақыт талабы да басқаша болатыны заңдылық. Қазіргі уақытта бұрынғыдай емін-еркін құс салып, ит жүгіртіп, салбурынға шығып жататын жандар көп кездесе қоймайды. Дейтұрғанмен де ежелден келе жатқан киелі өнер, оны ардақтай алатын ұрпақтар барда ешқашан да ұмытылып, халық жадынан өшіп кетуі мүмкін емес. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында осынау ұлттық өнерімізді насихаттап, оны дүниежүзіне танытып жүрген азаматтар да аз емес. Демек, көшпенділердің ежелгі бекзат өнері бүркітшілік те болашақ ұрпақтарымызға жалғаса береді деген сөз.

© 2018. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы
www.issykrm.kz