САҚ ДӘУІРІНЕ САЯХАТ ЕСІКТЕН БАСТАЛАДЫ

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының  ғылыми қызметкері                                                         Құрбанәлі Жазира.  «Ана тілі» газеті, № 13 (1219) 3-9 сәуір 2014 жыл .11-бет.

 

САҚ ДӘУІРІНЕ САЯХАТ ЕСІКТЕН БАСТАЛАДЫ

Тарих- өткеннен қалған мұра, көрініс. Хатқа түскен тарих адам ақылын толықтай иландыра алмайды. Тек қана ақ қағазға жазылған тарихи деректі оқумен, өткен дәуір құпиясын тану  қиынырақ. Көненің көзі, ескінің жұрнағы болып табылған заттай деректер хатқа түскен тауарихты нақтылай түспек. Осы тұрғыда мұражай жасақтау ісінің алар орны ерекше, атқарар қызметі де мол. Қойнауына көп жұмбақ бүккен «Есік қорғаны» немесе «Есік обалары» жайлы бүгінгі айтылар әңгіменің де қызығы мол.

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы туралы сөз болғанда, алдымен ойымызға бірден «Алтын адам» бейнесі келеді. Осы «Алтын адам» немесе сақ ханзадасы мүрдесінің табылуымен, «Есік обалары» бүгіп жатқан сыр толықтай ашылған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның  терең тарихын, еліміздің ірі өркениет мұрагері екендігін айғақтап тұрған «Алтын адам» —  Есіктен табылған маңызды тарих айғақтарының бірі ғана. Мұнда әлі зерттеуді қажет ететін, аса маңызды  тарихи дерек көзі саналатын жәдігерлер өте көп-ақ. Солардың бірі толық құпия сыры ашылмай жатқан – «Есік жазуы».

«Есік жазуы»– Памир мен Тянь-Шань тауларынан табылған, әлі де сыры ашылмай жатқан жазулардың ортақ атауы. 26 таңбадан тұратын «Есік жазуы»- Қазақстан жерінен табылған ең көне жазу. Осы күнге дейінгі ғылыми зерттеу нәтижесінде жазудың бірнеше тұспалдап оқылған нұсқалары ұсынылды.

Б.з.б.V-ІV ғғ. жататын бұл жазулардың бірі –  Есік қорғанынан табылған тостағандағы жазу. Аталмыш жазба пішіні жағынан Орхон-Енисей жазбаларына ұқсайды.  Шығыстанушы ғалымдар И.М.Дьяконов, В.А.Лившин, С.Г.Кляшторный, жазу тостағаннан бұрын пайда болған дегенді айтады. Ғалымдар сақ жазуы харошоти жазуына ұқсас, әрі оңнан солға қарай оқылады дейді. Ал, ғалым Алтай Аманжолов тостағандағы жазуды:  «Аға, саған (бұл) ошақ! Жат адам тізеңді бүк! Ұрпағымызда ас-су мол болғай!»—  деп оқыған. Бұл нұсқаның мағынасына үңілер болсақ, қазақ шаңырағына бөтен адам келгенде есіктен еңкейіп кіріп, сәлем беріп, асығыс болған жағдайдың өзінде тізе бүккен. Ол– шаңыраққа деген құрмет болып табылады. Ой талқысына салып қарасақ, осы үрдіс сақ кезеңінен бастап қалыптасқан сияқты.

Ғылыми зерттеу өз кезеңінде жалғасын тапса да, күміс тостағандағы жазу әлі толық зерттеліп болған жоқ. Ғалымдардың айтуынша, жазуы бар жәдігердің табылуы осы жерде ірі өркениеттің болғанын дәлелдейді.

Кемал Ақышевтің айтуынша, әліпбилік жазудың болуы- мемелекеттің болғанына негізгі дәлел, әрі сол мемлекеттің мәдени деңгейін, әлеуметтік-экономикалық даму сатысын көрсетіп, табылған жәдігерлердің біркелкілігі олардың этникалық туыстығын дәлелдейді. Тостағандағы жазуға ұқсас кескіндемелер 1963 жылы Райымбек аданындағы Ақтастыдан, ал  1968 жылы Шелек маңындағы  Каратұмадан да табылған.

Бүгінде Есік қорық-мұражайындағы басты нысан саналатын  «Есік» —  І, ІІ қорымдары, «Рахат», «Киікбай», «Үйеңкі»  сынды ежелгі қала жұрттары ұзақ мерзімді зерттеуді талап етеді. Өйткені, дәл осы қорымдар мен қала орындары тарихқа әлемдік деңгейде жаңалық әкелуі мүмкін.

Солардың бірі – мұражай ғылыми қызметкері Б. Нұрмұханбетов басшылық еткен археологиялық экспедиция нәтижесінде анықталған «Өрікті» қала жұрты. Бұл мекен Еңбекшіқазақ ауданының Өрікті (бұрынғы «Красный Восток») ауылының оңтүстік-батысында орналасқан. Ол шығыс, солтүстік және батыс жағынан топырақ дуалдармен қоршалып, оңтүстік қабырғасы жағынан қазылған үш ордан тұрады. Жалпы аумағы– 1,5 гектар.

Осы күні қала-жұрттың шығыс бөлігі толықтай, солтүстік бөлігі ішінара зират орнына айналған. Ал, шығыс жағында жерлеу орындары кездеспейді. Бұл қала жұрты әлі зерттелген жоқ. Жергілікті тұрғындардың зират қазғанда тапқан қыш сынықтары мен сүйектен және тастан жасалған бұйымдарға қарағанда, бұл ескерткіш шамамен б.д.д. ІІІ-ІІ ғ.ғ. тиесілі деген болжам ғана айтуға болады.

Тарихи археологиялық зерттеудің келесі нысандарының бірі– «Рахат» қала жұрты. Ол Есік қорымдарының оңтүстіктігіне қарай 3 шақырым қашықтықта, Есік-Талғар жолының бойында орналасқан. Қала жұрты тау бөктерінде шығыстан батысқа бойлай созылып жатқан үш бірдей қамал кешенінен тұрады. Қамалдардың өлшемдері әртүрлі болғанымен, жасалу құрылымдары бірдей. Цитаделі ортасында орналасып, оны айнала қамал қабырғалары тұрғызылған. Аумағы– 88,7 гектар.

2004 жылы Ә. Марғұлан атындағы археология институтының қызметкерлері «Рахат» қала жұртына алғашқы қазба жұмыстарын жүргізіп, Есік қорғанының жасалу уақытымен сәйкес келетін мәдени қабатты тапты. Табылған қабатқа қарай отырып, бұл сақ көсемдерінің қаласы болған деген болжам айтуға болады. Бұл дегеніміз, Алатаудың баурайында бір ғана қалашық емес, үлкен қаланың болғандығын дәлелдей түсетіндей. Әйгілі  «Алтын адамның» өзі осы қала тұрғыны деп болжауға негіз бар. Бірақ, болашақтағы келелі зерттеулер бұл болжамды нақтылай түсер деген үміт бар.

Көпшілік түсінігінде, «Есік» мұражайында тек осы қорымынан табылған жәдігерлер ғана сақталған деген пікір бар. Әрине, бұл – жаңсақ пікір. Шындығында, мұражайды  Қазақстан мен Орталық Азия тарихының Сақ кезеңіне қатысты тарихи маңызы бар археологиялық орталық деуге болады. Мұнда біздің дәуірімізге дейінгі VІІ-ІV ғасырларға тән Шұбарат,  Молалы, Қаратұма қорымдары мен Берел, Бесшатыр қорғандарынан және басқа жерлерден табылған тұрмыстық заттар мен әшекейлердің түпнұсқалары, көшірмелері сақтаулы. Сондай-ақ, «Археологиялық сараптама» ғылыми-зерттеу мекемесінің Алматы обылысы аумағындағы жойылып кетудің алдында тұрған сақ қорғандарынан және Қаратұмадағы  үйсіндер дәуіріне тән қорымынан табылған жәдігерлері де осында. Мұражайдан Алматы облысы Райымбек ауданы Тұйық елді мекенінен табылған, ғұн дәуіріне тиесілі қыш тостаған да орын алған. Мұражайға сыйға тартылған жәдігерліктердің  ішіндегі анағұрлым бағалысы– «Алатау» қорымынан табылған «аң стилінде» өрнектелген алтын бұйымдар.

Сан ғасыр тезінен өтсе де, бүгінге жұрнағы жеткен бұл жәдігерлердің халқымыздың мәдени қазынасын айшықтаудағы орны ерекше. Негізі, мұндай тарихи қазынаны аялап ұстап, елге танытып, әлемге насихаттаудың өркениетті үлгілерін әлемнің әр шалғайынан кезіктіруге болады. Алысқа бармай-ақ қарасақ, Татарстанда ежелгі Бұлғар қаласын зерттеп, аспан астындағы мұражайға айналдырудың аса ірі жобасы жүзеге асырылуда. 922 жылы Еділ бұлғарлары ислам дінін қабылдағандықтан, Бұлғар қаласы татар халқы үшін қасиетті мекен саналады. Қазір Татарстанда осы Бұлғар шаһарын зерттеудің «Жаңғыру» атты арнайы бағдарламасы қабылданып, оның басы-қасында республиканың бұрынғы президенті Мінтемір Шәймиев жүр.  Бұлғар қаласын ЮНЕСКО-ның «Адамзат қазынасы» бағдарламасы тізіміне кіргізу үшін атқарылып жатқан шараларға бүкіл татар жұрты жұмылып отыр десе болады.

«Есік қорғаны» тарих хронологиясы жағынан Бұлғардан да арғы кезеңнің жәдігері. Уақыт жағынан біздің  Есік қорғанымен «құрдас» мекен деп Ресейдің Краснодар өлкесіне қарасты Таман түбегіндегі Гермонасса-Тмутаракань қалашығын айтуға болады. 2009 жылы осы  Керч бұғазындағы Фанагория мекенінде б.д.д. V- ғасырға жататын гректік қала қонысының маңызды ескерткіштері табылғаны мәлім болды. Американдық археология институты Фанагория экспедициясының жаңалығын осы жылдағы әлемдік археология жаңалықтарының ондығына кіргізді.  Антикалық грек өркениетінің Қара теңіз жағалауын отарлауы барысында пайда болған бұл қоныстарды  орыс ғалымдары аса ыждаһаттылықпен зерттеуде. 2004 жылдан бастап, Фанагорияны зерттеу жұмыстарына ірі бизнес өкілдері де ат салыса бастады.  Осы мақсатта арнайы «Вольное дело» қоры құрылған екен. Бұл қордың жәрдемімен Фанаогрия экспедициясы осы заманға сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жер қойнауында ғана емес, су астындағы қазба жұмыстарын да аса сәтті жүргізуде. Экспедиция құрамы тек археолог, тарихшылармен шектелмей, оған антрапологтар, палеозоологтар, топырақтанушылар, микробиологтар, химиктер, реставраторлар да тартылған.  (http://lenta.ru/articles/2013/11/19/phanagoria/)

Кісі қызығатын осы мәліметтерді жіпке тізу себебіміз,  өз жеріндегі тарих қазынасына лайықты құрмет қылуды, халқының игілігіне жаратуды дамыған Еуропа түгіл, сол бүйірдегі көршіміз Ресейдің де меңгергенін байқаймыз. Экономикалық әлеуеті мен даму екпіні көршісінен қалыспайтын Қазақстанда да Есік қорғаны  мен басқа да  сақ дәуіріне жататын теңдесі жоқ тарихи ескерткіштерді тыңғылықты зерттеу ерекше маңызда. Осы мақсатты іске асыру үшін мемлекет қана емес, ірі бизнес өкілдері де атсалысатын жалпыұлттық арнайы бағдарлама керек секілді. Бұл арман – ертеңгі күніміздің еншісінде. Ал, бүгін Есікте – ержүрек сақтың ежелгі  ордасында қызметін бастаған қорық-мұражай өз елінің, өз жерінің туған тарихына тереңнен көз жіберуді көксейтін келушілерін күтеді. Есікке келіңіздер, ағайын!

© 2018. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы
www.issykrm.kz