«Есік» қорық-музейінде екі бірдей көрме ашылды

29 қарашада «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде үш бірдей ірі іс-шара болып өтті. Олардың екеуі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында, ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Жетісу сақтарының идеологиясы мен мифологиясы» ғылыми-қолданбалы жобасының қортындыларына арналған «Таңбалар. Петроглифтен ою-өрнекке дейін» көрмесі және «Есік қорымы және Жетісу сақтарының мәдениеті» ғылымиқолданбалы жобасының қорытындысына арналған «Есік» қорық-музейінің археологиялық зерттеулері» атты фотокөрменің ашылу салтанаты өтті.

«Таңбалар. Петроглифтен ою-өрнекке дейін» көрмесінде Дәркембай ұста атындағы қолөнер музейінің ұжымының атсалысуымен аталмыш музей жәдігерлері де орын алды. Кетпен тау жотасындағы ежелгі ата-бабаларымыздан қалған жәдігерлердің бірі жартас суреттерін зерттеген қорық-музей қызметкерлері осыған дейін ғылыми ортаға белгісіз болып келген 5 бірдей петроглиятер орнын анықтаған болатын. Тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттей келе қорық-музей археологтары ежелгі жартас суреті мен қазақ қолөнері мен таңбалары қазақ қолөнеріндегі ою-өрнектер, таңбалар арасында мәндік, мағыналық, тылсым ой тұрғысында өзара терең сабақтастық, ұқсастық бар екенін байқадық. Оны өзіміз біліп қана қоймай осындай құнды қазынаны қалың көпшілікпен бөлісуге, өскелең ұрпаққа терең тарихи-мәдени тамырларымыздың мәнін ашып көрсетуге асықтық.

Ал «Есік» қорық-музейінің археологиялық зерттеулері» атты фотокөрме экспозициясынан орын алған суреттер 40-30 мың жыл бұрынғы адамдардың тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін мәдени қабаттар, атап айтқанда ошақтың орны, сонымен қатар Өрнек қорымындағы тастан қаланған қабір мен одан табылған 3 жебе ұшы, қыш бұйымдар ерте темір дәуірінен хабар береді. Ал, ерте сақ дәуіріне тән ғұрыптық жерлеу кешені Есік қаласының ЭПС аумағындағы қорымнан табылған бұйымдар —  тас, бояу, ауыздықтар сол кездің тұрмыс-тіршілігін паш етеді. Бөлек ауылындағы апатты жағдайдағы қорғаннан шыққан алтынмен қапталған грифон, тоға, т.б. алтын әшекейлер, асық б.з.д. V-IV ғғ. өмір сүрген халықтың мәдениеті мен қолөнері, дүниетанымын білдіреді. Өрікті ескерткіштеріне жататын қорғандардан біздер үйсін дәуірінің сырын түйеміз. Фотокөрме археологиялық жұмыстарды көрсетіп қана қоймай, оны жүргізу әдістемесінен де хабар береді.

 

«Есік» қорық-музейінің директоры – Г.Р. Мухтарова салтанатты шараны ашқан соң облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» кеңесінің төрағасы – Н.Д. Әбдірахым, орталық кино фото-құжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің директоры – Т.Н. Тойбаев мырзалар өз лебіздерін білдірді.

Дәл осы күні облыс орталығы Талдықорған қаласынан арнайы Есік қаласына келген «Мирас» кеңесі мүшелері де салтанатты шараның қонақтары болды. Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Қазақстанды әлемге әйгілі еткен, қазақ археологиясының мақтанышы «Алтын адам» туралы ерекше тоқталып өткені мәлім. Дегенмен, Алтын адамның Отаны – Жетісу өңірінің азаматтарына тарихи-мәдени құнды ескерткішімізді насихаттауда ерекше жауапкершілік артылатыны анық. Осы себептен де «Есік» қорық-музейінде музей басшылығы мен Алматы облыстық зиялы қауым өкілдері, «Нұр Отан» партиясы мүшелері, БАҚ-ң басшылары, ЖОО-ң ұстаздары бас қосқан алқалы жиын болып өтті. Алқалы жиында Елбасы мақаласындағы құнды тапсырмалар талқылана келе «Алтын адам» тақырыбы ерекше көтеріліп, оның қаңқа сүйегін музейлендіру, арнайы насихаттау жұмыстары жөніндегі ойлар, ұсыныстар талқыға салынды.

© 2018. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі
www.issykrm.kz