Қазақ археологиясы Корея Республикасында таныстырылды

15-16 қараша күндері Корея Республикасы Тэнджу қаласында «2018 Asian Archaeology» Халықаралық конференция болып өтті. Конференцияның алғашқы күні Корея Республикасының мәдени мұрасы Институты мен Моңғол ғылым академиясы тарих және археология институтының біріккен жұмыстарының 10 жылдығына арналды. Конференция бағдарламасының екінші күнін Қазақстан археологиясына арналып, Еуразияның ежелгі мәдениетін заманауи зерттеу нәтижелері бойынша баяндамаларға кезек берілді.  Конференцияға Моңғолия, Жапония, Ресей, Үндістаннан келген ғалымдардан басқа Қазақстаннан да ғалымдар қатысты. Олардың  қатарында «Есік» қорық-музейінің директоры – Г.Р. Мухтарова да болды.

 

Конференцияның екінші күні Мәдени мұра институтының қызметкері Ким Дон Хунның «Жетісу будда ескерткіштері туралы» атты баяндамасымен ашылды. Оның артынан Қазақстан жағынан Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ-ң қызметкері А. Оңғар «Қазақстанның сақ және ғұндар мәдениеті бойынша жаңа зерттеулер» атты баяндама жасады. Түскі үзілістен кейін Есік қаласы аумағындағы қорғандарға, Есік-Өрнек-Рахат шағын аумағында «Есік» қорық-музейімен бірлесе жүргізілген жүргізілген зерттеулер туралы Тэхан мәдениеті институты маманы Чон Иль және Махан мәдениеті институты маманы Чой Сок Хун мырзалар арнайы тоқталып өтті.

Баяндамалар сақ дәуіріндегі қорғандарда жүргізілген археологиялық жұмыстар тақырыбына арналды. Одан кейінгі баяндама «Есік» қорық-музейінің 2011 жылдан осы уақытқа дейін жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары жөнінде болды. Қорық-музей директоры Г.Р. Мухтарова өз баяндамасында ғылыми-зерттеу жобалары аясында апатты қорғандарда жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары туралы кеңінен тоқталды. Баяндамашы өз кезегінде қорық-музейдің 2013 жылдан бастап Корея Республикасының ғылыми мекемелерімен біріккен археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу жөнінде жасалынған келісім-шарттар туралы, соның нәтижесінде 2016 жылдан бастап Есік қаласының маңайындағы археологиялық нысандарға жасалынған біріккен қазақ-корей ғылыми археологиялық зерттеу жұмыстары жөнінде әңгімеледі.

Ал 2016 жылдан бастап қорық-музей Шәнси аймағының (ҚХР) археология институтымен тығыз байланыста жұмыс істей бастады. Осының нәтижесінде қорық-музейдің қорғау аумағындағы ескерткіштерінің бірі – Рахат қалашығына археологиялық барлау жұмыстары басталды. ЮНЕСКО-ң Бүкіләлемдік мұралар тізіміне кірген ортағасырлық  Талғар қалашығының «Есік» қорық-музейіне берілуі далалық зерттеулер мен ортағасырлық археологиялық объектілерді консервациялау және музейлендіру жұмыстары бойынша алдыңғы қатарлы технологияларды қолдану мәселесін күн тәртібіне шығарды. Бұл өз кезегінде таяу және алыс шетелдердегі алдыңғы қатарлы ғылыми мекемелермен халықаралық қатынастарды тереңдете және кеңейте түсуді талап етеді.

Қорық-музейдің жоспарлары мен зерттеу тақырыптары корейлік әріптестердің жоғары қызығушылығын тудырғандықтан  Г.Р. Мухтароваға Жунан мәдени мұрасы институтында қорық-музей жұмыстары туралы арнайы дәріс оқуға өтініш жасалды. Корейлік әріптестердің ол өтініші орындалып қорық-музей директоры Жунан мәдени мұрасы институтында «Есік қорық-музейінің жобалары және Алтын адамды зерттеу тарихы» атты дәріс оқыды.

© 2018. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі
www.issykrm.kz