Өлкетанушыларға арналған облыстық семинар

 

20-қараша күні «Рахат ауылдық округі № 1 орта мектебі» КММ-де Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасы аясында «Қойнауы құт береке – туған өлкем!» атты облыстық семинар практикумы өткізілді. Рухани жаңғыру аясында өткізілген бұл игі шараға «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі «Өлке мақтанышы» атты көшпелі көрмемен қатысып, көрмені ғылыми қызметкерлер А. Амаргазиева, Ж. Құрбанәлі  таныстырды.

Көрмеге «Алтын адам» бұйымдарының түпнұсқалары мен көшірмелері, «Есік» қорық-музейінің археологиялық экспедициясы нәтижесінде жуырда табылған артефактілер қойылды. Қорық-музейдің негізгі қызметінің бірі мәдени-білім беру және туристік қызметтерді ұйымдастыру, Қазақстанның тарихи және рухани ескерткіштерін зерттеп, сақтау, оны жалпы халыққа насихаттау болып табылады. Көрменің басты мақсаты рухани жаңғырудың өлкетану бағыты бойынша ұлттық тәрби мен білім беру, туристік және экскурсия орталығы мен аудан мектептері арасында тығыз қарым-қатынас орнату болып табылады. Көрмені семинар қонақтары, яғни аудан мектептерінің тарих пәнінің мұғалімдері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аудан мектептеріндегі қосымша білім беру педагогтары тамашалады.

Семинар соңында қонақтар «Есік» қорық-музейінің ашық аспан астындағы музейлендірілген қорғанына экскурсия жасалынып, сақтар және сақтардың жерлеу жоралары, салт-дәстүрлері жайлы кеңінен мағлұматтар берілді. «Алтын адам» тек ауданның ғана емес, бүгінде Отанымыздың да мақтанышына айналғандықтан келуші қонақтар сол жайында көбірек білуге ынтықты. Алтын адам туралы, жалпы сақ мәдениеті мен тарихы туралы жан-жақты мәліметке қаныққан семинар қонақтары ендігі кезекте еліміздің тарихи-мәдени мұраларын барынша дәріптеуге үлес қосамыз деген ізгі ниеттерін білдірді.

 

 

Ғылыми қызметкер                                 Ж. Құрбанәлі

© 2018. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі
www.issykrm.kz