Париж төріндегі қазақ рухы

2018 жылдың 25-28  қыркүйек аралығында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Г.Р. Мухтарова мен ғылыми қызметкер Ж. Құрбанәлі Париж қаласында өткен «IFTM Top Resa 2018» атты халықаралық туристік көрмесіне қатысып қайтты. Бұл жобаға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті ұйытқы болды. Париждегі экспо орталығында 40-ші рет өткен бұл көрмеге отандық туризм саласы және ұлттық мәдениетімізбен таныстыратын Қазақстанның павильоны да өз әсемдігімен ерекше көзге түсті. Павильонның ашылу салтанатына Қазақстанның Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жан Галиев пен «IFTM Top Resa» халықаралық көрмесінің туризм директоры Фредерик Лорэн қатысты.   Қазақстан павильонның ашылуы алғашқы минуттан бастап 230 бағыттың (елдер, аймақтар мен қалалар) туризм саласындағы мамандарының назарын аударды.

Халықаралық көрменің сапалы өтуіне Қазақстанның Франциядағы елшілігі де белсенді қолдау көрсетті. Бұл шарада Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ерекшілігін, еліміздің мәдени туризмін дамытуда стратегиялық маңызды обьектілердің бірі екенін паш ететін арнайы көрме ұйымдастырылып, еліміздің мақтанышы әрі мемлекеттік символдарының біріне айналған «Алтын адам» тарихымен, сондай-ақ сақ-үйсін тарихы, мәдениеті туралы жан-жақты мағлұмат берілді.

Сондай-ақ қорық-музей директоры Г.Р. Мухтарова Париждегі «24 хабар» арнасының меншікті тілшісіне сұқбат бере отырып, Қазақ елінің киелі өлкелері, рухани жаңғыру жолындағы кешенді іс-шаралары және «Есік» қорық-музейінің қазақ руханиятындағы алатын орны туралы ерекше атап өтті. «Есік» қорық-музейінің көрмесін тамашалаушы қонақтарды қазақ дәстүрімен құралақан қалдырмай, «тойдан тобықтай» деген кәде бойынша арнайы сыйлар мен мәліметтік парақшалар берді. Көрме қонақтары Қазақ елінің бай тарихы, мәдениеті мен бірегей табиғатымен танысып,  ұлттық тағамдарынан дәм татты. Еуропаның төрінде, мәдениеттің ордасында Алаштың сайын даласының үніндей күмбірлеген домбыра даусы көрме қонақтарына қазақ халқының елі мен жерінің кеңдігін паш етсе, мың бұралған әсем бишілер орындаған халық биі еуропалықтарға көшпенділердің сырға толы сиқырлы өнерінен хабар берді. Сонымен қатар, қазақ алыптарымен бірге «арқан тарту», «асық ойнау» және т.б. қызықты ұлттық ойындары көрме қонақтарының қызығушылығын оятты.

 

 

Ғылыми қызметкер                                Ж. Құрбанәлі

© 2018. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы
www.issykrm.kz