Cансыз ойға жетелейтін лабиринт

Cансыз ойға жетелейтін лабиринт

 

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі  Жетісудың көркем де келісті бір бөлігі Еңбекшіқазақ ауданы бойында орналасқан. Бұл аудан сұлулығы көз суыратын әсем табиғатқа ғана емес, сонымен қатар көненің көзіндей болып бізге жеткен тарихи-мәдени мұраларға да бай аймақ. Дегенмен, ауданға келуші туристер көбіне Алатаудың шарайнасындай болып тербеліп жататын мөп-мөлдір Есік көлі мен Жасылкөлді, қаймағы бұзылмаған табиғаты жаныңды баурайтын Түрген шатқалы мен Асы жайлауын, жартастарды жарып ағатын асау сарқырамаларын тамашалағанды ұнатады. Ал, «Есік» қорық-музейі дәл осы табиғат тамашаларына бастап апаратын күре жолдың бойында орналасқан. Қорық-музей алғаш ашылғанда қызметкерлер осы жолай өтіп бара жатқан туристерді музейге қалай үйретеміз деген  міндет қойды. Тәуба, ол міндет бүгінде белгілі бір деңгейде іске асып, қорық-музей Отандық қана емес, шетелдік туристер де қызыға тамашалайтын орынға айналып келеді. Дегенмен, «Есік» қорық-музейі осы жеткен жетістігімен тоқтап қалмақ емес. Ол үшін жыл сайын туристерді тартатын, қызықтыра алатын түрлі интерактивті объектілерді ойластырып, жүзеге асыруда. Сондай объектілердің бірі – осы қыркүйек айында жасалған лабиринт деп айта аламыз.

Ендігі жерде қорық-музейге келуші қонақтар тек қорғандарды ғана емес, сонымен қатар қорғандар ландшафтына үйлесімді жасалған лабиринтті де  тамашалай алады. Лабиринт қатардағы лабиринттердің бірі десек онда оның бағасын дәл бермеген болар едік. Мұнда терең сыр жасырылған. Ол сыр сізді сонау сақтар заманына, сақтар мифологиясы мен дүниетанымына, солардың кезіндегі салт-дәстүрлерге жетелейді. Лабиринтке кіре берістегі қос босағаға және төргі шеңберге жағалай орнатылған тастар сізді құдды балбалдардың не болмаса меңгірлердің арасында жүргендей сезімде қалдырады. Лабринт пішінің өзі ежелгі сақтардың түсінігіндегі Күн құдайының бейнесін беріп тұрғандай. Бір қарағанда сақ қорғандарының жасалу жүйесінен хабар беріп, таныстыратын да сыры бар.

Лабиринтті жасауға «Есік» қорық-музейінің бас суретшісі Дәулетбек Бектеміровтің басшылығымен қорық-музей қызметкерлері, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің студенттері мен еріктілер қатысты.

«Есік» қорық-музейіне жолыңыз түссе оқушылар ғана емес, ересектердің де ерекше қызығушылығын тудыратын, сан сұрақтарға үнсіз жауап беріп тұратын осынау өзгеше лабиринтті тамашаламай кетпеңіздер!

 

«Есік» қорық-музейі

баспасөз хатшысының м.а.                                                                         Д.Қ. Зікірия

© 2018. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы
www.issykrm.kz