«Есік» қорық-музейіндегі дәстүрлі «Музей түні» іс-шарасы

 

img_09412018 жылдың 15 маусымында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Музей түні» болып өтті. Бұл Алматы облысының тұрғындары мен қонақтарына қазақ халқының тарихы мен мәдениетінен, жалпы тарихы мен мәдени тамырынан ақпарат алуына мүмкіндік беретін іс-шара. Қазіргі заманғы «Музей түнінің» форматы әртүрлі жастағы аудиторияны қызықтыра алатын мүмкіндікке ие. 

Іс-шараның ашылу салтанатында келушілерді құттықтап кеш шымылдығын ашқан «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Мухтарова Гүлмира Райылқызы  осынау айтулы мәдени шараға атсалысқан белсенді жастар мен әріптестерді арнайы алғыс хаттармен марапаттады.

«Музей түні» алдымен «Алтын адамның құпиясы» атты жастардың квесімен басталды. Бұл жастардың тарихтың жұмбақ тұсын табуға жол ашатын тартымды ойын. Музей аумағында қазақтың ұлттық ойындары алтыбақан, арқан тарту және ақсүйек ойындары ойналды. Оған қоса, «Пазырық кілемінің» суреттерін, гипстен жасалған түрлі мүсіндерді бояуға және матадан жасалған гүлді түйреуіштерді жасауға мүмкіндік беретін шығармашылық ойындар ойнауға да мүмкіндік берілді. «Ұста Дәркембай» музейінің шеберлері осы түні арнайы шеберлік сабақтарын көрсетсе, археология институтының қызметкері Станислав Потапов тарихи бұйымдарды, оның ішінде сақ, үйсін, қаңлы қару-жарақтарын қайта қалпына келтіру жұмыстары мен оларды соғыс жағдайында қалай пайдаланғанын көрсетті.  Сонымен қатар «Музей түніне» келуші қонақтар Алматылық «И.Л.И PlayBack» театры мен аудандық талантты жастардың «Домбыра-пати» аясындағы өнерлерін тамашалады. Ал,  Айжан Бекқұлова мен Әуес Сағынаевтың заманауи үлгідегі этно-топтамаларының тұсаукесері шараның көркін кіргізе түсті. Қонақтар концерттік бағдарламада «STEPPE SONS» заманауи этно джаз  және қазақтың көп ішекті шертпелі аспапты «АСЫЛТАС» ансамбльнің өнерлеріне тәнті болды. Іс-шара осы түннің символикалық оқиғасы «Сақ алауын» жағумен аяқталды.

«Есік» қорық-музейі 1970 жылы Есік қорғандарының бірінен сақ ханзадасы табылған аумақта орналасқан. «Алтын адамның» киіміндегі алтын тоғалар мен әшекейлер Қазақстан Республикасының ұлттық символдарында қолданылып жүр. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Музей түні» 2015 жылдан бастап өткізіліп, оны жыл сайын шамамен үш мыңнан астам адамдар тамашалап келеді.

Осы жылы «Музей түні» 7–17 маусым аралығында Алматы қаласындағы «АРГО» Азаматтық қауымдастық ассоциациясының қолдауымен өткізілетін Орта Азия Инновациялық фестивалімен қатар өткізіліп отыр.

img_1148 img_1031 img_0782 img_0742 img_0738 img_0643 img_0624 img_0555 img_0460

           

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Есік» қорық-музейінің ғалым-хатшысы  

Досым ЗІКІРИЯ  

© 2018. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы
www.issykrm.kz