«ЕСІК» ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІНДЕ АСҚАҚТАҒАН «ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНДАҒЫ ДОСТЫҚ ПЕН ӘРІПТЕСТІКТІҢ» ЕСТЕЛІК-БЕЛГІСІ

img_01662018 жылдың 2 маусымында еліміздің тарихындағы тағы бір тұңғыш жаңалық, жоба іске асты.  Дәл осы күні  «Есік» қорық-музейінде Қазақстан мен Корея Республикаларының арасындағы ұзақ жылғы саяси-экономикалық, ғылыми-мәдени қарым-қатынастардың бір белгісі ретінде «Ұлы Жібек жолындағы Достық және Әріптестік» естелік-белгісі ашылды. 

Ежелден-ақ түрлі ұлттар мен ұлыстардың бір-бірімен қарым-қатынас жасамастан, араласпастан, бір-бірін танып-білместен өмір сүруі мүмкін емес болған. Себебі, адам баласының табиғаты бір-бірінің мәдени құндылықтарын, тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру қағидаттарын тануға дәйім ұмтылып отырады.

Сөзіміздің айғағы ретінде адамзат тарихының жарқын беттерінің бірі, адами қарым-қатынастарға қан жүгірткен тарихи оқиға «Ұлы Жібек жолын» айтсақ та болады. Ұлы жібек жолы адамзаттың экономикалық тұрғыдан ғана емес, ең бастысы мәдени қарым-қатынас тұрғысынан да бір-бірімен араласуына зор ықпал жасады. Халықаралық сауда және дипломатия жолы ретінде қызмет еткен бұл сауда жолы сондай-ақ мәдениеттің таралуына, өркениеттің дамуына және қалалар мен елді мекендердің өрлеуіне тиімді ықпал етіп отырған. Әрине өркениеттер мен мәдениеттің алмасуларына мән берген Ұлы Жібек жолының әсіресе қазақ жері арқылы өткен тармақтары біздің қызығушылығымызды тудырады. Өйткені анағұрлым тыныш әрі қауіпсіз саналған бұл тармақтағы сауда жолы әсіресе түркі дәуірінде ерекше сұранысқа ие болды. Бұл алдымен түркі қағандарының осы аймақтарда жүргізіп отырған саясатының нәтижесінде орнаған тыныштық пен қауіпсіздік факторы деп санаймыз.

Яғни, Жібек жолы ешқашан да маңызын жойған жоқ және жоймақ та емес. Осынау тарихи оқиғаны жаңғыртқан естелік-белгі ашылып отырған «Есік» қорық-музейінің аумағы да ежелгі Жібек жолы өтетін аумаққа жатады.

img_01992013 жылдан бастап мұндай ескерткіштер Корея Республикасы, ҚХР, Өзбекстан, Иран, Түркия мен Үндістанда ашылған еді. Ал, жетінші боп (қазақ үшін қасиетті сан) Қазақ елінде тұңғыш ашылып отырған естелік-белгіні орнататын жер ретінде «Есік» қорық-музейі бекерге таңдалып алынған жоқ. «Есік» қорық-музейінің ұжымы 2016 жылдан бастап Корея Республикасының көптеген ғылыми-зерттеу мекемелерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді.

Іс-шараның салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, әйгілі археолог К.М. Байпақов, әйгілі қалпына келтіруші шебер, суретші – Қ.Қ. Алтынбеков, Алматы облыстық мәдениет, архив және тілдерді дамыту басқармасының жетекшісі – А.Ж. Әбдуәли, Кенсанбук-до аймағының губернаторы Ким Кван Ен, Алматы қаласындағы Корея Республикасының бас Консулы Жонг Сынг Мин және т.б. қадірлі қонақтары ретінде қатысты.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы естелік-белгіні ашу салтанаты кезінде мыңдаған жылдар бұрын ата-бабамыз негізін қалап кеткен Ұлы Жібек жолының бойында өмір сүретін халықтардың арасындағы достық пен әріптестік қарым-қатынастары жаңа үлгіде дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.  «Қазақстан Батыс пен Шығыс арасында жүретін барша керуендер өткен еуразия кеңістігінің ортасы болып табылады.Жібек жолының мәдени мұрасы ретінде ЮНЕСКО-ң бүкіл әлемдік мұралар тізіміне 2014 жылы Қазақстаннан Жібек жолының Жетісу бөлігінен 8 нысан кірді. Ал қазіргі уақытта Сарыарқа бөлігін енгізу үшін құжаттар дайындалып жатыр. Ерекше маңызды ескерткіштер тұрған орындарда қорық-музейлер ашылса, солардың бірі осы «Есік» қорық-музейі болып табылады», — деп өз сөзін жалғастырған министр губернатор мырза мен бүкіл кореялық әріптестерге осынау жоба үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынастар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынына сенім білдірді.

Ал, губернатор Ким Кван Ен болса алдағы уақытты бірлесе іске асырылатын көптеген зерттеу жобаларының боларына нық сенімді екенін жеткізді. Ол әсіресе Силла дәуірі ескерткіштері мен Есік сақ мұраларының арасындағы керемет ұқсастыққа таң қалғанын жасырмады. «Сондықтан да мен бүгін «Алтын адамның» бір мүсіні мен көшірмесін арнайы тапсырыспен жасатып Силлаға апарып қоямын деп шештім», — деп ерекше атап өтті. Ол қазақстандық әріптестеріне алғыс айта келіп: «мен ең әуелі жылы қонақжайлығы мен қазақ мәдениеті тарихын жеке өзі түсіндіргені үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мырзаға, осынау байланыстарға ерекше еңбек сіңірген, «Есік» қорық-музейінің директоры Гүлмира Мухтароваға алғыс айтқым келеді», — деп атап өтті.

img_0230Іс-шара барысында құрметті қонақтар «Есік» қорық-музейінің экспозиция залдарымен, «Есік» қорық-музейі мен Оңтүстік Корея ғылыми мекемелері арасындағы қарым-қатынастарға арналған фотокөрмемен танысып, Кэменг университетінің таэквондо командасының,«Арқайым» нео-этно-фольк тобы мен «Торпи» көркемөнер тобы сынды екі елдің ұлттық дәстүрдегі ән-күй өнері өкілдерінің қойылымдарын тамашалады.

«Есік» мемлекеттік  тарихи-мәдени қорық-музейі аталмыш іс-шараның ойдағыдай өтуіне атсалысқан Еңбекшіқазақ аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы —  С.Д. Беспаеваға, аудандық мәдениет үйінің директоры Б.К. Рақымжан мен ұжымына зор алғыс айтады.

 

Ғалым-хатшы

Д.Қ. Зікірия   

© 2018. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі
www.issykrm.kz