Музейлік сабақ

Мәдени білім беруге және ағартушылыққа бағытталған музей іс-шараларының қатарында, қазіргі таңдағы ерекше сұранысқа ие, ол –  музей сабақтары. 6 наурыз күні «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің арнайы жоспар бойынша,  Рахат ауылдық округі  №1 орта мектебінің 7 «а» сынып оқушыларына кезекті музейлік сабағы жүргізілді.  Сабақ тақырыбы: «Петроглиф дегеніміз не?» деген сұрақ аясында өтті.  Бұл сабақ оқушылардың мектеп бағдарламасы бойынша, тасқа салынған таңбалар жайында, алған мағлұматтарын пысықтауға және тереңдетуге бағытталған. Музей сабағы көрнекі материалдар, электронды таныстырылымдар, бейнефильмдерді пайдалану арқылы жүргізіледі (сурет 1).

2-ші сурет

2-ші сурет

Сонымен қатар, «Есік» қорық-музейінің 2017 жыл «Жетісу сақтарының мифологиясы мен идеологиясы» атты ғылыми-қолданбалы жобасының аясында, жаңа ашылған петроглифтерге тоқталып, барлау-зерттеу жұмыстарының қалай жүзеге асуы жайында сөз қозғалып, жас буынға әдіс-тәсілдері көрсетілді (фотофиксация, GPS-координат, эстампаж) (сурет 2). Сабақ барысында тасқа салынған таңбалардың Қазақстан территориясында таралу аймағы көрсетіліп, мән-мағынасы, дүниетаным мен идеология және мифологиямен байланысы түсіндірілді, сондай-ақ, бұл суреттер көркемөнердің алғашқы таңғажайып нұсқалары ретінде таныстырылды.

3-ші сурет

3-ші сурет

Сабақтың екінші жартысы оқушылардың шығармашылығын дамытуға бағытталған ойын түрінде өтті. Мұнда оқушылар петроглифтер жайында өз ойларын айтып, берілген тапсырмаларды орындады. Тапсырмалар: қыш құмыраны қалпына келтіру (өздерін археолог-жаңғыртушы рөлінде көру) (сурет 3) және петроглифтердегі сюжеттер негізінде әңгіме, ертегілер құрастыру (петроглифтерді осылайша оқуға тырысу) (сурет 4).

4-ші сурет

4-ші сурет

Құрастырылған ертегілер – «Тауешкі әлемі», «Малшы мен қасқыр», «Арқарлар тобы», әңгімелер – «Ит тектес жануарлар», «Петрогифтегі мүйізді жануарлар» және т.б. тақырыптар қойылған (сурет 5).

Петроглифтегі сюжет желісі бойынша жазылған оқушылардың ертегі, әңгімелерінің тәрбиелік, әрі көркем-эстетикалық мәні зор болды. Оқушылар бас қаhармандарын барынша тартымды етіп, дәріптеуге тырысты.

5-ші сурет

5-ші сурет

Сондай-ақ, жан-жануралардың, түз тағыларының табиғи ерекшеліктері мен өздеріне тән мінез-құлқын ашып көрсете алды.

Сабақ барысында музейге келген оқушылардың әр қайсы өзінің білімді, қабілетті екендігін көрсете білді. Ал музей өз тарапынан баланың бойындағы шығармашылық қасиетті дамытуға көмектесіп, баланың ойын дұрыс жеткізуге және мектептегі теориялық білімін іс-тәжірибеде қолдана білуіне көмектесті.

Рахат ауылдық округі  №1 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Батырхан Шыңғыс Сержанұлы өткізілген шара соңында – «сабақ барысында оқушылардың шығармашылығын ашуға көңіл бөлінді және бірегей археологиялық артефакттерге (петроглифтерге) жақындауға, халықтың тарихи-мәдени дамуын, ежелгі көркемөнер туындыларын терең зерттеудің мәнін түсінуге және олардың музейге өз қалауымен келіп тұруға, қызығушылықтарын оята білдіңіздер, сабақ өте қызықты, әрі танымды өтті.  Сіздерге рахмет!» – деген сөздерімен  өз ризашылығын білдірді.

Әсел Амаргазиева

ғылыми қызметкер

© 2018. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы
www.issykrm.kz