Айналар тарихынан бір үзік сыр.

Айна беті тегіс, жарық сәулесін шағылдыратын және нәрсенің (оптикалық) кескінін беретін, шыны немесе металл дене. Жалпы айна-кез келген үйде қолданылатын мүлік. [1, 3б.] Бір қарағанда айнаны тек сәндік бұйым, әйел адамның бет әлпетін сәндейтін зат деп ойлағанымызбен, оның арғы жағында көптеген ашылмаған сырлардың бары анық. Оның қай уақыттан бері қолданыста болғанын, қалай пайда болғаны жайында біле бермейміз. Адамдар айнаны сәндік бұйымнан бөлек, оның бір тылсым күшпен байланысы бар екенін білген. Үйде айнаның шеті немесе өзі екіге бөлініп қалса, әжелеріміз «тастай сал, қарама» деп жатушы еді. Сонда менде «неге?»,-деген сұрақ туындайтын. Жалпы, қазақ халқының ырымында сынған айнаға қарауға, сыйға тартуға немесе бұрын қолданыста болған айнаны сатып алуға болмайды және адам қайтыс болған үйде айнаны ашық қалдыруға болмайды деген ырым бар. Бұл ырым тектен текке айтылмаса керек. Өйткені одан басқа әлеммен байланыс жасалады, «айнаға көп қарасаң, сұлулығыңды тартып алады», «сынған айнаға қарама, бақытсыз боласың»,  деген көптеген пікірлер туған. Осындай айна жайлы ырым, наным — сенімдер сонау көне заманнан беріге жетсе керек.

Сурет 1. Қола айна. Молалы қорымы. Б.з.д. V–IV ғғ.

Сурет 1. Қола айна. Молалы қорымы.
Б.з.д. V–IV ғғ.

Айналардың тарихы ежелгі Мысыр, Грекия елдерінде басталса, біздің еліміздің территориясында қола дәуірі кезеңінен бастау алып тұр. Мысыр елдерінде айнаны шыны тәріздес етіп жасаса, қола дәуірінде таза қоладан құйылмалы түрінде жасап отырған. Қола дәуіріндегі ғұрыптық заттардың ішіндегі ең көп тарағаны – айна болып табылады. Кезінде қола айналар жасай білу – өнердің ерекше бір түрі болып есептелген. Қола айналар кең көлемде таралғанымен, оларды дайындау тәсілі аса жеңіл емес еді. Жерорта теңізі жағалауы елдерінен Үндістан, Қытай, Жапонияға дейінгі үлкен аумақта, оларды ерітіп құятын металл қорытпасының құрамында айырмашылықтар болғанымен, бірақ бәріне тән өзіндік ерекшелік металға аса жоғары беріктік беретін қалайының көп мөлшерде болуы [2, 1-б]. Қола айналар тым күңгірт болғандықтан оның беті тез қарайып немесе даттанып кететін. Алайда айнаны пайдаланған адам өз келбетін көру үшін оның бетін үнемі жылтыратып сүртіп отырған. Айналар әйелдердің,  ер адамдардың жерлеу орындарынан қазба жұмыстарының нәтижесінде табылып жатыр. Жалпы айналар қай дәуірге тиесілі екенін археологтар оның бетіндегі салынған өрнектеріне немесе суреттеріне қарап ажыратады, оған сипаттама береді. Осындай қазба жұмыстарының нәтижесінде сақ мәдениетінде де айнаны пайдаланылғаны белгілі болды.(1 сурет)

Сурет 2. Қола айна. Есік қорғаны. Б.з.д. V–III ғғ.

Сурет 2. Қола айна. Есік қорғаны. Б.з.д. V–III ғғ.

Сақ — скифтердің наным — сенімі бойынша айнаға қарағанда өзге әлемді көре аласың деп білген, әрі олардың әйелдері қымбат заттар мен аң стилінде жасалған әшекейлердің құнын жақсы білген. Сақ бабаларымыздың сенімінде «өлім – өмірдің соңы емес», оны бір құбылыс ретінде қараған, яғни өлімнен кейінде өмір бар деп сенген. Қайтыс болған адамның жанына құнды бұйымдары мен әшекейлерді, өзі пайдаланған дүниесін, сонымен қатар айналарды да жерлеп отырған. Бұл бұйымдар басқа дүниеде де керек болады деген сенімде болса керек. Сақ  дәуірінен белгілі айналар да бар. Оның бірі ретінде 1969-1970 жылдары Кемал Ақышев жетекшілігімен жұмыстары жүргізілген  «Есік» обасынан табылған «Алтын адамның» қабірінен алынған қола айнаны айта аламыз. Қола айна ханзаданың өзі пайдаланған бұйымы болса керек. (2 сурет)

Сурет 3. Синкреттік полиморфттық мақұлық бейнеленген қола айна. Текелі.

Сурет 3. Синкреттік полиморфттық мақұлық
бейнеленген қола айна. Текелі.

Ол жайында атақты  археолог Кемал Ақышев «Есік корғаны» атты кітабында жазып кеткен. [3,] Ал Жетісу өңіріндегі Талдықорған  қаласынан 80 шақырым жерде орналасқан Текелі ауылынан да қола айна шыққан. Айнаның бетінде синкреттік полиморфтық мақұлық бейнеленген. (3 сурет) [4, 84-88б]

Біздің «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде экспозицияда «Алтын адамның» қола айнасынан бөлек, екі қоладан жасалынған айна қойылған. Қоладан жасалынған бүтіндей бір айна, екіншісі жарты (көшірмесі) бөлік қола айна.

Сурет 4. Жартылай сынған қола айна. Б.з.д. V–IV ғғ.

Сурет 4. Жартылай сынған қола айна.
Б.з.д. V–IV ғғ.

Археологтардың айтуынша  бүтін айна  ер адамға, ал жарты айна әйел адамға тиесілі делінеді. Музей экпозициясындағы жартылай сынған айна – алдыңғы беті тегіс, сыртқы беті кедір-бүдірлі, сақиналанған жиегі ортасынан біршама дөңес, ортасында бекітуге арналған ілмегі бар. (4 сурет) Жәдігер Алматы облысы, Шұбарат қорымынан табылған. Қола айна б.з.д V-IV ғғ. тиесілі. Жайпақ, дөңгелек, ілмекті айна, екі беті тегіс. Шетіндегі тұтқа ілмегі жырылған. Бұл жәдігер Алматы облысы, Молалы қорымынан б.з.д V-IV ғ.ғ табылған. Қорыта айтқанда айналардың айтылмаған сырлары әлі көп. Қаншама ғасыр, қанша уақыт өтсе де айналардың тарихы жалғаса бермек.

Қолданылған әдебиеттер:

  • Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2007.-Т.9.-686 б
  • Б.Ғалиева. Сыры мен сынын жоғалтпаған көне айна.//Б. Ғалиева// Мәдени мұра. 2015.-№4
  • Кемаль Акишев «Курган Иссык».
  • Тулегенов Т.Ж. Синкретические полиморфные существа на бронзовых зеркалах из Семиречья // Отан тарихы. № 1 (77)-2017. С. 84-88.

Сағындық Назира

жоғары  дәрежелі экскурсовод

© 2018. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы
www.issykrm.kz