«Есік» қорық-музейінің Науакескен және Болыс-сай шатқалдарына жүргізгенбарлау экспедициясы

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері «Жетісу сақтарының идеологиясы жәнемифологиясы»атты қолданбалы-ғылыми жобасының аясындатамыз айының 9-20 аралығында Алматы облысы Ұйғыр ауданы Үлкен Ақсу ауылдық округіне қарасты Долайты ауылының оңтүстігінде 6,5 шақырым жерде орналасқан Науакескен және Болыс-сай сайларына ғылыми іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізіп қайтты.

Жоспар бойынша ғылыми іздеу-зерттеу жұмысы екі кезеңен тұрады. Бірінші кезеңде жартас суреттеріне барлау жасап, орыналасқан орндарын анықтау болса, екінші кезеңде таңдалған петроглифтерге көшірме жасау жұмысын іске асыру болып табылды (эстампаж).

Фото 1.

Фото 1.

Науакескен сайында шоғырлануына байланысты жартас суреттері 4 нысанға бөлінді (фото 1), сондай-ақ 200-ден астам петроглифтің фотосуреті түсірілді (фото 2) және эстапаж жұмысы №1,3,4 нысандарда орналасқан петроглифтерге жасалды.

Фото 2.

Фото 2.

Мұндағы жартас суреттері көбіне ерте темір дәуіріне тән болып келеді. Сондай-ақ петроглифтердің ерекшелігі таудың орта бөлігінен басына қарай орналасуында. Бұл нысанның Жетісу жартас суреттеріне тән бұғы, қос өркешті түйе, арқар, таутеке, ит, қасқыр, садақшы, салт атты, бұқа және аңшылық сахналарымен қатар өте сирек болса да адам бейнесі, күн басты құдай бейнесі мен әлдебір таңбалар кездеседі.

Болыссай  нысанымен салыстырғанда мұндағы жартас суреттерінің сақталу деңгейі жақсы деп бағалауға болады. Алайда, қос бірдей нысандағы суреттердің басым көпшілігі апатты жағдайда. Кезінде батыстан шығысқа қарай шамамен 2,5-3 шақырымға созылып жатқан, тұтастай галерея болған жартас суреттерінің бүгінде 85-90% жойылған, оған табиғи, техногенді және антропогендіфакторларсебеп болған.

Батыстан шығысқа қарай созыла жатқан Болыссай сайындағы жартас суреттерінің көбі қола дәуіріне тән болып келеді. Аталған нысандағы ерте темір дәуіріне тән жартас суреттері өте сирек және тау беткейлерінің етегіне таяу тұстарда ғана кездеседі. Дегенмен бұл нысанда қола дәуірінен бастап орта ғасырларға дейінгі жерлеу орындары мен тұрақтар көптеп табылды. Аталмыш нысан петроглифтерінде басым бөлігі арқар және таутеке бейнесі, ал бұғы, салт атты, садақшы, аңшылық сахналары жоқтың қасы деуге болады. Бұл нысаннан басқа өңірлерден кездесе бермейтін бейнелер мен тамғалар табылды және оларға эстампаж жасалды (фото 3)

Фото 3.

Фото 3.

Барлау жұмыстарының нәтижесі: қос бірдей сайдан қола дәуірінен бастап ерте темір дәуіріне дейінгі аралыққа тән жартас суреттерімен қатар ежелгі қорымдар,тұрақтар, қоныстар, сонымен қатар, ғибадатханалардың орны анықталып, қыш ыдыстарының сынықтары, моншақ пен дән үккіштер табылды; ғылыми жобаны іске асыру бойынша тың дереккөздері, сондай-ақ қазақ жерінің басқа да өңірлерінен кездесе бермейтін таңбалар мен дүниетанымдық тұрғыда алғанда терең мән-мағнаға ие ерекше нақышталған бейнелер табылды (фото 4). Бұл өз кезегінде Жетісу сақтарының дүниетанымындағы бұған дейінгі беймәлім түстарының ашылуына әкелуі мүмкін деп ойлаймыз.

Фото 4.

Фото 4.

 

Зікірия Д.Қ.

«Есік» қорық-музейінің ғалым хатшысы

Амаргазиева Ә.Ж.

«Есік» қорық-музейінің ғылыми қызметкері

 

 

© 2017. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы
www.issykrm.kz