Monthly Archives: Ноябрь 2018

«Есік» қорық-музейінде екі бірдей көрме ашылды

29 қарашада «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде үш бірдей ірі іс-шара болып өтті. Олардың екеуі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында, ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Жетісу сақтарының идеологиясы мен мифологиясы» ғылыми-қолданбалы жобасының қортындыларына арналған «Таңбалар. Петроглифтен ою-өрнекке дейін» көрмесі және «Есік қорымы және Жетісу сақтарының мәдениеті» ғылымиқолданбалы жобасының қорытындысына арналған «Есік» қорық-музейінің археологиялық зерттеулері» атты фотокөрменің ашылу салтанаты өтті.

«Таңбалар. Петроглифтен ою-өрнекке дейін» көрмесінде Дәркембай ұста атындағы қолөнер музейінің ұжымының атсалысуымен аталмыш музей жәдігерлері де орын алды. Кетпен тау жотасындағы ежелгі ата-бабаларымыздан қалған жәдігерлердің бірі жартас суреттерін зерттеген қорық-музей қызметкерлері осыған дейін ғылыми ортаға белгісіз болып келген 5 бірдей петроглиятер орнын анықтаған болатын. Тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттей келе қорық-музей археологтары ежелгі жартас суреті мен қазақ қолөнері мен таңбалары қазақ қолөнеріндегі ою-өрнектер, таңбалар арасында мәндік, мағыналық, тылсым ой тұрғысында өзара терең сабақтастық, ұқсастық бар екенін байқадық. Оны өзіміз біліп қана қоймай осындай құнды қазынаны қалың көпшілікпен бөлісуге, өскелең ұрпаққа терең тарихи-мәдени тамырларымыздың мәнін ашып көрсетуге асықтық.

Ал «Есік» қорық-музейінің археологиялық зерттеулері» атты фотокөрме экспозициясынан орын алған суреттер 40-30 мың жыл бұрынғы адамдардың тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін мәдени қабаттар, атап айтқанда ошақтың орны, сонымен қатар Өрнек қорымындағы тастан қаланған қабір мен одан табылған 3 жебе ұшы, қыш бұйымдар ерте темір дәуірінен хабар береді. Ал, ерте сақ дәуіріне тән ғұрыптық жерлеу кешені Есік қаласының ЭПС аумағындағы қорымнан табылған бұйымдар —  тас, бояу, ауыздықтар сол кездің тұрмыс-тіршілігін паш етеді. Бөлек ауылындағы апатты жағдайдағы қорғаннан шыққан алтынмен қапталған грифон, тоға, т.б. алтын әшекейлер, асық б.з.д. V-IV ғғ. өмір сүрген халықтың мәдениеті мен қолөнері, дүниетанымын білдіреді. Өрікті ескерткіштеріне жататын қорғандардан біздер үйсін дәуірінің сырын түйеміз. Фотокөрме археологиялық жұмыстарды көрсетіп қана қоймай, оны жүргізу әдістемесінен де хабар береді.

 

«Есік» қорық-музейінің директоры – Г.Р. Мухтарова салтанатты шараны ашқан соң облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» кеңесінің төрағасы – Н.Д. Әбдірахым, орталық кино фото-құжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің директоры – Т.Н. Тойбаев мырзалар өз лебіздерін білдірді.

Дәл осы күні облыс орталығы Талдықорған қаласынан арнайы Есік қаласына келген «Мирас» кеңесі мүшелері де салтанатты шараның қонақтары болды. Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Қазақстанды әлемге әйгілі еткен, қазақ археологиясының мақтанышы «Алтын адам» туралы ерекше тоқталып өткені мәлім. Дегенмен, Алтын адамның Отаны – Жетісу өңірінің азаматтарына тарихи-мәдени құнды ескерткішімізді насихаттауда ерекше жауапкершілік артылатыны анық. Осы себептен де «Есік» қорық-музейінде музей басшылығы мен Алматы облыстық зиялы қауым өкілдері, «Нұр Отан» партиясы мүшелері, БАҚ-ң басшылары, ЖОО-ң ұстаздары бас қосқан алқалы жиын болып өтті. Алқалы жиында Елбасы мақаласындағы құнды тапсырмалар талқылана келе «Алтын адам» тақырыбы ерекше көтеріліп, оның қаңқа сүйегін музейлендіру, арнайы насихаттау жұмыстары жөніндегі ойлар, ұсыныстар талқыға салынды.

Қазақ археологиясы Корея Республикасында таныстырылды

15-16 қараша күндері Корея Республикасы Тэнджу қаласында «2018 Asian Archaeology» Халықаралық конференция болып өтті. Конференцияның алғашқы күні Корея Республикасының мәдени мұрасы Институты мен Моңғол ғылым академиясы тарих және археология институтының біріккен жұмыстарының 10 жылдығына арналды. Конференция бағдарламасының екінші күнін Қазақстан археологиясына арналып, Еуразияның ежелгі мәдениетін заманауи зерттеу нәтижелері бойынша баяндамаларға кезек берілді.  Конференцияға Моңғолия, Жапония, Ресей, Үндістаннан келген ғалымдардан басқа Қазақстаннан да ғалымдар қатысты. Олардың  қатарында «Есік» қорық-музейінің директоры – Г.Р. Мухтарова да болды.

 

Конференцияның екінші күні Мәдени мұра институтының қызметкері Ким Дон Хунның «Жетісу будда ескерткіштері туралы» атты баяндамасымен ашылды. Оның артынан Қазақстан жағынан Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ-ң қызметкері А. Оңғар «Қазақстанның сақ және ғұндар мәдениеті бойынша жаңа зерттеулер» атты баяндама жасады. Түскі үзілістен кейін Есік қаласы аумағындағы қорғандарға, Есік-Өрнек-Рахат шағын аумағында «Есік» қорық-музейімен бірлесе жүргізілген жүргізілген зерттеулер туралы Тэхан мәдениеті институты маманы Чон Иль және Махан мәдениеті институты маманы Чой Сок Хун мырзалар арнайы тоқталып өтті.

Баяндамалар сақ дәуіріндегі қорғандарда жүргізілген археологиялық жұмыстар тақырыбына арналды. Одан кейінгі баяндама «Есік» қорық-музейінің 2011 жылдан осы уақытқа дейін жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары жөнінде болды. Қорық-музей директоры Г.Р. Мухтарова өз баяндамасында ғылыми-зерттеу жобалары аясында апатты қорғандарда жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары туралы кеңінен тоқталды. Баяндамашы өз кезегінде қорық-музейдің 2013 жылдан бастап Корея Республикасының ғылыми мекемелерімен біріккен археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу жөнінде жасалынған келісім-шарттар туралы, соның нәтижесінде 2016 жылдан бастап Есік қаласының маңайындағы археологиялық нысандарға жасалынған біріккен қазақ-корей ғылыми археологиялық зерттеу жұмыстары жөнінде әңгімеледі.

Ал 2016 жылдан бастап қорық-музей Шәнси аймағының (ҚХР) археология институтымен тығыз байланыста жұмыс істей бастады. Осының нәтижесінде қорық-музейдің қорғау аумағындағы ескерткіштерінің бірі – Рахат қалашығына археологиялық барлау жұмыстары басталды. ЮНЕСКО-ң Бүкіләлемдік мұралар тізіміне кірген ортағасырлық  Талғар қалашығының «Есік» қорық-музейіне берілуі далалық зерттеулер мен ортағасырлық археологиялық объектілерді консервациялау және музейлендіру жұмыстары бойынша алдыңғы қатарлы технологияларды қолдану мәселесін күн тәртібіне шығарды. Бұл өз кезегінде таяу және алыс шетелдердегі алдыңғы қатарлы ғылыми мекемелермен халықаралық қатынастарды тереңдете және кеңейте түсуді талап етеді.

Қорық-музейдің жоспарлары мен зерттеу тақырыптары корейлік әріптестердің жоғары қызығушылығын тудырғандықтан  Г.Р. Мухтароваға Жунан мәдени мұрасы институтында қорық-музей жұмыстары туралы арнайы дәріс оқуға өтініш жасалды. Корейлік әріптестердің ол өтініші орындалып қорық-музей директоры Жунан мәдени мұрасы институтында «Есік қорық-музейінің жобалары және Алтын адамды зерттеу тарихы» атты дәріс оқыды.

Өлкетанушыларға арналған облыстық семинар

 

20-қараша күні «Рахат ауылдық округі № 1 орта мектебі» КММ-де Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасы аясында «Қойнауы құт береке – туған өлкем!» атты облыстық семинар практикумы өткізілді. Рухани жаңғыру аясында өткізілген бұл игі шараға «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі «Өлке мақтанышы» атты көшпелі көрмемен қатысып, көрмені ғылыми қызметкерлер А. Амаргазиева, Ж. Құрбанәлі  таныстырды.

Көрмеге «Алтын адам» бұйымдарының түпнұсқалары мен көшірмелері, «Есік» қорық-музейінің археологиялық экспедициясы нәтижесінде жуырда табылған артефактілер қойылды. Қорық-музейдің негізгі қызметінің бірі мәдени-білім беру және туристік қызметтерді ұйымдастыру, Қазақстанның тарихи және рухани ескерткіштерін зерттеп, сақтау, оны жалпы халыққа насихаттау болып табылады. Көрменің басты мақсаты рухани жаңғырудың өлкетану бағыты бойынша ұлттық тәрби мен білім беру, туристік және экскурсия орталығы мен аудан мектептері арасында тығыз қарым-қатынас орнату болып табылады. Көрмені семинар қонақтары, яғни аудан мектептерінің тарих пәнінің мұғалімдері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аудан мектептеріндегі қосымша білім беру педагогтары тамашалады.

Семинар соңында қонақтар «Есік» қорық-музейінің ашық аспан астындағы музейлендірілген қорғанына экскурсия жасалынып, сақтар және сақтардың жерлеу жоралары, салт-дәстүрлері жайлы кеңінен мағлұматтар берілді. «Алтын адам» тек ауданның ғана емес, бүгінде Отанымыздың да мақтанышына айналғандықтан келуші қонақтар сол жайында көбірек білуге ынтықты. Алтын адам туралы, жалпы сақ мәдениеті мен тарихы туралы жан-жақты мәліметке қаныққан семинар қонақтары ендігі кезекте еліміздің тарихи-мәдени мұраларын барынша дәріптеуге үлес қосамыз деген ізгі ниеттерін білдірді.

 

 

Ғылыми қызметкер                                 Ж. Құрбанәлі

«Есік» қорық-музейінің Лондондағы көрмесі

05-07 қараша аралығында Лондон қаласында «WTM London» Халықаралық туризм және саяхат көрмесі өтті. Аталмыш көрмеге қазақстандық туристік орталықтарымен бірге Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі де қатысты. Бұл көрмеде «Есік» қорық-музейі сақ-үйсін тарихына қатысты деректермен бірге қорық-музейдің ғылыми-зерттеу әлеуетін, туристік маршурттарын, әйгілі Алтын адам туралы мәліметтерді, сонымен қатар, Жетісу өңірінің табиғи, тарихи орындарын насихаттады. Көрме экспозициясында «Есік» қорық-музейі тарапынан жарық көрген «Алтын адамның құпиясы» атты жинақ пен Қазақстанның туристік әлеуетін насихаттайтын басқа да кітаптар, қорық-музейді таныстыратын түрлі буклеттер де орын алды.

 

Аталмыш көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Е. Ә. Ыдырысов мырза да қатысты. Көрменің арнайы ашылу салтанатында Елші мырза «Еліміздің бай да көркем табиғатымен қатар, терең тарихи тамырын, тарихи-мәдени ескерткіштерін әлемге дәріптеңіздер. Осы арқылы елімізге туристерді тартуға үлес қосыңыздар», — деді. «Есік» қорық-музейінің директоры Г.Р. Мухтарова Елші мырзаға алғысын айта келіп, «Алтын адамның құпиясы» атты жинақты және басқа да кітаптарды тарту етті.

 

Айта кетейік, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі бұған дейін де, дәлірек айтсақ 2018 жылдың 25-28 қыркүйегі аралығында Францияның Париж қаласында өткен «İFTM Top Resa 2018» атты Халықаралық көрмеге Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің қолдауымен қатысып қайтқан болатын. Ол көрмеде де «Есік» қорық-музейі, Қазақстанның ежелгі тарихы, мәдениеті, табиғи-тарихи орындары туралы жан-жақты мәлімет берілген еді.

Кәрі құрлықта осымен 38-ші рет өтіп отырған көрмеде Қазақстандық павильонға келуші қонақтарды қазақ халқының тарихы, мәдениеті, туристік әлеуетімен таныстырып, оларға ұлттық тағамдардан, берекелі қазақ жерінің өнімдерінен ауыз тигізді. Осы шара аясында жыл сайын кем дегенде 2,5 млрд фунт-стерлинг көлемінде келісім-шарт жасалады екен. Биылғы көрмеге Қазақстаннан 20-ға жуық туристік компаниялар қатысты. Олардың арасында «Есік» қорық-музейі Қазақстан атынан барған жалғыз музей болғанын айта кеткеніміз жөн.

«Есік» қорық-музейінің көрмесін тамашалаушы қонақтар да халқымыздың көне тарихымен, мәдениетімен танысып, өз таңданыстарын білдіріп жатты. Көрме қонақтарына кәдесыйлар мен түрлі мәліметтік парақшалар берілді. Осы шара нәтижесінде Еуропалықтардың Орталық Азияға, оның ішінде Қазақ елінің мақтанышы – Алтын адамға деген қызығушылықтары одан әрі арта түсті. Қазақ халқының түпкі тарихы Алтын адам дәуірімен тікелей қатысты екенін білген қарт құрлықтың саяхатты жаны сүйетін көптеген тұрғындары «Қазақ елінің Тутанхамонын», оның өмір сүрген аймағы мен табылған жерін көруге көрменің алғашқы күндері-ақ бел буды.

 

Ғалым-хатшы                                                                                     Д.Қ. Зікірия

АНОНС

894d8e37-6728-4f20-bfb8-656d5a918f64 (1)

 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 2018 жылғы 14 қарашасында сағат 11.00 – 11.30 аралығында республика бойынша латын графикасы негізінде «ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ДИКТАНТ» өтеді.

Шараның мақсаты – жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, латыннегізді қазақ әліпбиін практикалық тұрғыда меңгеруге дағдыландыру.

Диктантты арнайы белгіленген орындарда және emle.kz, tilalemi.kz сайттарында, «Шалқар» және Қазақ радио арналарында тікелей эфирде мәтін аудиосын тыңдап, жазуға болады.

Жалпыхалықтық диктант барысы туралы радио,  теледидар арқылы тікелей репортаждар ұйымдастырылады, хабарлар таратылады.

Қажетті ақпаратты emle.kz, tilalemi.kz сайттарынан аласыздар.

 

«Тіл-қазына» республикалық ақпараттық танымдық газеті көпшілікке таныстырылды

 

2 қараша, 2018 жыл. Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Til-Qazyna» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жаңа «Тіл-қазына» республикалық ақпараттық танымдық газетін көпшілікке таныстырды. Ресми шараны Мәдениет және спорт министрі
Арыстанбек Мұхамедиұлы ашты.

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2025 жылға дейін қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөнінде берген тапсырмасы баршамызға белгілі. Елбасы: «2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек», — деп мәлімдеген болатын.

«Til-Qazyna» республикалық ақпараттық танымдық газеті қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша қазақ тілінде латын графикасында жарық көретін алғашқы басылым болмақ. Жаңа басылымда қазақ әліпбиін графикасына көшіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты ақпараттар, танымдық материалдар жарық көретін болады. Газет айына 2 рет жарық көреді.

 

 

 

 

Тұсаукесерге қатысушыларға жаңа газеттің тұжырымдамасы және бүгінгі қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудегі маңызы айтылды.

Газет таныстырылымы барысында жетекші ғалымдар өткен ғасырда латын әліпбиінде жарық көрген қазақ басылымдарының тарихына шолу жасап, латын графикасындағы қазақ тілі әліпбиіне көшу кезеңдерінде жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы туралы айтты.

Шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері газеттің болашақ жұмысына қатысты пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын берді.

Шараға сонымен қатар Министрлік қызметкерлері, тілтанушы ғалымдар, сарапшылар, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.

 

 

 

© 2019. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі
www.issykrm.kz