Daily Archives: 24 октября 2018

«Есік» қорық-музейі мен Шәнси археологиялық институты арасындағы әріптестік

Қазіргі таңда кез келген мекеме халықаралық байланыста қызмет етуді мақсат етсе, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі екі-үш жылдың ішінде Қытай, Корея Республикасы, Ресей Федерациясы және т.б. елдермен тығыз байланыс орнатып үлгерді.

ҚХР-ы Шәнси археологиялық институтының арнайы шақыртуымен қорық-музей қызметкерлері 2018 жылдың 18-22 қазан аралығында ҚХР Шиән қаласы Шәнси археологиялық институтының 60 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференцияға қатысып келді. Конференцияға АҚШ, Корея, Жапония сынды мемлекеттерден археологтар қатысып, зерттеген ғылыми жұмыстарын көрсетіп, ой-пікірлерімен бөлісіп, алдағы жұмыс жоспарларымен таныстырды. Төрт күнге жалғасқан ғылыми іссапар археология, музей саласы бойынша тәжірибе алмасу, үйрену, танысу, алда жүргізілетін ғылыми зерттеулерге негізделді.

60 жылдық тарихи бар Шәнси археологиялық институтының қазба барысында табылған заттарын сақтайтын орындарды аралап, қайта қалпына келтіру яғни консервациялық жұмыс барысын тамашаладық. Сондай-ақ сапар барысында Шиән қаласындағы мәдени орындарды аралап, қазба жұмысы жүргізіліп жатқан базасына бардық. Заманауи технологиялары бірнеше есе алға дамып кеткен  мемлекеттен үйренетініміз көп екендігін көрдік.

 

Шәнси археологиялық институты мен «Есік» қорық-музейі екі жыл қатарынан Рахат қалажұртына қазба жұмысын жүргізген, осы жұмыс ары қарайда жалғасын табатындығы айтылды. Қорық-музей қызметкерлері осындай ғылыми іссапар барысында түйген ойлары мен пікірлерін әріптестерімен әрқашан бөлісіп отырады. Осындай ғылыми іссапарлар алдағы уақытта да басқа мемлекеттермен жалғасын табады деп ойлаймыз. Қорық-музейдің алға дамуы мен қарқынды өсуіне халықаралық байланыстың әсері мол екендігі белгілі.

 

Экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі                    Жумай  Гүлмира

© 2018. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы
www.issykrm.kz