Daily Archives: 2 октября 2018

Тау тасындағы тарихқа тәу ету

2018 жылдың 21-23 қыркүйегі аралыңында әйгілі археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетұлын еске алу мақсатындағы кезекті экспедиция «BEKEN ATA EXPEDITIONS: SACRED QYZEMSHEK» деген атпен өтті. Экспедицияны ұйымдастырған «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен «Бекен ата» қорғамдық қоры және Қазақ спорт және туризм академиясы еді.

Алдыңғы жылдарға қарағанда биылғы жылғы экспедицияда археологиялық қазба жұмыстары емес, Есік өзенінің жоғарғы ағысындағы теңіз деййгейінен 3000 метр биіктікте орналасқан Қыземшек асуындағы петроглифтерді барлау жұмыстары болды. Қарлы шыңдардың дәл етегінде орналасқан бұл жерде Жетісудың ежелгі тұрғындарының жартас суреттері галереясы болған сияқты.

Аталмыш акцияға еліміздің ежелгі тарихына қызығатын студенттер мен еріктілер қатысты. Екі күн қатарынан жаңбыр жауып күн райының күрт суытуына қарамастан экспедиция қатысушылары жартас суреттерін ашып қана қоймай, ежелгі аңшылардың айлар бойы аң қағып, аулайтын қақпақылдары мен торуыл орындарын да анықтады.

Осынау табиғат рухы мен оның жанды өкілдерін құрметтеудің киелі белгісі ретінде бұл суреттерді сол аңшылар да қалдыруы мүмкін.  Экспедиция барысында студенттер мен еріктілер петроглифтерді белгілеудің базалық әдістерімен танысып, олардың сипаттамасын жасауға тырысты.  Ұйымдастырушылар мен акцияға қатысушылар арасында Іле Алатауының ежделгі тұрғындарының аңшылық шаруашылығы туралы қызу тартыстары болашақта осы ескерткіш орнына кең көлемді, кешенді археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу керек екендігін көрсетіп берді. Қазіргі таңда Ақбұлақ шипажайы аспалы жолының қосылуының арқасында аталмыш тарихи орынға оңай жету мүмкін болып отыр. Осыны ескере келе экспедиция қатысушылары тарихи-мәдени мұра объектісінде арнайы қорғау тақташасын орнатты.

 

Директор орынбасары м.а.                                           Е.А. Джасыбаев

Париж төріндегі қазақ рухы

2018 жылдың 25-28  қыркүйек аралығында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Г.Р. Мухтарова мен ғылыми қызметкер Ж. Құрбанәлі Париж қаласында өткен «IFTM Top Resa 2018» атты халықаралық туристік көрмесіне қатысып қайтты. Бұл жобаға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті ұйытқы болды. Париждегі экспо орталығында 40-ші рет өткен бұл көрмеге отандық туризм саласы және ұлттық мәдениетімізбен таныстыратын Қазақстанның павильоны да өз әсемдігімен ерекше көзге түсті. Павильонның ашылу салтанатына Қазақстанның Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жан Галиев пен «IFTM Top Resa» халықаралық көрмесінің туризм директоры Фредерик Лорэн қатысты.   Қазақстан павильонның ашылуы алғашқы минуттан бастап 230 бағыттың (елдер, аймақтар мен қалалар) туризм саласындағы мамандарының назарын аударды.

Халықаралық көрменің сапалы өтуіне Қазақстанның Франциядағы елшілігі де белсенді қолдау көрсетті. Бұл шарада Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ерекшілігін, еліміздің мәдени туризмін дамытуда стратегиялық маңызды обьектілердің бірі екенін паш ететін арнайы көрме ұйымдастырылып, еліміздің мақтанышы әрі мемлекеттік символдарының біріне айналған «Алтын адам» тарихымен, сондай-ақ сақ-үйсін тарихы, мәдениеті туралы жан-жақты мағлұмат берілді.

Сондай-ақ қорық-музей директоры Г.Р. Мухтарова Париждегі «24 хабар» арнасының меншікті тілшісіне сұқбат бере отырып, Қазақ елінің киелі өлкелері, рухани жаңғыру жолындағы кешенді іс-шаралары және «Есік» қорық-музейінің қазақ руханиятындағы алатын орны туралы ерекше атап өтті. «Есік» қорық-музейінің көрмесін тамашалаушы қонақтарды қазақ дәстүрімен құралақан қалдырмай, «тойдан тобықтай» деген кәде бойынша арнайы сыйлар мен мәліметтік парақшалар берді. Көрме қонақтары Қазақ елінің бай тарихы, мәдениеті мен бірегей табиғатымен танысып,  ұлттық тағамдарынан дәм татты. Еуропаның төрінде, мәдениеттің ордасында Алаштың сайын даласының үніндей күмбірлеген домбыра даусы көрме қонақтарына қазақ халқының елі мен жерінің кеңдігін паш етсе, мың бұралған әсем бишілер орындаған халық биі еуропалықтарға көшпенділердің сырға толы сиқырлы өнерінен хабар берді. Сонымен қатар, қазақ алыптарымен бірге «арқан тарту», «асық ойнау» және т.б. қызықты ұлттық ойындары көрме қонақтарының қызығушылығын оятты.

 

 

Ғылыми қызметкер                                Ж. Құрбанәлі

© 2018. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі
www.issykrm.kz