Monthly Archives: Октябрь 2018

Жолдауға қолдау ел ертеңін ойлау

 

26 қазан күні «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған арнайы талқылау өтті. Талқылауда «Есік» қорық-музейінің директоры Г.Р. Мухтарова арнайы баяндама жасап, Жолдаудың жалпы мазмұнына, оның ішінде мәдениет және спорт саласындағы негізгі бағыттарына арнайы тоқталды.

Гүлмира Райылқызы Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған бұл Жолдаудың маңыздылығын ерекше тоқтала келе, ондағы халық табысының өсуі тұрғысында айтылған ең төменгі жалақы шегін 1,5 есеге өсіру, бизнестің жол картасын одан әрі жетілдіру, тұрғын үй құрылысын жақсарту, оның қол жетімділігін, еліміздегі монополистер қызметіне қатаң бақылау жасау, бизнесті қолдау осы арқылы елімізді отандық тауарлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттыру, осыдан келіп шығатын тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат, тиімді сыртқы саясат және әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы секілді негізгі басымдықтарға жеке-жеке және тереңдей тоқталды. Сонымен қатар, қорық-музей аумағында жолдауға қолдау ретінде спорттық құрылғылар орнату, келушілердің төлем карточкасымен есеп айырысуына жағдай жасау және т.б. мәселелер талқыланып, арнайы тапсырмалар берілді.

Жиын барысында талқылауға музей-қызметкерлері де талқылауға белсене атсалысып Жолдау туралы өз ойларын білдірді. Кезекпен сөз алған қызметкерлер онда айтылған бағыттардағы құнды тапсырмалар туралы өз көзқарастарын білдіріп, ой-пікірлерін ортаға салды. Соның ішінде мәдениет және туризм саласына, ұстаздар мәселесіне, әлеуметтік жағдайларға байланысты тапсырмалар қорық-музей қызметкерлері тарапынан қызу қолдау тапты.

 

 

Ғалым-хатшы                                        Д. Зікірия

 

 

 

 

 

 

«Есік» қорық-музейі мен Шәнси археологиялық институты арасындағы әріптестік

Қазіргі таңда кез келген мекеме халықаралық байланыста қызмет етуді мақсат етсе, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі екі-үш жылдың ішінде Қытай, Корея Республикасы, Ресей Федерациясы және т.б. елдермен тығыз байланыс орнатып үлгерді.

ҚХР-ы Шәнси археологиялық институтының арнайы шақыртуымен қорық-музей қызметкерлері 2018 жылдың 18-22 қазан аралығында ҚХР Шиән қаласы Шәнси археологиялық институтының 60 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференцияға қатысып келді. Конференцияға АҚШ, Корея, Жапония сынды мемлекеттерден археологтар қатысып, зерттеген ғылыми жұмыстарын көрсетіп, ой-пікірлерімен бөлісіп, алдағы жұмыс жоспарларымен таныстырды. Төрт күнге жалғасқан ғылыми іссапар археология, музей саласы бойынша тәжірибе алмасу, үйрену, танысу, алда жүргізілетін ғылыми зерттеулерге негізделді.

60 жылдық тарихи бар Шәнси археологиялық институтының қазба барысында табылған заттарын сақтайтын орындарды аралап, қайта қалпына келтіру яғни консервациялық жұмыс барысын тамашаладық. Сондай-ақ сапар барысында Шиән қаласындағы мәдени орындарды аралап, қазба жұмысы жүргізіліп жатқан базасына бардық. Заманауи технологиялары бірнеше есе алға дамып кеткен  мемлекеттен үйренетініміз көп екендігін көрдік.

 

Шәнси археологиялық институты мен «Есік» қорық-музейі екі жыл қатарынан Рахат қалажұртына қазба жұмысын жүргізген, осы жұмыс ары қарайда жалғасын табатындығы айтылды. Қорық-музей қызметкерлері осындай ғылыми іссапар барысында түйген ойлары мен пікірлерін әріптестерімен әрқашан бөлісіп отырады. Осындай ғылыми іссапарлар алдағы уақытта да басқа мемлекеттермен жалғасын табады деп ойлаймыз. Қорық-музейдің алға дамуы мен қарқынды өсуіне халықаралық байланыстың әсері мол екендігі белгілі.

 

Экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі                    Жумай  Гүлмира

Тау тасындағы тарихқа тәу ету

2018 жылдың 21-23 қыркүйегі аралыңында әйгілі археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетұлын еске алу мақсатындағы кезекті экспедиция «BEKEN ATA EXPEDITIONS: SACRED QYZEMSHEK» деген атпен өтті. Экспедицияны ұйымдастырған «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен «Бекен ата» қорғамдық қоры және Қазақ спорт және туризм академиясы еді.

Алдыңғы жылдарға қарағанда биылғы жылғы экспедицияда археологиялық қазба жұмыстары емес, Есік өзенінің жоғарғы ағысындағы теңіз деййгейінен 3000 метр биіктікте орналасқан Қыземшек асуындағы петроглифтерді барлау жұмыстары болды. Қарлы шыңдардың дәл етегінде орналасқан бұл жерде Жетісудың ежелгі тұрғындарының жартас суреттері галереясы болған сияқты.

Аталмыш акцияға еліміздің ежелгі тарихына қызығатын студенттер мен еріктілер қатысты. Екі күн қатарынан жаңбыр жауып күн райының күрт суытуына қарамастан экспедиция қатысушылары жартас суреттерін ашып қана қоймай, ежелгі аңшылардың айлар бойы аң қағып, аулайтын қақпақылдары мен торуыл орындарын да анықтады.

Осынау табиғат рухы мен оның жанды өкілдерін құрметтеудің киелі белгісі ретінде бұл суреттерді сол аңшылар да қалдыруы мүмкін.  Экспедиция барысында студенттер мен еріктілер петроглифтерді белгілеудің базалық әдістерімен танысып, олардың сипаттамасын жасауға тырысты.  Ұйымдастырушылар мен акцияға қатысушылар арасында Іле Алатауының ежделгі тұрғындарының аңшылық шаруашылығы туралы қызу тартыстары болашақта осы ескерткіш орнына кең көлемді, кешенді археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу керек екендігін көрсетіп берді. Қазіргі таңда Ақбұлақ шипажайы аспалы жолының қосылуының арқасында аталмыш тарихи орынға оңай жету мүмкін болып отыр. Осыны ескере келе экспедиция қатысушылары тарихи-мәдени мұра объектісінде арнайы қорғау тақташасын орнатты.

 

Директор орынбасары м.а.                                           Е.А. Джасыбаев

Париж төріндегі қазақ рухы

2018 жылдың 25-28  қыркүйек аралығында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Г.Р. Мухтарова мен ғылыми қызметкер Ж. Құрбанәлі Париж қаласында өткен «IFTM Top Resa 2018» атты халықаралық туристік көрмесіне қатысып қайтты. Бұл жобаға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті ұйытқы болды. Париждегі экспо орталығында 40-ші рет өткен бұл көрмеге отандық туризм саласы және ұлттық мәдениетімізбен таныстыратын Қазақстанның павильоны да өз әсемдігімен ерекше көзге түсті. Павильонның ашылу салтанатына Қазақстанның Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жан Галиев пен «IFTM Top Resa» халықаралық көрмесінің туризм директоры Фредерик Лорэн қатысты.   Қазақстан павильонның ашылуы алғашқы минуттан бастап 230 бағыттың (елдер, аймақтар мен қалалар) туризм саласындағы мамандарының назарын аударды.

Халықаралық көрменің сапалы өтуіне Қазақстанның Франциядағы елшілігі де белсенді қолдау көрсетті. Бұл шарада Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ерекшілігін, еліміздің мәдени туризмін дамытуда стратегиялық маңызды обьектілердің бірі екенін паш ететін арнайы көрме ұйымдастырылып, еліміздің мақтанышы әрі мемлекеттік символдарының біріне айналған «Алтын адам» тарихымен, сондай-ақ сақ-үйсін тарихы, мәдениеті туралы жан-жақты мағлұмат берілді.

Сондай-ақ қорық-музей директоры Г.Р. Мухтарова Париждегі «24 хабар» арнасының меншікті тілшісіне сұқбат бере отырып, Қазақ елінің киелі өлкелері, рухани жаңғыру жолындағы кешенді іс-шаралары және «Есік» қорық-музейінің қазақ руханиятындағы алатын орны туралы ерекше атап өтті. «Есік» қорық-музейінің көрмесін тамашалаушы қонақтарды қазақ дәстүрімен құралақан қалдырмай, «тойдан тобықтай» деген кәде бойынша арнайы сыйлар мен мәліметтік парақшалар берді. Көрме қонақтары Қазақ елінің бай тарихы, мәдениеті мен бірегей табиғатымен танысып,  ұлттық тағамдарынан дәм татты. Еуропаның төрінде, мәдениеттің ордасында Алаштың сайын даласының үніндей күмбірлеген домбыра даусы көрме қонақтарына қазақ халқының елі мен жерінің кеңдігін паш етсе, мың бұралған әсем бишілер орындаған халық биі еуропалықтарға көшпенділердің сырға толы сиқырлы өнерінен хабар берді. Сонымен қатар, қазақ алыптарымен бірге «арқан тарту», «асық ойнау» және т.б. қызықты ұлттық ойындары көрме қонақтарының қызығушылығын оятты.

 

 

Ғылыми қызметкер                                Ж. Құрбанәлі

Халықаралық байланыстың жаңа деңгейі

Қазан айының 19-24 аралығында ҚХР-ы Шәнши аймақтық археологиялық институтының бір топ археологтары арнайы сапармен «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келіп қайтты. Шәнши аймақтық мәдени басқармасы директорының орынбасары Ху Гүйлин бастаған топ құрамында археология саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар  археологтар мен биологтары бар делегация «Есік» қорық-музейі мен Шәнши аймақтық археология институтының 2017-2018 жж. атқарған жұмыстарының нәтижесін, сонымен қатар алдағы уақыттағы жұмыс жоспарын талқылауға келген болатын.

Алқалы жиын барысында қонақтар ең әуелі «Есік» қорық-музейінің экспозицияы залдарын тамашалап, сосын шағын алқалы жиын жасалды. Жиыннан кейін қонақтар ежелгі сақ қалашығы деп болжанған Рахат қала жұрты мен сол жерде атқарылған барлау жұмыстары нәтижесімен танысты. Жұмыс барысымен таныса келе шетелдік мамандар мұндағы жұмыстар талапқа сай, жоғары деңгейде жүргізілгенін айтты. Дегенмен де топ басшысы Ху Гүйлин мұнда толыққанды зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін археологтардан басқа зоологтар мен ботаниктер, т.б. мамандар керек екеніне баса назар аударды. «Сонда ғана біздің жұмыстарымыз алға басып, нақты нәтижеге жетеміз», — деді ол. Болашақта қазба жұмыстары қарқын алып, кең көлемде жұмыс жүретін болса қытай тарапы археологиялық жұмыстарға қажетті технологиямен қамтамасыз етуді өз мойындарына алатынына уәде берді.

© 2018. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі
www.issykrm.kz