Monthly Archives: Сентябрь 2018

Cансыз ойға жетелейтін лабиринт

Cансыз ойға жетелейтін лабиринт

 

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі  Жетісудың көркем де келісті бір бөлігі Еңбекшіқазақ ауданы бойында орналасқан. Бұл аудан сұлулығы көз суыратын әсем табиғатқа ғана емес, сонымен қатар көненің көзіндей болып бізге жеткен тарихи-мәдени мұраларға да бай аймақ. Дегенмен, ауданға келуші туристер көбіне Алатаудың шарайнасындай болып тербеліп жататын мөп-мөлдір Есік көлі мен Жасылкөлді, қаймағы бұзылмаған табиғаты жаныңды баурайтын Түрген шатқалы мен Асы жайлауын, жартастарды жарып ағатын асау сарқырамаларын тамашалағанды ұнатады. Ал, «Есік» қорық-музейі дәл осы табиғат тамашаларына бастап апаратын күре жолдың бойында орналасқан. Қорық-музей алғаш ашылғанда қызметкерлер осы жолай өтіп бара жатқан туристерді музейге қалай үйретеміз деген  міндет қойды. Тәуба, ол міндет бүгінде белгілі бір деңгейде іске асып, қорық-музей Отандық қана емес, шетелдік туристер де қызыға тамашалайтын орынға айналып келеді. Дегенмен, «Есік» қорық-музейі осы жеткен жетістігімен тоқтап қалмақ емес. Ол үшін жыл сайын туристерді тартатын, қызықтыра алатын түрлі интерактивті объектілерді ойластырып, жүзеге асыруда. Сондай объектілердің бірі – осы қыркүйек айында жасалған лабиринт деп айта аламыз.

Ендігі жерде қорық-музейге келуші қонақтар тек қорғандарды ғана емес, сонымен қатар қорғандар ландшафтына үйлесімді жасалған лабиринтті де  тамашалай алады. Лабиринт қатардағы лабиринттердің бірі десек онда оның бағасын дәл бермеген болар едік. Мұнда терең сыр жасырылған. Ол сыр сізді сонау сақтар заманына, сақтар мифологиясы мен дүниетанымына, солардың кезіндегі салт-дәстүрлерге жетелейді. Лабиринтке кіре берістегі қос босағаға және төргі шеңберге жағалай орнатылған тастар сізді құдды балбалдардың не болмаса меңгірлердің арасында жүргендей сезімде қалдырады. Лабринт пішінің өзі ежелгі сақтардың түсінігіндегі Күн құдайының бейнесін беріп тұрғандай. Бір қарағанда сақ қорғандарының жасалу жүйесінен хабар беріп, таныстыратын да сыры бар.

Лабиринтті жасауға «Есік» қорық-музейінің бас суретшісі Дәулетбек Бектеміровтің басшылығымен қорық-музей қызметкерлері, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің студенттері мен еріктілер қатысты.

«Есік» қорық-музейіне жолыңыз түссе оқушылар ғана емес, ересектердің де ерекше қызығушылығын тудыратын, сан сұрақтарға үнсіз жауап беріп тұратын осынау өзгеше лабиринтті тамашаламай кетпеңіздер!

 

«Есік» қорық-музейі

баспасөз хатшысының м.а.                                                                         Д.Қ. Зікірия

Жетісудың жартастағы суреттері

Лариса Плетникова. Жетісудың жартастағы суреттері. – Тенгри, 2018, №4(75), с.136-139

 

 

 

Қазақстанда «петроглифтер» сөзін естісең, одан кейінгі келесі сөз міндетті түрде «Таңбалы» болатындай болып көрінеді. Бірақ петроглифтерді тек онда ғана емес, Жетісу аумағында да көптеп кездестіруге болады. 

Әрине, жартастағы суреттер ежелгі өнерінің Қазақстандағы ең белгілі және неғұрлым толық зерттелген ескерткіші Таңбалы археологиялық кешені болып табылады. Онда, 900 гектарға жуық алаңда б.д.д. XIV ғ. орта шенінен бастап XX ғ. басына дейінгі аралықтағы ескерткіштердің 100-ден астам түрі – петроглифтер, қоныстар, қорымдар, діни құрылыстар сақталған.

Ең белгілі ескерткіштер – ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген петроглифтер қорықтың өзіндік брендіне айналды, олардың саны 5000-ға жуық. Шатқалдың атауы түркі тіліндегі «таңба» сөзінен шыққан.

Бірақ мұндай «таңбалар» мұнда ғана кездеспейді. Оларды ежелгі адамдар Қазақстанның таулы жерлерінің бүкіл аумағында дерлік көптеп қалдырған. Олар әсіресе Жетісу өңірінде көп. Мұнда жартастағы суреттер шоғырланған 50-ге жуық ескерткіш табылған. Солардың ішіндегі ең белгілілері – Көксу өзенінің алабындағы, Шолақ, Кіндіктас, Аңырақай және Баян Жүрек тауларындағы петроглифтер. Олардың ауқымы да әр түрлі: бірнеше мыңдаған жартастағы суреттерді қамтитын ірі ғибадатханалармен қатар, бірнеше жүздеген, тіпті ондаған суреттерден аспайтын шағын ескерткіштер де бар. Солардың едәуір бөлігі айтарлықтай жақсы зерттелген, сипатталған және ғылыми айналымға енгізілген, бірақ әлі өз зерттеушілерін күтіп тұрғандары да көп.

ТİKA өкілдері тарихқа тағзым етті

 

 

2018 жылдың 6 қыркүйек күні «Қазқайтажаңарту» РМК-ы директоры – Ж.М. Әубәкір бастаған Түркиялық қонақтар «Есік» қорық-музейіне арнайы сапармен келді. Қонақтар қатарында Түрік даму және ынтымақтастық жөніндегі агенттігінің (TİKA) Қазақстандағы өкілі Еврен Рутбил мен Анталия қаласындағы Ақтеңіз университетінің Көркем өнер факультеті орта ғасыр археологиясының деканы, профессор Осман Еравшар сынды құрметті меймандар да болды. Қонақтар «Есік» қорық-музейінің экспозиция залдарымен және қорық-музейдің қорғау аумағындағы қорғандармен танысты.

Қонақтар әсіресе Алтын адам мен сақтардың тарихи-мәдени мұрасына, сонымен қатар «Есік» қорық-музейінің Халықаралық байланыстарына ерекше қызығушылық танытып, жан-жақты мәлімет алды. Кездесу барысында О. Еравшар мен  Е. Рутбил мырзалар мен «Есік» қорық-музейінің директоры Г.Р. Мухтарова екі ел арасындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары жөніндегі мәселені талқылап, болашақта біріккен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері туралы кеңесті. Г.Р. Мухтарова қонақтарға «Есік» қорық-музейінде жарық көрген «Тайны Золотого челеовека» атты жинақты сыйға тартты. Екі жақ та жақын арада бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екендіктерін білдірді.

Анықтама: Түркия Республикасы Үкіметіне қарасты Түрік әріптестік және үйлестіру агенттігі 1992 жылы Орталық Азия, Кавказ және басқа да мемлекеттермен экономикалық, мәдени, білім беру және технология саласында тығыз әріптестік орнату мақсатында құрылған. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап TİKA республика аумағында көптеген әлеуметтік және қоғамдық маңызды жобаларды іске асырып келеді.

TİKA, 5 құрлықтағы 170-ке жуық елдерде өз кеңселерін ашып қана қоймай даму орталықтарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп келеді. Ал, Қазақстанда TİKA агенттігі ең алғашқы кеңсесін 1995 жылы Алматы қаласында ашса, 2009 жылы Астана қаласына ауысты.

 

                       

 

 

 

 

 

 

 

 

«Есік» қорық-музейінің баспасөз хатшысы м.а.                                                                                                                                                                  Д.Қ. Зікірия

Тарихи Талғарды түлетуге талпыныс

Алматы облысы Талғар ауданы әкімінің 2018 жылдың 26 маусымындағы №06-330 Қаулысы бойынша «Ортағасырлық Талғар қалашығының жер телімі «Республикалық «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне тұрақты пайдалануға» берілгені туралы сүйінші хабар біраз бұрын осында жарияланған болатынбыз.

Алайда, ЮНЕСКО-ң бүкіләлемдік мұралар тізіміне кірген тарихи қалашықта әлі де болса шешімін таппай қордаланып жатқан мәселелер көп. Халқымызда «кеңесіп пішкен тон келте болмас», — деген аталы сөз бар. Қандай да қиын мәселе болмасын төртеу түгел отырып, ортақ мәмілеге келіп кемшіліксіз шешкенге не жетсін. Дегенмен Талғар мәселесінде әзірге «Күлтөбенің басында күнде кеңес» болып тұр.

2018 жылдың 5-қыркүйегінде Алматы облысы Талғар ауданның әкімшілігінде «Есік» қорық-музейі, «Қазқайтажаңарту» РМК-ы мен «Қазқайтажаңарту» РМК-ң ғылыми-зерттеу және жобалау бөлімшесі, «Талғар су құбыры», «Жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімі» мекемелері және Талғар ауданы әкімшілігінің өкілдері қатысқан жиналыс болып өтті.

Жиналыста бірден Талғар қалашығын қоршау, Талғар қалашығы бас қақпасыРайыловна 2ның астынан өтіп жатқан су құбырын ауыстыру мәселелері көтерілді. Жиналысқа қатысқан аудан әкімі – Р. А. Сатбаев жақында ғана осы қызметке тағайындалғандықтан әлі де болса аталмыш мәселелерден толыққанды хабардар емес екен. «Есік» қорық-музейінің директоры Г.Р. Мухтарова мәселені төтесінен қойып, қазіргі таңда Талғар қалашығы сынды тарихи-мәдени мұра объектісіне қауіп төндіріп тұрған су құбырын шұғыл түрде ауыстыру және басқа да көптеген толғақты мәселелер туралы қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады. Себебі, бұл мәселелер екі ай бұрын Алматы облысы әкімі орынбасарының қабылдауында көтеріліп, тезірек шешу туралы тапсырма берілген болатын. Алайда, Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ш.М. Маманов аталмыш жұмыстар үшін кем дегенде 500 млн.теңге көлемінде қаржы керек екенін алға тартып әзірге ол мәселе күн тәртібіне қойылмағанын жеткізді.  Райыловна 3 Талхиз Талхиз 2 Талхиз 1

Бүгінгі таңда «Қазқайтажаңарту» РМК-ы Талғар қалашығын қоршау жұмыстарын қолға алып 153 метр шарбақтар тұрғызды. Алдағы уақытта тағы да 150 метрдей жер қоршалады деген жоспар бар. Бұл жұмыстар қалашық аумағында бейсауыт адамдар мен жануарлардың жүрмеуі, ескерткіш аумағын таза сақтап, қорғау үшін атқарылып жатыр. Алайда осы мәселеге келгенде әкімшілік өкілдерімен тағы да түсінбеушілік туындады. Олар мұндай жағдайда Талғар қалашығының оңтүстік жағында, қырат үстінде орналасқан саяжай массивіне баратын жол жабылып қалады деген желеуді алға тартты.  Алайда «Есік» қорық-музейі мен «Қазқайтажаңарту» РМК өкілдері ол мәселені шешу үшін бар болғаны 200 метр қиыршық тас төселген жол жасап шығу керек екенін айтып, қалашықты қоршау ісі 2018 жылы толық аяқталуға тиіс екенін жеткізді. Аудан әкімі осы салаға жауапты қызметкерлеріне аталмыш мәселені тезірек шешу қажеттігін ескертіп тиісті тапсырма берді. Жиналыстың шағын құрамдағы жалғасы Талғар қалашығында өтті.  Жиналысқа қатысушылар Талғар қалашығының бас қақпасына «Қазқайтажаңарту» мекемесі жүргізіп жатқан жөндеу жұмыстары барысымен танысып қана қоймай, аудан әкімшілігі өкілдерімен бірге ескерткіштің қорғау аумағын аралап шығып, жаңа жол мәселесін де ақылдасты. Жиналыс соңында тараптар төмендегідей бірнеше мәселелер жөнінде шешім қабылдады:

  1. Бүкіләлемдік мұралар тізіміне кірген ескерткішті жанай өтіп жатқан қара жолды басқа аумақпен жүргізу үшін жол өтетін аумақты белгілеп, сметалық есептеу, далалық жол төсеу сынды жұмыстар жоғарыда айтылған «Жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімі» ММ-е (жауапты Досжанов А.Н) жүктеледі;
  2. Талғар қалашығы аумағынан өтетін су құбыры мәселесі жөнінде 2018 жылдың 25-қазанына дейін облыстық мәслихатта Талғар қалашығы аумағын айналып өтетін жоба бойынша жобалық-сметалық құжат дайындауға қажетті қаржы бөлу туралы шешім қабылданады. Шешім қабылданбаған жағдайда Талғар ауданының апатты жағдайлар қызметі апат салдарын жою үшін дер кезінде керекті жұмыстарды атқарады.
  3. Алматы облысы мәслихатының 2013 жылдың 28 маусымында қабылдаған №18-18 шешіміне орай 2017 жылы жасалған «Бірлік-Ақбұлақ» автожолының бас жоспары биыл Талғар қалашығының қорғау аймағын айналып өтетін ететіндей етіп бекітіледі.
  4. Талғар қалашығының қорғау аумағында қорғау келісім-шартын жасау үшін қалашыққа жақын маңдағы солтүстік телімдердің карта-сызбасымен қамтамасыз ету міндеті Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ш.М.Мамановқа жүктеледі.

Талғар қалашығын сақтау, қорғау, және туристік мақсатта пайдалану жолындағы сең қозғалды. Дей тұрғанмен де алдағы уақытта атқарылар жұмыстар ауқымы өте үлкен болғандықтан бұл мәселелерді облыстық, тіпті Үкіметтік деңгейде де шешуге тура келетін сияқты.

 

«Есік» қорық-музейінің

баспасөз хатшысы м.а.                                                             Д.Қ. Зікірия

© 2018. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы
www.issykrm.kz