Monthly Archives: Июль 2018

Арыстанбек Мұхамедиұлының 1-ші шілде Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған іс-шара жайлы сұхбаты

https://kaztrk.kz/news/portal/04072018-basty-taqyryp-astanaga-20-zhyl-tolyq-nusqa-114842

«Есік» қорық-музейіндегі жаңалық!

Құрметті ағайын! Тарихи-мәдени мұрамыздың жанашырлары, ниеттес, тілеулес достар!     Алматы облысы Талғар ауданы әкімінің 2018 жылдың 26 маусымындағы №06-330 Қаулысы бойынша «Ортағасырлық Талғар қалашығының жер телімі Республикалық Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне тұрақты пайдалануға» беріліп отыр.

Еліміз үшін маңызы зор, ЮНЕСКО-ң Бүкіләлемдік тарихи-мәдени мұралар тізіміне енген орта ғасырлық Талғар қалашығы орта ғасырларда әйгілі Жібек жолының бойында орналасқан қалалардың бірі болды. Ол туралы X ғасырда парсы тілінде жазылған «Худудал ал-Алам» («Әлемдер шекарасы») дереккөзінде қарлұқтар иелігіндегі «шіңгілдер мен қарлұқтар шекарасында орналасқан Тунк (Тон) пен Талхиз қалалары» туралы айтылады. Сонымен қатар, орта ғасырлық саяхатшылар әл-Идриси мен қытай саяхатшысы Чжан-Дэ  жазбаларында да қазіргі Талғар қалашығы орналасқан аумақтағы әлдебір ірі қала туралы деректер кездеседі.

Аталмыш тарихи ескерткіш көптеген зерттеушілердің қызығушылығын тудырып келеді. Талғар қалашығы ХІХ ғасырдың орта шенінен-ақ археологиялық есерткіш ретінде белгілі болды. Оған алғаш рет 1921 және 1924 жылдары В. Городецский қазба жұмыстарын жүргізсе, 1939 жылы А.Н. Бернштам басқарған Жетісу археологиялық экспедициясы қалашыққа екі бірдей шурф салды. Одан кейін 1950 жылы И.И. Копыловтың жетекшілігімен қалашыққа қазба жұмыстары басталғанмен, негізгі кең көлемдегі зерттеу жұмыстары К.Ақышев басқарған Жетісу археологиялық экспедицияның құрамындағы К.М. Байпақов жетекшілік ететін отырықшы және қалалық мәдениетті зерттеуші арнайы топ құрылған кезден басталды. 1968 және 1970 жж. қалашыққа тағы да зерттеу жұмыстары жүргізілді. 1978-1983 жж. қамал қабырғалары қоршап жатқан орталық бөлігі мен оңтүстік бөлігінде қазба жұмыстары жүргізіліп, 3890 м² болатын қазба алаңында 12 үй мен 65 метрге созылған негізгі көше орны аршылып, қаланың орталық алаңында батыс және солтүстік қабырғалар кесіндісі ашылды. 1986, 1990-1993 жж. жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде ұстахананың, қалашықтың орталық үйіндісінің орны қазылып, қала құрылысы мен қала қолөнершілері, сауда, ауыл шаруашылығы туралы материалдар мен мәліметтер жинақталды.

1994 жылы біріккен қазақ-американ кешенді археологиялық тобының зерттеуі барысында фитологиялық, палеоботаникалық,  палеозоологиялық материалдарға сараптама жасалды. 1998 және 2000 жылдары қалашық орнына тағы да зерттеулер жүргізілді.

Ал, орта ғасырлық Ұлы Жібек жолының Іле алқабындағы маңызды қалаларының бірі болған Талғар қалашығы 2014 жылы ЮНЕСКО-ң  бүкіләлемдік мұрала тізіміне енгізілсе, енді тарихи ескерткіш «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің басқаруына беріліп отыр.

Осылайша «Есік» қорық-музейі құрамында ЮНЕСКО-ң бүкіл әлемдік мұралар тізіміне енген ескерткіштері бар Қазақстандағы 4-ші («Әзірет Сұлтан» қорық-музейі, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейі және «Таңбалы» қорық-музейінен кейінгі) қорық-музей болып отыр.

2018 жылдың 2-шілдесінде Талғар аудандық әкімшілігінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, «Қазқайтажаңарту» РМК-і, Алматы облыстық Мәдениет және құжаттама басқармасы, Талғар аудандық әкімшілігі өкілдері қатысқан жиналыста ескерткіш «Есік» қорық-музейіне ресми өткізілді.

Ендігі кезекте «Есік» қорық-музейінің алдында аталмыш тарихи-мәдени мұра объектісін сақтау, қорғау мақсатында оның қорғау аумағын қоршап шығу мақсаты тұр.

 

© 2018. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі
www.issykrm.kz