Daily Archives: 14 Март 2018

Айналар тарихынан бір үзік сыр.

Айна беті тегіс, жарық сәулесін шағылдыратын және нәрсенің (оптикалық) кескінін беретін, шыны немесе металл дене. Жалпы айна-кез келген үйде қолданылатын мүлік. [1, 3б.] Бір қарағанда айнаны тек сәндік бұйым, әйел адамның бет әлпетін сәндейтін зат деп ойлағанымызбен, оның арғы жағында көптеген ашылмаған сырлардың бары анық. Оның қай уақыттан бері қолданыста болғанын, қалай пайда болғаны жайында біле бермейміз. Адамдар айнаны сәндік бұйымнан бөлек, оның бір тылсым күшпен байланысы бар екенін білген. Үйде айнаның шеті немесе өзі екіге бөлініп қалса, әжелеріміз «тастай сал, қарама» деп жатушы еді. Сонда менде «неге?»,-деген сұрақ туындайтын. Жалпы, қазақ халқының ырымында сынған айнаға қарауға, сыйға тартуға немесе бұрын қолданыста болған айнаны сатып алуға болмайды және адам қайтыс болған үйде айнаны ашық қалдыруға болмайды деген ырым бар. Бұл ырым тектен текке айтылмаса керек. Өйткені одан басқа әлеммен байланыс жасалады, «айнаға көп қарасаң, сұлулығыңды тартып алады», «сынған айнаға қарама, бақытсыз боласың»,  деген көптеген пікірлер туған. Осындай айна жайлы ырым, наным — сенімдер сонау көне заманнан беріге жетсе керек.

Сурет 1. Қола айна. Молалы қорымы. Б.з.д. V–IV ғғ.

Сурет 1. Қола айна. Молалы қорымы.
Б.з.д. V–IV ғғ.

Айналардың тарихы ежелгі Мысыр, Грекия елдерінде басталса, біздің еліміздің территориясында қола дәуірі кезеңінен бастау алып тұр. Мысыр елдерінде айнаны шыны тәріздес етіп жасаса, қола дәуірінде таза қоладан құйылмалы түрінде жасап отырған. Қола дәуіріндегі ғұрыптық заттардың ішіндегі ең көп тарағаны – айна болып табылады. Кезінде қола айналар жасай білу – өнердің ерекше бір түрі болып есептелген. Қола айналар кең көлемде таралғанымен, оларды дайындау тәсілі аса жеңіл емес еді. Жерорта теңізі жағалауы елдерінен Үндістан, Қытай, Жапонияға дейінгі үлкен аумақта, оларды ерітіп құятын металл қорытпасының құрамында айырмашылықтар болғанымен, бірақ бәріне тән өзіндік ерекшелік металға аса жоғары беріктік беретін қалайының көп мөлшерде болуы [2, 1-б]. Қола айналар тым күңгірт болғандықтан оның беті тез қарайып немесе даттанып кететін. Алайда айнаны пайдаланған адам өз келбетін көру үшін оның бетін үнемі жылтыратып сүртіп отырған. Айналар әйелдердің,  ер адамдардың жерлеу орындарынан қазба жұмыстарының нәтижесінде табылып жатыр. Жалпы айналар қай дәуірге тиесілі екенін археологтар оның бетіндегі салынған өрнектеріне немесе суреттеріне қарап ажыратады, оған сипаттама береді. Осындай қазба жұмыстарының нәтижесінде сақ мәдениетінде де айнаны пайдаланылғаны белгілі болды.(1 сурет)

© 2018. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы
www.issykrm.kz