АНЫҚТАМА

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы РМҚК туралы қысқаша

РМҚК «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы 1970 жылы сақ ханзадасы жерленген қорған табылған аумақта, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылдың 30 қаңтарындағы №43 Қаулысына сәйкес, ел президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен іске асқан «Мәдени мұра» Стратегиялық ұлттық жобасы аясында құрылды.

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы — еліміздің мәдени туризмін дамытуда стратегиялық маңызды обьектілердің бірі. 2013 жылдың 09 тамызында Алматы облыстық мәслихатының №21-133 шешімі бойынша «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының 422,7 га қорғау аймағы белгіленді. Бүгінгі таңда аталмыш қорғау аймағына «Есік І»  қорымдарына жататын 80-н астам қорғандар, «Рахат» және «Өрікті»   сынды ежелгі сақ қала-жұрттары кіреді.

Мұражайдың негізгі қызметі – тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және сақтау мақсатында ғылыми-зерттеу, мәдени-біліми және туристік қызметтерді ұйымдастыру, Қазақстанның тарихи және рухани ескерткіштерін зерттеп, сақтау, оны жалпы халыққа насихаттау.

Қазіргі уақытта  қорық-мұражайдың қорғау аумағын қоршау, мұражай жанында орналасқан бірнеше обаларды музейлендіру, кезінде сақтардың резиденциясы болған Рахат және Өрікті қала жұрттарында қазба жұмыстарын жүргізу, оны консервациялау мен музейлендіру арқылы жаңа туристік жолдар салу, «сақ ауылы» жобасын жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылуда.

2011 жылдан бастап қорық-мұражай Стратегиялық ұлттық «Мәдени мұра» жобасы аясында «Жетісу сақтарының мәдениеті және Есік обасы», «Жетісу сақтарының мифологиясы мен идеологиясы» тақырыбында ғылыми-қолданбалы зерттеу жұмыстарын, «Музей «ЕСІКті» ашады»,  «Алтын адамның» ашылу және зерттелу тарихы (аңызы мен ақиқаты)», «Өткенге салауат, жастарға – аманат» әлеуметтік-мәдени жобаларын да іске асырып келеді.  Сонымен қатар жыл сайын тақырыптық дәрістер, семинарлар, экспедициялар мен басқа да музейлік шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.

«Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында «Сақтардың тарихы мен мәдениеті», «Алтын адам», «Қазақстан археологиясы» және «Алтын адамның құпиясы» атты 4 экспозициялық зал мен «Алтын адамды» алғаш ашушылардың бірі — археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың мемориалдық бөлмесі бар. Сонымен қатар ашық аспан астындағы жәдігерлер болып табылатын 80-н астам сақ қорғандары мен «Рахат» және «Өрікті» ежелгі сақ қала-жұрттарына да экскурсия жүргізіледі.

«Есік» қорық-мұражайы 2012 жылы ғылыми субъекті ретінде аккредиттеліп, 2011 жылдан бастап лицензия археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Қорық-мұражай отандық және шетелдік көптеген ғылыми-мәдени ұйымдармен байланыс орнатқан.

Қорық-мұражайда түрлі мамандықтағы 24 адам қызмет атқарады. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры – тарих ғылымдарының кандидаты Мұхтарова Гүлмира Райылқызы.

Мекен-жайы:

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Рахат а/о, Өрiктi ауылы, Есік–Александровка жолы, 6,6 км. Құрылыс 2.

Телефон:+7(727) 306-91-30, Телефакс:+7(727) 391-34-56,

E-mail issyk@inbox.ru

Веб-сайт: www.issykrm.kz

https://www.facebook.com/issykzapovednikmuzey/

© 2017. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы
www.issykrm.kz